Наурызнама онкүндігі басталды

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды.

Жалпы республика бойынша 400-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр. Мерекелік онкүндік Көрісу күнінен басталады.

Бұл онкүндік төл мерекемізді той­лау­дың жаңа дәстүрлерін қалыптас­тыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауапты­лықты, қайырымдылықты ашуға ба­ғыт­талған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды.

14 наурыздан бастап «Наурыз-базар­лық» маусымы жарияланады, оның барысында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылмақ. Мере­ке күндері тұрғындар туыс-туғандарын аралап, студенттер мерекені өз жақын­дары­мен бірге қарсы алу үшін ауыл­дары­на барып, жақын-жұрағат қара­шаңырақта бас қосады. Көрісу күнінде жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жауды­ру салты қа­лып­тасқан. Амал мерекесінің мәні Нау­рызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы.

Дәстүрлі түрде Қазақстанның батыс өңірлерінде жаңа жылдың басы ретінде атап өтілетін Амал мерекесі – қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең. Бұл күн бар­лық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсе­туге шақырады. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амал мерекесі біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміз­дің көрінісі екенін ай­тып жүр. Аталған дәстүр кешірім мен өза­ра құрмет арқылы халықтың бірлігін,  азаматтардың бір-біріне жақын­ды­ғын, ортақ мақсат жо­лында бірігуін білдіреді.

Сондықтан Көрісу күнінің әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ре­тінде­ табал­дырықтан аттағалы тұрған ұлу жылын зор үмітпен және нық сенім­мен бастауға жақсы себеп болады.

С.БЕГІМБАЕВА