Егіздерін еркелеткен ауыл

Сыр өңірінде егіздер тұратын ерекше ауыл бар. Халқы қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен дараланған бұл ала­қандай ауылды өңір жұрты құт қонған мекен санайды.

Біз тілге тиек етіп отырған Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев ауылы 1939 жылы Алға, Жаңабасшылық, Бозкөл және Жаңажол колхоздарын біріктіру кезінде құрылған. Бертін келе 1956-1966 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз, кейін совхоз бөлімшесі, 1966-1985 жылдары Октябрь күріш совхозы ретінде қайта құрылымданады. Ауылға Кеңес Одағының батыры есімі тек 1985 жы­лы беріліп, 1997 жылдан бастап Алға ауылдық округі құрылған. 

Облыс орталығынан 450 шақырым қа­­шық­тықта қоныстанған елді мекеннің не­гізгі кәсібі  егін және мал шаруашылы­ғы­­мен тікелей байланысты. Округ аумағы сол­­­түс­тік батысында Ақжона, Майдакөл, Шығыс беткейінде Аранды ауылдық округтерімен, ал батыс жағында «Барсакелмес» Ұлттық қорығымен шектеседі. Бүгінде елді мекенде 1 800 тұрғын берекелі тұрмыс кешіп жатыр. 

«Кеңес Одағының батыры Түктібаев атындағы ауылымыз құт дарыған киелі мекен саналады. Ел ішінде «Егіздер ауылы» атануы да бекер емес. Ауылымыз егіз сәбилердің туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Жалпы, ауылымызда жайлы тұрмыс кешуімізге барынша жағдай жасалып келеді. Бүлдіршіндерге балабақшамыз жұмыс істейді. Он бір жылдық ауылдық мектебімізде егіздеріміз білім нәрімен сусындап жүр. Биыл спорт кешені беріліп, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына да мүмкіндік артты. Еңселі мешітіміз де бар. Ауыл халқы егін егіп, мал бағып, нәпақасын адал еңбегімен тауып жүр», – дейді ауыл тұрғыны Тұрсынкүл Қапашова. 

Нақты мәліметке сәйкес, ауылда бү­гінде 24 егіз тұрады екен. Оның ішінде екі рет егіз сәби мен үшем тәрбиелеп отыр­ған отбасылар да бар. Қазір ауылдағы егіздердің алды 50 жасты еңсерсе, ең кенжесі 1 жасқа енді то­лады.

«2023 жылдың 23 мамыр күні шаңы­рағымызда үлкен шаттық орнады. Отба­сымызға егіз сәби дүние есігін ашты. Егіз­дер ауылында тұрып жатқандықтан, бұл тұрғылықты халық үшін үйреншікті үрдіс десек те болады. Алайда егізді болғанда бәрі­міз зор қуанышқа кенелдік. Қос сәбиі­міздің бірінің есімін  Диас, екіншісін  Мирас деп қойдық. Бүгінде балапандарымыз 10 айға аяқ басты. Шүкір, жағдайлары жақсы. Тәй-тәй басуға талпынып келеді», – деп қуа­нышымен бөлісті ауыл тұрғыны, егіз сәби­лердің анасы Әсемгүл Қуанбаева.

Егіздер ауылының тағы бір ерекшелігі – өзге өңірге қоныс аударған немесе тұрмысқа шыққан ауылдың байырғы тұрғындары да егіз құрсақ көтергенін айтып, жиі сүйінші­леп хабарласатын көрінеді. Мұны құт қон­ған киелі мекеннің кезекті ғажайыбы деп жорамалдайды. Бұдан өзге ауылда екі мәр­те егіз босанған Шаттықовтар отбасы тұрады. Нақты айтқанда, егіз ұлдар Нұрқанат пен Ерқанат, Бекзат пен Саят ауыл халқының сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. 

«Бүгінде егіз ұлда­рым­ның үлкені Нұр­қанат пен Ерқанат азамат болды. Бірі отбасын құрса, екін­шісі еңбек етіп жүр. Астана қа­ла­сын­да тұрып жатыр. Ал Бекзат пен Саят биыл 11-сы­­нып­ты тә­мам­­­дай­ды. Ұл­дарым­ның ал­ға қойған ар­ман-мақ­­сат­та­ры ас­қақ», – деп ағы­нан жа­­рыл­ды қос егіз­дің анасы Ал­магүл Алдабергенова. 

