Қазынадан қауіптің алдын алу мақсатында ондаған миллиард бөлінгенімен, қомақты қаражат қажетті мақсатта пайдаланылмай жатыр ма деген қауіп басым. Тіпті, сол қаржының басым бөлігі бөгендерді мықтау үшін емес, шен-шекпенділердің мұртын майлау үшін жұмсалып жатқандай көрінеді. Оған жыл сайын тасқынның үйлерді шайып, жолдарды су басып, ауылдардың айлар бойы сыртқы әлеммен байланыссыз қалып жататыны айқын дәлел. Күн күрт жылынса, биыл тағы да «сақадай саймыз» деп жоғарыға есеп берген жергілікті әкім-қаралар мен құзырлы органдардың сөзі желге ұшар ма екен деген ой келеді...
Биылғы көктем жылда су тасқынынан зәрезап болған халықтың тіпті үрейін ұшырып тұр. Өйткені күз бойы тоқтамастан сібірлей жауған жаңбырдан кейін топырақ тоң болып қатып қалған. Мамандардың сөзінше, қатып қалған топырақтың қалыңдығы бір метрге жетіп жығылған. Оның үстіне, қараша мен желтоқсан айларында қар үстіне жаңбыр жауып, тұтас дала аппақ мұзға айналған. Қыстың соңғы айлары қар көлемі жылдағы мөлшерден бірнеше есеге мол түсіп, онсыз да малы жұтқа ұшыраған жұрттың жағдайын одан сайын қиындатты. Теріскей мен Шығыс Қазақстан облыстарында омбы қар аттылы адамның бойынан асып кеткен. Боран сайын жолдары жабылып, апталап, тіпті айлап қарға адым шыға алмай қалатын жұртқа енді тасқын судың қаупі төнді.
Әсіресе, Ақмола облысындағы жағдай аса өткір. Табиғаттың тосын мінезімен қатар жергілікті атқарушы әкімдіктер мен құзырлы органдар су тасқынына әзірлікті тым сылбыр жүргізген болып шықты. Өңірдегі тасқын суға әзірліктің аса мәз болмай тұрғаны облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиын кезінде мәлім болды. Алдағы су тасқынына өңірдің 14 елді мекенінің, атап айтқанда, Аршалы ауданында Ақбұлақ, Анаркөл, Жалтыркөл, №42 разъезд, Бурабай ауданында Веденовка, Атамекен, Ұрымқай, Қатаркөл, Кенесары, Златополье, Қызылағаш, Ерейментау ауданында Олжабай батыр ауылдары тасқын суға мүлдем дайындықсыз екені айтылып, сын садағына алынды.
– Менің аудандарға барған жұмыс сапарларымның барысында елді мекендерден, әсіресе елорда маңындағы елді мекендерден қар шығару жұмыстарының тым нашар жүргізілгені байқалды. Мәселен, 2021 жылы қардың уақытында шығарылмауы салдарынан ғана Қоянды ауылында 5 тұрғын үйді су басып қалған еді. Сондықтан мұндай фактілерге жол бермес үшін аудандар мен қалалардың әкімдіктері қарды жолдың жиектеріне жинамай, елді мекеннен шығару жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Аймақтағы су тасқыны кезіндегі басты қауіп ондаған жыл бойы ешбір жөндеу көрмей тозып, апаттық жағдайға жеткен гидротехникалық құрылымдар болып шықты. Облыс әкімдігінің дерегінше, өңірдің іс жүзінде барлық ауданындағы гидротехникалық құрылымдардың тозығы жеткен. Әсіресе, Бұланды, Бурабай, Аршалы, Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Шортанды, Есіл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарындағы бөгендердің жағдайы аса мүшкіл. Мәселен, Бурабай ауданында бөгеннің жағдайы аса қауіпті болуы салдарынан 1 116 адам тұратын 7 бірдей елді мекенге су астында қалу қаупі төнген.
Жалпы, облыс аумағында апаттық жағдайдағы және қанағаттанарлықсыз күйде жатқан гидротехникалық құрылыстардың бұзылуы себепті 8 ауданда 2 мыңнан астам адам тұрып жатқан 24 елді мекен су басу қаупі бар аймақтар қатарына кірген. Атап айтқанда, Аршалы ауданында «Батпакөл», Астрахан ауданында «Қызыл жұлдыз», Бұланды ауданында «Иванков», Бурабай ауданында «Веденовка», «Кенесары», «Щучинск саяжайлары», «Фроловская», Есіл ауданында «Соленая балка», «Чапаевская-2», Сандықтау ауданында «Максимовская», Шортанды ауданында «Дамса» және «Негізгі» гидротехникалық бөгендердің бұзылуы маңындағы елді мекендерге тұтастай су басу қаупін төндірген.
