Партия праймериз форматын таңдады
Партия праймериз форматын таңдады
194
оқылды
Қазақстанның көшбасшы партиясы праймериз өткізу арқылы жаңашыл азаматтарды іріктейді. Бұл туралы 5 наурыз күні елордада өткізілген Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында айтылды. Партия төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев праймериз тәсілі еліміздегі ең белсенді, іскер азаматтарды анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Праймериз – дамыған елдерде, әсіресе АҚШ-тың партиялық жүйесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан саяси қадам. Жаңа формат біздің қоғамға не береді? Қандай өзгерістерге жол ашады? Ол туралы саясаттанушылар қандай ойда? Пікірін сұрадық.    width= Марат БАШИМОВ, Еуропалық құқық және адам құқығы                                                                                                                        сараптамалық институтының директоры,                                                                                                          заң ғылымдарының докторы, профессор: – Праймериз әдісі – АҚШ-та партия мүшелері арасында өткізілетін тиімді әдіс. Яғни, партия ішіндегі сайлау. Бұл – біріншіден партияның қарапайым мүшелеріне, алыс ауылдардағы, өңірлердегі азаматтарға үлкен мүмкіндік беруі керек. Себебі қазіргі күні білімді де білікті адамдар, жастар көп, оларды қоғамдық жұмысқа тарту қажет. Nur Otan партиясының осы праймериз әдісін басшылыққа алғалы отырғанын құптаймын және жастарды осы демократиялық акцияға қатысуға шақырамын. Яғни, партияға мүше кез келген адамның партиялық тізімге еніп, Мәжіліс немесе Мәслихат депутаты болуға мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда өз ойы, ұсынысы бар азаматтарға саяси және әлеуметтік лифт ашылады. Егер праймериз өткізудің халықаралық тәжірибесіне қарасақ, мұнда   сайлау тікелей жасырын дауыс беру негізінде өтеді. Дәстүрлі жалпы сайлаудан айырмашылығы – тек партия мүшелері дауыс беру құқығына ие болады. Бұл партияның кәдімгі ішкі рәсімі екендігі түсінікті, бірақ бұл партия мүшелерінің сайлануы және шешім қабылдауға әсер етуі үшін демократиялық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сондықтан осындай саяси жаңашылдық көптеген белсенді азаматтарды, сарапшыларды, қоғам белсенділері мен журналистерді тартады. Демек, Nur Otan  партиясының алдағы 18 наурызда өтетін саяси кеңесі отырысынан көп жаңалық күтуімізге болады.    width= Ерлан САИРОВ, саясаттанушы: – Праймериз – партиялық жүйедегі ең оңтайлы әдіс-тәсілдерді және тиімді идеяны жинақтайтын әрі көшбасшы бола алатын азаматтарды таңдауға себеп болатын тиімді жүйе. Праймериз процесінде әртүрлі проблеманы шешудің жолдары, сонымен бірге елді, қоғамды дамытуда жаңа көзқарасқа жол ашылады. Себебі бүгінде аймақтарда қордаланып қалған проблема өте көп. Тіпті, сол өңірдің өзінде шешілетін мәселенің ұлттық, халықтық деңгейде саясилануына әкелуде. Сондықтан жергілікті жердегі проблеманы сол жердегі халықтың күшімен, іскер, білікті азаматтардың идеясымен шешуде праймериз тәсілінің пайдасы зор. Облыста, ауданда, ауылдарда праймериз өткізіліп, жергілікті көшбасшыларды, жаңа көзқарастағы азаматтарды таңдайтын кез келді. Былайша айтқанда, бұл – кәдімгі жарыс, сайыс түрі. Саяси жарыс. Праймериз – қазіргі қоғамның қажеттілігіне тура келетін тәсіл. Оған қоса бұл тәсіл Nur Otan партиясының қатарына тыңнан ойлайтын, батыл адамдарды мүшелікке тартуға көмектеседі.    width= Оразғали СЕЛЬТЕЕВ, саясаттанушы: – Біріншіден, праймериз әдісіне қатысу­шылар науқан барысында  азаматтардың пікірін жинай отырып, округте, облыста, аймақта Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламаларын ұсынады. Кез келген кандидаттың мақсаты – өз сайлаушыларына ол болашақта Мәжілістегі немесе мәслихаттардағы партиялық фракция құрамында осы бағдарламаны іске асыруға өз үлесін қоса алатындығына сендіру. Сондай-ақ депутат болғысы келетін кез келген адам партияға кіре алады және жалпы сайлауда партиялық тізімге ене алады.  Сондықтан енді жарыс орталықта да, жергілікті қауымдастықтарда да қызу жүреді. Ал партия үшін түрлі әлеуметтік топтардың мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып, партиялық тізімдерге үміткерлерді іріктейтін сүзгі түрінде болады. Қазіргі өзгеріп, жаңарып отырған қоғамдық талаптарды ескеріп, соған сай әрекет етуде праймериз әдісі дер кезінде таңдалып отыр деуге болады.