Әлеуметтік желіде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновқа қыз зорлады деген айып тағылды. Бұл жайтқа қатысты облыс әкімдігі түсінік берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Facebook желісінде шенеунікке қатысты жазба жарияланды. Бұл ретте Павлодар облысының әкімдігі қызға қарсы арыз түскенін мәлімдеді.
"Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов денсаулығына байланысты 2024 жылғы 8 қаңтардан бастап еңбек демалысында болды. Біздегі мәлімет бойынша, Павлодар облысының Полиция департаменті жеке тұлға Серік Батырғожиновтың арызы негізінде бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жәбірленуші тарап – Серік Батырғожинов. Тергеу амалдары жүргізілді, айыпталушы тараптың қорғауында көрсеткен фактілері тексеріліп, расталған жоқ. Бүгінде іс сотқа жіберілді", - деп түсіндірді аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Ведомство толық ақпарат алу үшін процеске қатысушылармен тікелей байланысуды ұсынды.
Павлодар облысының Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты әзірге түсінік берген жоқ.