Гидротехникалық бөгендер су тасқыны кезінде қауіптің алдын алумен қатар су көзін жинақтау үшін де пайдаланылу қажет болғанымен, тозығы жеткен құрылымдарда қажетті су ресурсын жинауға назар да аударылмапты. Синоптиктердің берген мәліметінше, алдағы жазда ауа температурасы тағы 40° дейін ыстық болмақ. Яғни, су қоймалары мен бөгендерде ылғал қоры жиналмаса, өзен-көлдеріміз құрғап, тамшы суға зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдің ауыл шаруашылығына, жалпы экономикасына да кері ықпалын тигізбек. Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су жинау технологияларын енгізудің маңызын атап өткен. Жиын барысында облыс әкімі құзырлы органдардың су ресурстарын жинақтауға баса назар аудару қажетін қадап тапсырды.
– Гидротехникалық құрылымдардың тек су тасқыны апатымен күреске емес, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында су жинау үшін де қызмет ететінін естен шығармауымыз керек. Табиғи ресурстар басқармасы өкілетті орган ретінде аудан әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылымдарды қолдану мәселесін қайта қарастыруы қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы мүдделі орган ретінде ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін су жинау және сақтау процесіне қатысуға тиіс. Екі басқармадан су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ұсыныстарын енгізуі керек, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жалпы облыс аумағында 90 гидротехникалық құрылымдар болғанымен, олардың бірқатары өзінің функциясын ондаған жылдан бері орындауға қауқарсыз болып шықты. Мәселен, тек Қорғалжын ауданының өзінде 5 гидротехникалық құрылымды мүлде есептен шығаруға болады. Тіпті, аталған құрылымдардың маңында су көздері де болмай шықты. Бұзылған айдаладағы инфрақұрылымдар елді мекендерден алыс жатқандықтан, су тасқыны кезінде қауіп төндірмейді. Жиында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылымдарды түгендеу, су ресурстарын реттеуге ықпал етпейтін арнаулы мақсатқа пайдаланылмайтын құрылымдарды тізімде ұстау тиімділігін зерттеу жүктелді.
Төтенше жағдайлар қызметі жүргізген талдауға сенсек, өңірде су тасқыны кезінде 25 өзен 11 мыңнан астам адам тұратын 95 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Әсіресе, Жабай, Нұра және Есіл өзендерінен қауіп басым. Деректерге жүгінсек, Жабай мен Нұра өзендерінде арналарын кеңейту және түбін тереңдету жұмыстары 2021 жылы-ақ жоспарланыпты. Алайда арада үш жыл уақыт өткенімен, оң сараптама қорытындысы бар жобалар әлі жасалмаған. Жыл сайын тасқын судан жапа шегетін Целиноград ауданы Оразақ ауылы тұсындағы Нұра өзенінде сараптамаға өткізуге құжаттар жаңа әзірлене бастаған. Ал жылда Жабай өзенінің тасуынан зардап шегетін Атбасар қаласы мен Борисовка селосында жоба жасалғанымен, мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Жабай өзенінің түбін тереңдету бойынша тіпті жобалық-сметалық құжаттама да жасалмаған болып шықты.
Жиын барысында құзырлы органдар су тасқынына әзірліктің сылбыр жүргізілуі салдарынан мемлекетке және сол елді мекендерде тұрып жатқан халыққа елеулі әлеуметтік сипаттағы, тіпті адами шығындарға әкеліп соғу мүмкін екенін жеткізді.
Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – өңірдің Көкшетау, Степногор қалалары мен Қорғалжын ауданынан басқа жерлерде хабарландыру жүйесімен жабдықталу деңгейі аса төмен болып шықты. Жалпы аймақты қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 278 дабыл құрылғысы қажет екен. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целиноград аудандарында қажеттілік басым.
Жиын барысында аудан әкімдіктері мен құзырлы органдарға су тасқыны кезінде қауіпсіз өткізу үшін барлық қажетті шараны уақытында орындау тапсырылды. Алайда дер кезінде әрекет етпеген органдардың сылбыр қимылы мен салдыр-салақ есебінің салдары іс жүзінде қауіптің алдын алуға мүмкіндік бере ме? Түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін алдымен оның алдын алуға назар аударылғаны жөн болмас па еді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы