Жаңа облыс орталығы – қасиетті Түркістан шаһарына қызмет бабымен қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлер жаңа баспанаға ие болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың қуанышына ортақтасып, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында баспаналы болған қыз-келіншектерге пәтер кілтін табыс етті. Бұл күні сан түрлі кәсіп өкілдері: құқық қорғау саласының өкілдері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар жаңа қоныс иелері атанды. Өңір басшысы әйелдерді алдағы 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әр отбасына баянды бақыт тіледі.
«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шара дәстүрге айналды. Мемлекет қамқорлығының арқасында, бүгінде қаншама шаңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Қызмет бабымен жаңа облыс орталығына көшіп келіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген өздеріңізге ықыласымыз ерекше. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа баспана сіздерге бақыт әкелсін деп тілеймін», – деді облыс әкімі.Өмірзақ Естайұлы тұрғындары күн сайын көбейетін Түркістан шаһарында алдағы уақытта да мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етуге көңіл бөлетінін жеткізді. Өңір басшысы өз баспанасында табалдырығын аттаған қоныс иелерінің шаңырағында болып, жайылған дастарқаннан дәм татты. Мемлекеттік бағдарламамен «Отырар» ықшамауданында 336 пәтерлі 5 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі қуаныш иелері – 15 отбасы. Көпқабатты пәтер құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарда жыл соңына дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 1 452 пәтер иелері қоныс тойын тойлайды. Тельман БЕЙСЕН