Егіздердің көп­­теп тууымен ерек­ше­ле­нетін ауыл­­­­­да көпба­лалы ана­лар­дың да үлесі аз емес. Соның ішінде ауыл тұрғы­ны Айгерім Маханбетжанова – 8 бала тәр­биелеп өсірген алтын құрсақтың ана. Бұл отба­сында Айға­ным, Айғант, Асылым есімді үшемдер қырмызы гүлдей құлпырып, өсіп келеді.

«Өзім 8 бала тәрбиелеп отырмын. Үшем де босандым. Құндыздай үш қызым дүниеге келді. Бұл бізге тәңірдің берген тәтті сыйы десем болады. Бүгінде қыздарым 3 жасқа толды. Түрлері бір-біріне ұқсағанымен, үшеуі­нің мінезі үш түрлі. Мәселен, Айғант­тың мінезі қырсықтау болса, Айғаным ашық, Асылым момын. Үшемді Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығында босандым. Дәрігерлер орталықтан шық­қанша балаларға жақсы қарады. Денсау­лығына ешқандай шағым болған жоқ. Қазір үшеуінің де жағдайы жақсы. Отбасымызға осындай қуанышты нәсіп еткеніне Аллаға сансыз шүкіршілік айтамыз», – деп үшем­нің анасы ерекше сезімімен бөлісті.

Ауылға өзге өңірден келін болып түсіп, егіз құрсақ көтергендер де аз емес. Тәңірдің тәтті сыйына бөленген ауыл келіндері де бізге қуаныштарымен бөлісті. Соның бірі – Перизат Дауылбаева егіз қызды дүниеге әкеліпті.

«Өзім ауданға қарасты Өркендеу ауы­лының тумасымын. Түктібаев ауылына келін болып түстім. Көп ұзамай Толғанай Аманжол және Шапағат Аманжол есімді егіз қызым дүниеге келді. Екеуінің арасы 5 минут. Бір қызығы, екеуі бір-бірін қатты іздейді. Бірі ауырса, екіншісіне кәдімгідей әсер етеді. Тумысынан үлкені тұйықтау болса, екіншісінің мінезі ашық. Алайда екеуінің де бауырмалдығы басым. Қазір екеуі ауылдық №88 Байжігіт Әбдіразақ атындағы орта мектептің 7-сыныбында оқиды», – дейді ол.

«Жас келсе іске» демекші, халық ауылға жас әкім Олжас Ахметов келгелі ауыз толтырып айтарлықтай толымды тірліктер атқарылғанын да жасырмайды. Ауылдың тұрмысы түзеліп, ізгілік пен өнегеге толы көпшілік іс-шаралар да үздіксіз өткізіліп тұрады екен. 

Берекелі ауылдың бүгіні мен келешек жоспары жайында жас әкімнің өзінен де сұрап көрдік.

«Батыр атындағы ауылымыздың негізгі ерекшелігі – егіздердің көптеп тууында болып тұр. Өзім әкім қызметіне кіріскен 2-3 жылдың ішінде 3 мәрте егіз сәби өмірге келді. Шаңырақтарына арнайы құттықтап ба­рып, қуанышымен ортақтасып та қайт­­тым. Негізінен, ауыл халқының жайлы тұр­мыс кешуіне мемлекет тарапынан қам­қор­лық ортайған емес. Бұған дейін ауылда интернет желісі қиындық туғызып келген болатын, қазір ол мәселе шешілді. Сол сияқ­ты 2,5 жылдың ішінде 1 млрд-қа жуық теңге қара­жатқа ауыл келешегіне бағыт­­талған жоспарлы жұмыстар жүйелі жүр­гізілді. Атап айтқанда, егінге, мал суа­руға бағытталған шлюзді каналдар қазы­лып, жаңадан спорт кешені салынды. Сон­дай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарлама­сымен ауыл аумағына жаңадан 6 жол салынып, көр­кейту-кө­галдандыру жұмыс­тары көңіл­де­­гідей атқа­рылды. Алдағы 2025 жы­лы ауылды газдандыру жұмыстары қарқын алатын болады. Айта берсек, ауылымызды дамы­ту­ға негізделген ауқымды жұмыстар атқа­ры­­лып жатыр», – деп мәлім­деді ауыл әкімі. 

Қай кезде де Қазалы ауданындағы Үрмәш Түктібаев ауылына көпшіліктің құрметі ерекше. Тіпті, егіздерін еркелеткен елді мекенге ырым етіп, арнайы қонақтап баратындар да аз емес. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы