Қарымды қалам қуатымен жазылған шығармалар бірінен соң бірі өз иіріміне тарта берді. Бір деммен оқып шықтық. Кейіпкерлердің психологиясын шеберлікпен ашуы, оқиға шиеленісін ғажап суреттеуі, табиғат көріністерін ешкімге ұқсамайтын теңеулермен кейіптеуі жазушы қолтаңбасының өзгеден бөлек бір әлем екенін танытқан еді сонда. Барша оқырманның жүрегінен орын алған, қазақ баспасөзіне өлшеусіз еңбек сіңірген қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтты. Қазақ әдебиеті қара жамылды. Қалың қазақтың қабырғасы қайысты. Үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұстаз болған ұлт қайраткерін барша қазақ жоқтап жатыр.
Менің Жұм-ағам!..
...Теректей басы теңселген, терең бір ойлар еңсерген, Жұм-аға, тамырың – тереңде қалды, тағдырың биікте қалды. Сен сүйген қазақ – сені де сүйеді, Алаштың арлы жыршысы! Көңілімізде көзайым көзің, көгершін сөзің қалды.
Жеті өзеннің тұнығы, Сүйінбай мен Жамбыл елінің ерен туған бір ұлы, Шаштай күйшінің ғұмыры едің.
...Әрісі Мәскеу, Ашхабад, Түркия, Қырғыз, берісі Тараз, Қарағанды, Атырау сияқты сан сапарда өзіңізге үзеңгі жолдас болдық, аға!
Таңда естіген хабардан есеңгіреп отырмын. Жаз шыға Қырғызға барып, сайрандап қайтуға уағдаласып едік қой, Жұм-аға!
Ана бір жылы Түркімен еліне барып, Нұрмұхамед Әндәліптың 350 жылдығына қатысып, шадыман бір сәттерді бастан кешкен едік. Жанарбек Әшімжан ініңіз екеуміздің «Түркімен саздарымыз» сіз басқарған «Қазақ әдебиетінің» айқарма бетіне шыққан.
...Шабыт құсы қонғандай сірә, маған,
«Қош бол» айтып кете алман бұл арадан,
– Оразгүл! – деп ой кешті Жанар інім,
күбірледі: – Гүлшат! – деп Жұман-ағам.
Ақ сайранын сайлаған ата күндер,
Алтын қанат нұрыңның шапағын бер!
Тәтті-тәтті түс көрдім Түркіменде,
Мақтымқұлы ақынның мақамын бер! – деп шабыттансам, Жанарбек інім:
– ...О, Оразгүл, оғыз қызы, хош-аман,
Ақын да бір жел айдаған ошаған.
Екі ағамды ап Алматыма қайтайын –
Көңілдерін демдеп қойып босаған! – деп жыр төкті.
– Ақын болу да бақыт қой, әке! – деп Жұм-ағам мәз болған сонда.
...Бір жылы үшеуміз отбасымызбен Ертіс – Баянды аралап, Жасыбайда дем алғанбыз. Сол елдің Мағжан, Сәкендердің көзін көрген, ғасыр жасаған абызы, дос-ініміз Нұрланның әкесі Мұқатай Күлжановтың шаңырағында, жазушы, драматург Думан Рамазан бауырым бар, ел ақсақалдарымен жата-жастана әңгімелескенбіз.
– Мынау менің терім сіңген ішік еді, айналайын, Жамбыл атаңның жасына жет! – деп ырымдап шекпенін ұсынған Мұқатай ақсақал. Жұм-аға қатты толқыды.
– Аға, қалай екен? – деп үнемі сұрап жүретін.
Енді бәрі естелік.
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, ер Жұм-аға!
Сіз жайлы айтылар сөз аз емес...
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
Мемлекеттік сыйлық иегері
Енді кімге еркелейміз?
Осы күні әлеуметтік желі өте жедел. «Жұмабай Шаштайұлы қайтыс болды» деген хабар желдей есіп, жанды жүдетті.
Кісінің есімі аталғанда алғашқы таныстықтан бастап соңғы көрген сәтіңе дейін еске түсетін кез болады. «Жұмағаң өмірден өтті» дегенде кино лентасы құсап бірқатар сәт сырғып көз алдыма келді.
1. «Лениншіл жас» газетінің редакциясы. Дәл бас редактордың кабинетіне қарсы тұста шағын бөлмеде Жұмабай Шаштайұлы отырады екен. Имене басып кіргенбіз. Журфактың студенті һәм практикант кезім. «Отыр» деп нұсқады. Отырдық. Бірқатар тапсырма берді. Орындауға тырыстық. «Іле десе, Іле еді-ау» деген материалымызды жатып кеп мақтаса болар ма? «Сен көркем дүние жаз!» деді. «Сенде Тәкен Әлімқұловтың стилі бар!..». Осы сөзге талай жылға дейін семіріп жүрдік...
2. Алматы. Жібек жолы 50-гі редакциялар үйі. Лифтіде ұшырасып қалдым. «Аға, қалайсыз? Үй-іші, бала-шаға аман ба?» деп қалбалақтап жатырмын. Бірден шытынап сала берді. «Әй, сенің менің бала-шағамда нең бар?». Үні қатты шықты. Үрпиіп жаман болып қалдым. Аптасына бірнеше рет осы лифтіде жолығып қалып жүрдік. Түсі суық. Сөйлемейді. «Не жазып қалдым» деп мен де артық ештеңе жасамадым. Кейін бір-екі айдан кейін «Әке, сен мені кешір. Саған қатты сөздер айттым. Әлі ренжіп жүрсің бе? Жаман ағаңның осындайы бар» деп бауырына тартты...
3.«Жас Алаштың» редакциясы. Бас редактормын. Ішкі телефон шырылдады. Жұмабай ағам екен. «Әй, сволыш! Дереу мына адреске кел!». Басқа ештеңе деген жоқ. Тұтқаны қоя салды. Дауыс ырғағынан әлдебір еркін отырыстың лебін сезгендей болдым. Жұмыстың бәрін жиып қойдым да айтқан жеріне бардым. Екі-үш жігіттің ортасында жайраң қағып отыр екен. «Айттым ғой, мен білетін Нұртөре болса, келеді деп» қатты марқайды. «Бұл Бердіқұловтың тәрбиесінен өткен жігіт» деп тағы мақтады...
4. Түрлі жиында кездесе қалсақ, «Осы Ұзынағаш деген қай жақта? Кеген жақта ма, жоқ Талдықорған жақта ма?» деймін әдейі. Мән-жайды білмейтіндер «Ұзынағаш Қаскелеңнің ар жағында ғой» деп шыр-пыр түсіндіріп жатады. Жұмағаң сонда ақырын жымиып күледі. «Сендерді Ұзынағашқа шақырамын, көрсетемін Ұзынағашты» дейтін...»Үйде боласыңдар, дәм татасыңдар»...Түрлі себеппен Ұзынағашқа талай рет бардық. Жұмағаңның үйіне барудың бір реті келмеді...
Жұмабай Шаштайұлы – жөн-жосықсыз кеуде кермеген, бәрін қатырамын деп артық уәде бермеген, қашан да қарапайым қалпынан жаңылмаған жақсы кісі еді. Жақсы аға болды. Көңіліміз қалған, қабақ шытысқан сәттер болмаған екен. Інім деп еркелетті. Біз де еркеледік. Енді кімдерге еркелейміз? Еркелейтін ағаларымыз азайып барады. Жұмабай ағамыздың алды жарық, иманы жолдас болғай!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор
Әділеттілікті ту еткен азамат еді
Қазақтың көркем әдебиеті мен ұлттық баспасөзінде ерекше орыны бар көрнекті тұлғаларымыздың бірі – Жұмабай Шаштайұлын біз алғаш рет студент кездерімізде таныдық. 90-жылдары Тәуелсіздікті жаңадан алып жатқан кездері біздер ҚазҰУ-дегі журналистика мамандығында оқып жүргенімізде санаулы ғана басылымдар жарық көретін. Сол жылдары Жұмағаң «Заман-Қазақстан» деген газеттің бас редакторы болды. Ол басылымның ақпарат кеңістігінде орны ерекше еді. Редакция құрамында Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, Дидар Амантай, Талғат Ешенұлы, Қасым Аманжол, Қанағат Әбілқайыр сынды кілең марқасқалар қызмет етті. Айгүл Кемелбаеваның да шығармалары жиі жарық көріп тұратын. Сондағы Жұмағаның бас редакторлық қабілетінің мықтылығы – айналасына кілең үздіктерді жинап, сол кездегі әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді жақсы көтере білуінде. Кейіннен ағамызбен жақын танысып, араласудың сәті түсті. Бұл кез 2007 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ішінен «Қаламгер медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, құрамына «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдарын жиған шақ. Осы серіктестің басшылығына сол кездегі Одақ төрағасы Нұрлан Оразалин мені ұсынды. Осы кезде мен Жазушылар одағының айнасы болған «Қазақ әдебиеті» газетінің басшылығына аттай қалап Жұмабай ағаны шақырттым. Содан бастап табаны күректей 10 жыл бойы бірге қызмет еттік. Сол кезде газеттің дәуірлеген шағы болды десем артық айтпаған болар едім. Сонда Жұмабай Шаштайұлы деген тұлғаның қазақ сөз өнеріндегі орынына, әділеттілігіне, ақиқатқа деген ынтызарлығына, көлденең әділетсіздіктерге жаны төзбейтініне, қоғамдық-мәдени ахуалдарға сергек қарайтынына, хан болсын, қара болсын, шенеунік болсын тең дәрежеде сөйлесе алатынына куә болдым. Қазақ қоғамының дамуына жанымен мүдделі болған тұлға екенін анық сезіндім. Үлкен елдік маңызы бар сапарлардан бастап қарапайым халықтың ортасындағы жиындарда да бірге жүріп ағамыздың кісілік болмысына, тұлғалық қасиетіне қанық болдым. Жұмағаның тағы бір қасиеті – көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаздық қабілетінде. «Заман-Қазақстан» газетіндегі бір шоғырдан бөлек, «Қазақ әдебиеті» газетінде де бір буынды қалыптастырды. Журналистикадан бөлек, жазушылық жағынан да көптеген қаламгерге ұстаз болды. Бас редактор көшінде кешегі Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұлов сынды алыптардың заңды жалғасы іспетті еді. Көркем әдебиеттің құны арзандай, баспасөздің сүйкімі қаша бастаған уақытта бұл салалардың қайта түлеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Радиода да басшылық қызметте істеген ағамыз қайда жұмыс істесе де маңайына нұрын шашып, айналасына мейірімін көрсетіп жүруші еді. Сонымен қатар Жұмағаны кешегі қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің іргесін қалаған алыптардың лайықты жалғасы деп айтуымызға болады. Жазу машығы, идеясы жағынан да, көркемдігі жағынан да заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің үлгісіндегі жазушы деуге толық негіз бар. Ол кісінің прозадан бөлек, поэзияны да жан-тәнімен түйсінетін ерен қабілеті бар еді. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың поэзиясына жасаған талдауы соның айқын дәлелі. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына ден қойып, көптеген еңбек жазды. Жүз жасаған бәйтеректің аруағына кейбіреулер «тас атқылап», орынсыз, дәлелсіз ақпараттармен күйе жаққанда да дәлелді ақпараттарымен, пайымды парасатымен қарсы тұрған ағамызды Жамбыл атамыздың жасын көреді деп ойлаушы едім. Бұған себеп, тамақты да талғап татып, дене сымбатына айырықша мән беріп, спортпен айналысатындығы еді. Ал кешегі қаза бәрімізді есеңгіретіп кетті. Бұл – қазақ көркем әдебиеті мен ұлт баспасөзіндегі орны толмас қаза. Қазақ әдебиетінің қаймағы болған ағамыз уақыт озған сайын биіктей берері сөзсіз.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты
Эйдос
Жұмабай аға Шаштайұлы, әлбетте, көрнекті жазушы, рухани ракурсты анық ұстай алған редактор, ұстаздық, әкелік биігіне көтеріле алған адам, ізгі адам, әділетті, шапқатты, шарапатты кісі. Енді ойласам, біз (көрген жас) Шаштайұлын қаламгер, редактор, ұстаздығынан бұрын идея ретінде көбірек қабылдаппыз, сіңіріппіз. Ол әдебиеттегі, өмірдегі адалдық, тазалық, өз қатесін мойындаудан қорықпау, фальшсыз ойлану, жазу идеясы еді.
Яғни, Шаштайұлы әдебиет пен журналистикадағы бірнеше буын жасты біріктіруші фактор бола алды. Бірнеше буын жастарының ойы мен ұстанымы бір-біріне неше жерден қарама-қарсы, қайшылықты болса да Шаштайұлы тақырыбында тоқайласа алатынбыз. Шаштайұлы тақырыбында әркім-ақ пафоссыз, жасырын ойсыз, жұмбақ-тұспалсыз шынайы, шешіліп сөйлейтін.
Кейде, тіпті Шаштайұлы туралы ойы мен пікірі қайсыбір жасты бағалау критерийіне де айналып кететін. Жақсы пікір айтқанын жақын тұтып тұрар едік. Бізде бір ортақ құндылық бардай құныға сөйлесер едік. Шаштайұлына қандай да бір қатысы бар жастар бір мектептің түлегіндей бір-бірімен иықтаса, ымыраласа, ұжымдаса жүретін. Осындай бір қызық феномен бар еді.
Ағалар асығыс аттанып жатыр. Бүгін Жұмабай ағаның да жамбасы жерге тиді. Бірақ ол… жеңілген жоқ.
Ерлан ЖҮНІС,
ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы