Қазіргі таңда спорт журналистері Дулат Бекбауовты 63,5 келіге ауыстырып, лицензиялық турнирлерге апару керектігін жиі жазып жатыр. Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қазір журналистер мен блогерлер 67 келідегі боксшымыз Дулат Бекбауовты лицензиядық жарысқа апару керектігін айтып жатыр екен. Біріншіден, Дулаттың жеке бапкері осы салмаққа ауысатыны жайлы бір ауыз сөз айтқан емес. Екіншіден, бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз ұлттық құрамада не істеп жүрміз? Үшіншіден, Дулат Бекбауов ұлттық құрама мүшесі. Егер 63,5 келіге ауысатын ойы болса, бізге келіп айтуы керек, жарыстарға осы салмақта қатысуы керек.. Егер мұндай ниеттері болса, құрама бапкерлеріне айтуы тиіс. Содан соң, біз осы салмақтағы боксшылармен жұдырықтастырып, бәрін бағамдаймыз. Дулат пен бапкері маған бұл ойы туралы айтқан жоқ. Ұлттық құрама мүшесі, егер салмақ ауыстыратын болса, тікелей келіп ақылдасуына еш кедергі жоқ. Ал жарысқа екі ай қалғанда мұндай әңгіме айту ойға қонбайды», - деді бапкер Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан командасы Италияның Бусто-Арсицио қаласынан бес жолдамамен оралды. Ұлттық құрама сапынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Тек 63,5 келі салмақта жолдама мәселесі шешілген жоқ.