Қазақстанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі азайды

Шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 11,3 пайызға төмендеген.

Былтыр елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемінің төмендегені байқалды. Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша, тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 11,3 пайызға төмендеп, шамамен 20 млрд АҚШ доллар болды. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы ұқсас кезеңдегі тікелей шетелдік инвестиция ағынының орташа деңгейінен 9 пайызға жоғары», – деді министрдің орынбасары.

Министрліктің мәліметінше, былтырғы жылдың 9 айында 5 салаға тікелей шетелдік инвестиция көп тартылған. Нақты айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 8,6 млрд, өңдеу өнеркәсібіне 3,9 млрд, көтерме және бөлшек саудаға 3,8 млрд, көлік және қоймалауға 855 млн, құрылысқа 413 млн доллар инвестиция салынған.

Назира Нұрбаеваның айтуынша, Үкіметтің стратегиялық міндеті ЖІӨ көлемін екі есеге, яғни, 2029 жылға қарай 450 млрд долларға дейін ұлғайту және кемінде 150 млрд доллар инвестиция тарту үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін жоғары қайта бөлу және дамыту кластерлерін құру мақсатында тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі күш-жігерді ұлғайту. Ол үшін Ұлттық экономика мен сыртқы істер министрліктері бірлесіп, инвестициялар тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр.

Бүгінде үш деңгейлі – «шетелдердегі мекемелер – орталық – өңірлер» жүйесі пайдаланылады. Онда сыртқы деңгейде әлеуетті шетелдік инвесторлармен тікелей бастапқы байланыс орнататын Қазақстанның 109 шетелдегі мекемесі жұмылдырылған.