Президент аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу екенін, алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ екенін айтты.
Мемлекет басшысы кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтады деп есептейді.
"Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді.
Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық.
Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашан да дайын болады», – деді ол.