Азия бокс конфедерациясының (ASBC) баспасөз қызметі қазақстандық боксшы Махмұд Сабырханның Бусто-Арсициодағы (Италия) лицензиялық олимпиадалық турнирдегі өнерін жоғары бағалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
«Қазақстандық, қазіргі әлем чемпионы Махмұд Сабырхан жолдама үшін жекпе-жекте тәжік боксшысы Асрор Вохидовты бағаламай, бірінші раундта-ақ өзінің ең жақсы қасиеттерін көрсетті. 22 жастағы қазақстандық екі раундтың қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен үлкен басымдыққа ие болды және 2011 жылы өзінің алғашқы ірі титулына қол жеткізген тәжірибелі тәжіктің осал тұсын таба алды», – деп жазады ASBC.
Айта кетейік, Италиядағы турнирде Махмұдтан бөлек, тағы төрт қазақстандық: Сәкен Бибосынов (51 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды.