Ораза ұстау адамның ағзасына оң әсер ететінін BBC News басылымы да мақұлдады. Британдық басылымның сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz ораза ұстаған адамның ағзасындағы өзгерістерді түсіндіреді.
Көптеген діндерде жылдың белгілі бір уақытында ораза ұстау міндеттеледі. Мұндай күндері адамдар тамақтың белгілі бір түрінен бас тартады. Осы аптада мұсылмандар қасиетті Рамазан айы туып, 30 күндік қасиетті оразаны бастады.
Мұсылмандар таң атқаннан кеш батқанға дейін ораза ұстайды, бұл солтүстік ендіктерде оңай емес екені белгілі. Өткен жылдары Рамазан мамыр айында келген кезде Норвегияда мұсылмандар күніне 20 сағат ораза ұстаған еді.
Дәрігерлер оразаның ең қиыны – алғашқы екі күн екенін айтады. Адам ашыққан кезде ағза ең алдымен бауырдағы қант қорын жағады.
Физикалық тұрғыдан алғанда, ораза ұстаған адамның ағзасы соңғы тамақтанғаннан кейін шамамен сегіз сағат өткен соң ғана ерекше «ораза» күйіне енеді, яғни, аштықты сезе бастайды. Дәл осы кезде қабылданған тағамды ағза қорытып, адамның бойына сіңіруді аяқтайды.
Бірнеше күнгі аштықтан кейін ағза бауыр мен бұлшық еттердегі глюкоза қоймаларын пайдалануға көшеді. Бұл қорлар таусылғанда, адам ағзасы энергия өндіру үшін денеде жиналған майды өңдеуге жүгінеді.
Ең қиыны оразаның алғашқы күндері: дене күніне ұзақ уақыт тамақсыз өмір сүруге бейімделеді. Ағза майды жағу кезінде адамдар салмақ жоғалтады, холестерин деңгейі мен қант диабетінің қаупі төмендейді. Бірақ қандағы қант деңгейінің төмендеуі аздаған әлсіздік пен ұйқышылдыққа әкеледі.
Кейде бас ауруы, бас айналу, жүрек айну болуы мүмкін. Мұндай сәтте ораза ұстаған адамның аштық сезімі де шектік мөлшерге жақындайды.
Оразаның 3-7 күндері: ағзаның сусыздануынан сақтану
Ағза оразаға бейімделіп, үйрене бастағанда майлар ыдырап, қандағы қантқа айналады. Ораза кезінде ағзаны сусызданудан сақтау керек. Ол үшін денедегі сұйықтық деңгейін мұқият қадағалап, толтырып отыру қажет. Ауыз ашқаннан сәресіне дейін сұйық тағамдар мен суды көп ішу өте маңызды. Ағзаны қуаттандыру үшін тағамның құрамында көмірсулар мен майлар жеткілікті болуын қадағалау керек.
Осы уақыт ішінде қоректік заттардан, соның ішінде ақуыздардан, тұздар мен сұйықтықтардан тұратын теңдестірілген диетаны қолданған дұрыс.
Оразаның 8-15 күндері: дағдылану
Оразаның үшінші кезеңінде сіздің денеңіздің ораза ұстауға дағдыланғанын байқайсыз. Кембридждегі Адденбрукс ауруханасының анестезия және қарқынды терапия бойынша кеңесшісі доктор Разин Маруф оразаның басқа да артықшылықтары бар екенін айтады.
Қалыпты кездерде тым көп калориялы тағамдарға әуес адамдардың ағзасы ауруға қарсы тұра алмайды және қалпына келуі қиындайды.
«Күнделікті өмірде біз тым көп калорияларды тұтынамыз және бұл дененің қалпына келтіру сияқты кейбір функцияларын орындауға кедергі келтіреді. Бұндай теңгерімсіздік ораза кезінде түзетіліп, дененің назарын оның әртүрлі функцияларына бөлуге мүмкіндік береді», – дейді дәрігер.
Оразаның 16-30 күндері: детоксикация
Оразаның екінші жартысында адам ағзасы толығымен бейімделеді. Бұл кезеңде тоқ ішек, бауыр, бүйрек және теріңіз уытсыздану (детоксикация) процесінен өтеді. Доктор Разин Маруф оразаның екінші жартысында «ағза мүшелерінің функционалдығы өнімділіктің максималды деңгейіне жетеді, жад пен адамның зейіні жақсарып, көбірек қуат пайда болатынын» айтады.
«Бұл кезеңде сіздің денеңіз белоктарды энергия көзі ретінде пайдаланбайды. Бұл адам ұзақ уақыт қатты аш болғанда орын алады, сондықтан бұлшық еттерді «жей» бастайды. Бұл көптеген күндер мен апталарда ұзақ және жиі ұстаған ораза кезінде болады.
Ал рамазандағы ораза таң атқаннан күн батқанға дейін ғана болатындықтан, ағза тамақ пен сұйықтық түріндегі өзіне қажетті энергияны ауыз ашық болғанда жинап үлгереді. Бұл бұлшықет массасын жоғалтудан сақтайды», – дейді дәрігер.
Доктор Маруф оразаның денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Тек бір шартты орындаған абзал. «Ораза жақсы, өйткені ол адамның жейтін тағамын шектеуге көмектеседі. Дегенмен бір ай ораза ұстау жақсы болғанымен, оны үнемі ұстау дұрыс емес», – деп ескертеді.
Ақылға қонымды ораза күнделікті қуат қорын толтыруға көмектеседі, ал негізсіз ораза ағзаны әлсіретеді. «Салмақ жоғалту үшін үздіксіз әрі ұзақ ораза ұстаған пайдалы емес. Өйткені сіздің денеңіз майдан қуат алуды тоқтатады және оның орнына бұлшық етке айналады. Бұл денсаулыққа зиян және ағзаның аштық режиміне ауысатынын білдіреді», – дейді дәрігер өзінің түсініктемесінде.
Дәрігер оразадан тыс, эпизодтық ораза (немесе дұрыс тамақтану кезеңдері арасында бірнеше күн ораза ұстайтын аптаның екі күнінде ораза ұстау 5:2 диетасы) бірнеше ай бойы ораза ұстағаннан пайдалы деп болжайды. Оразаңыз қабыл болсын!