Маңғыстауда жағылды «Бірлік оты»

Маңғыстауда «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде 13 наурызда Амал мерекесіне орай «Бірлік отын» жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстаудың ең биік шы­ңын­да от жағу дәстүрі тарих­тың тереңінен бастау алады. От жағу бірлікті білдіреді және ұйымшылдықтың белгісі. Ру­ларға, жүздерге және ұлттарға бөлінбестен, біз бәріміз ортақ Отанымызға адал қызмет етеміз. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

«Ғасырлар бойы бұл күн терең рухани мағынаға ие болды. Біздің ата-бабаларымыз өт­кен қыстан отбасымен аман шық­қаны­на қуанды, бүгін біз бір-бірі­мізді көктемнің басталуымен құттықтаймыз, реніштерімізді кешіреміз және күнделікті қар­баласта жақындарымызға уақыт табамыз. Ұрпақтар сабақтастығы орнайды, бірақ Көрісу күні көк­темнің жақындап келе жат­қа­нын және жаңа үміттер мен мүм­кіндіктердің пайда болуын еске салып, тұрақты мереке болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев атап өткендей, бірлік пен келісімге шақыратын Амал мере­кесі – халқымыздың дәстүрлі жауап­тылығының шынайы көрінісі. Бұл мереке баршаңыздың жүрегіңізді жылулық пен қуанышқа толтырсын! Сіздерге бақыт, жақсылық және амандық тілеймін!» – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстаулықтар жыл сайын Отпан тауындағы Амал мерекесін атап өтеді. Биылғы шараны ұйымдастырушылар – Мұңал ата ұрпақтары.

Өңір тұрғындары мен қонақ­тарын мерекемен құттықтауға  биыл Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева келді. Іс-шарада ұлттық спорттық ойындар, соның ішінде тазы иттерге арналған жарыстар ұйымдастырылды.

Мереке 14 наурызда да жалғас­ты. Қонақтардың назарына «Сә­лем – сөздің атасы» атты театр­ландырылған қойылым ұсынылды, содан кейін амалды салтанатты түрде тойлау басталды. Бұ­дан әрі аудандық және қалалық шы­ғар­машылық ұж­ым­дардың концерттік бағдар­лама­сы, ат жарыстар және басқа да спорттық іс-шаралар жоспарланған. 

14 наурызда Мұңал ата ұрпақ­тары Қосай ата ұрпақтарына бірлік алауы мен амалды мерекелеу эстафетасын тапсырды.

Еске сала кетейік, Отпан тау – Маңғыстау облысындағы ең биік нүкте. Оның шыңында 37 метрлік Адай ата ескерткіші және әкесінің екі қанатына айналған Құдайке мен Келімберді ұлдардың екі мұнара стелласы бар. Адай ата – тарихи тұлға және батыр болған.  2007 жылы оның құрметіне «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы