Мереке қарсаңында әйелдер қауымына сыйлық жасау – оларға деген құрмет. Ал сол уақытта пәтер кілті табысталса – бақыт. Дәл осындай қуанышқа Ақмола облысында көпбалалы отбасылар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кенелді. Яғни, Шортанды кентінде жаңадан салынған төрт қабатты тұрғын үйден 36 пәтер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Пәтер кілтін аудан әкімі Ғайдар Қасенов тапсырып, қуаныштарымен құттықтады. Ағымдағы жылы Шортанды ауданында халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету және ауданда осы санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Ал Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мерекеге орай бір топ ақмолалық көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табыс етті. «Халқымызда «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашанда тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың орны ерекше», – деді Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде. Сонымен қатар аймақ басшысы Көкшетаудағы қарттар мен мүгедектер үйіндегі аналарды, «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әйелдер ұжымын және Сарыарқа шағынауданындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде облыстық ТЖД мен ПД қызмет істеп жүрген қыз-келіншектерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Бұдан бөлек, Көкшетау қаласындағы Васильковка шағынауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Мазурованы да құттықтады. Әділ БЕК