Бас додаға – бес жолдама

Италияның Бус­то-Арсицио аймағында бокстан Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі аяқталды. Аппенин түбегінен Мырзағали Айтжанов шәкірттері бес жолдамамен оралып отыр.

Лицензия үшін таласқа түскен алты боксшымыздың біреуіне ғана жеңіс бұйырмады. Аталған жарыс ел боксшылары үшін қалай өтті, қазақ үшін қиын салмақтың мәселесі соңғы сында шешіле ме, Айтжановтың шәкірттері Парижге қалай дайындалады – сараптап көрген едік.

Боксшылар үлкен қысыммен кетті

Париж Олимпиадасына ірік­теу турнирі Қазақстан ерлер құра­ма­сы үшін психологиялық тұр­ғы­да ауыр өтті. Өйткені қазақ бокс­шылары жол­дама мәселесін әлдеқашан ше­шіп алатын. Бірақ бұл жолы бәрі де басқаша өрбіді. 

Біріншіден, Халықаралық Олим­­пиада комитеті Ха­лық­ара­лық бокс қауымдастығын (IBA) мүшеліктен уақытша шы­ға­рып тастады. Қазылардың әділ бол­мауы мен жемқорлықтың шек­тен шы­ғуы ХОК-ты тым ашу­лан­дырған еді. Токио Олимпиада­сы­на дейін бокстан соңғы әлем чем­пио­натында әр салмақта бес­тік­ке ен­ген спортшылар автоматты түр­­­де жазғы ойындарға жолдама ала­­тын. Кейін Халықаралық Олим­­­пиада комитеті іріктеуді өз қо­­­лына алып, ережеге түбегейлі өз­ге­ріс енгізді. Мәселен, Токио Олим­­­пиадасына іріктеу сыны Иор­­данияның Амман қаласында ұйым­­дастырылды. Мұнда Азия мен Аустралия және Океания ай­ма­ғының боксшылары ғана бақ сы­нады. 

Ал Париж Олимпиадасы қар­саңын­да мерзімінен бір жылға ке­­шігіп өткен жазғы Азия ойын­да­рында жолдама үлестірілді. Яғни, Азия аймақтық іріктеу тур­нирі осы доданың қатарына еніп кетті. Егер бұрынғы ережемен қалғанда, 2023 жылғы Ташкенттегі әлем чемпионатында сәтті өнер көр­­сеткен Ас­ланбек Шым­бер­генов пен Нұр­бек Оралбай Олим­пиа­даға алаң­сыз дайындалып жүру­ші еді. Бұл өзгеріс Махмұд Сабырханның да олимпиадалық салмаққа ауысу процесін ке­шеуіл­детті. Әлем чем­­­пионатындағы қо­мақ­ты сыйа­қы мен сол кездегі фе­дерация пре­­­­зиденті Кеңес Ра­қы­шевтің жо­марттығы біраз бокс­шыны елең­детіп қойды. Егер сол чемпионат қарсаңында ақшалай сый­лық мол болмағанда әрі бұ­рын­ғы ереже кү­шінде қалғанда Мах­мұд Сабырхан 57 келіге әлде­қа­шан ауысар ма еді?!

Ұзын сөздің қысқасы, жазғы Азия ойындарында Қазақстан ко­ман­дасы алтынды былай тұрғанда, жол­дамаға әрең қол жеткізді. 51 ке­лідегі Сәкен Бибосынов күмән­ді жекпе-жекте әккі қарсыласы Хасан­бай Досматовқа есе жіберді, 57 келіге енді ауысқан Махмұд Са­бырхан ешкімге белгісіз Солтүстік Ко­рея боксшысынан ұтылды, 63,5 келідегі Ертуған Төренов бар кү­шін салса да, моңғол бокс­шы­сы­нан өте алмады, 71 келідегі Ас­лан­бек Шымбергеновтің фи­налдағы жеңісін төрешілер тартып алса, 80 ке­лідегі Нұрбек Оралбай бірінші кез­десуде-ақ қытай қазағына жол бер­ді. 92 келідегі Сағындық То­ғам­бай да қытайлық боксшыға жол беріп, аса ауыр салмақтағы Қам­шыбек Қоңқабаев лицензия­мен бірге Азиаданың күмісін ие­ленді. 

Бұл жағдай бокс жан­күйер­лері­нің дабыл қағуына се­беп болды. Осыдан соң ұлттық құ­­­ра­ма басшылары мен бокс­шы­ларға сенім жоғалып, іріктеу тур­ниріне аз уақыт қалғанда феде­ра­ция президенті қызметінен Кеңес Рақышев кетіп үлгерді. Ел асыға күт­кен лицензиялық жарысқа қа­тысу үшін де боксшылар ел Спар­та­киадасында өзара мықтыларды анық­тап, Италияға баратын спор­т­шылар халық алдында іріктелді. Осы аралықта бас бапкер Мыр­за­ғали Айтжановты да ешкім аяған жоқ. Десе де, білікті бапкер өз ко­­мандасын айтулы сыннан абы­рой­мен алып шықты. 

Байқағандарыңыздай, бокс­шыларға Олимпиадаға іріктеу тур­ниріне барудың өзі оңай соқпады. Ал Италия рингіндегі жекпе-жек­тер бәселекестік жөнінен әлем чем­пионатынан да асып түсті.

­Парижге кімдер барады?

Бусто-Арсицио төрінде Сә­кен Бибосынов жарысты бас­тады. 51 келідегі Сәкенге де соң­ғы жылдары оңай соғып жүр­ген жоқ. Әлем чемпионатынан кейін бірде-бір жарыста жолы бол­май, өз мықтылығын ел ішінде та­ғы да дәлелдеуге тура келді. Десе де, Италияда Сәкен өзіне сенімді кө­рінді. Оның жеңісті сапарына шешуші кездесуде ұлыбри­та­ния­лық боксшыдан нокдаун алғаны ға­на көлеңке түсіріп тұр. Айтжа­нов­тың төл шәкірті 26 жасында өзі­нің екінші Олимпиадасына ат­тан­бақ. 

«Париж Олимпиадасында То­кио­дағы қателіктерді жөндеуге ты­рысамын. Енді жаттығуды үдете тү­семіз.Ал лицензиялық турнирге ке­лер болсақ, барлық қарсы­ла­сы­ма қарқынды дайындалдым. Ли­цен­зия алатыныма сенімді бол­дым. Жекпе-жектердің ішінде ең соң­ғы, шешуші кездесу сәл қиын­дау соқты. Десе де, жолдамаға қол жет­кізсем деген ойым орын­дал­ды», – деді Бибосынов жарыстан соң. 

57 келідегі Сабырхан Махмұд өзі үшін жаңа салмақта жарқырады дей алмаймыз. Десе де, оның сал­мақ ауыстырғанына әлі бір жыл бо­л­мағанын ескерсек, бұл нәти­же­ні жаман деуге тағы да бол­май­ды. Махмұд өзінің таланты мен жылдамдығының арқасында біраз кездесуді құтқарып қалды. Десе де, таиландтық боксшымен өткен жек­пе-жек Сабырханды кәдім­гі­дей сілкіп алды. Боксшының әлі пі­се қоймағанын бас бапкер де мойынд­ап отыр. 

«Махмұд Сабырхан жаңа сал­мақ­қа бейімделіп келе жатыр. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Ли­цен­зия алды, енді олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін барымызды са­лып, дайындаламыз. Тек Мах­мұд емес, командадағы барлық бокс­шыға қатысты айтамын мұ­ны. Жолдамасы бар жігіттердің бә­рінде де кем-кетік бар. Қателікті рет­теу үшін тынбай жұмыс істей­міз», – дейді Мырзағали Айтжанов. 

71 келідегі Асланбек Шымбер­ге­нов жанкүйерді үнемі екіұдай ой­да қалдыратын жігіт. Бірде оның соққыларының дәлдігіне таң­дай қақса, енді басқа кездесуде қар­сыласына оқтай атылатын Аслан­бекті мүлде танымай қала­мыз. Әсіресе, түрікменстандық жас боксшы Қазақстан құрамасы­ның капитанын әбден әбігерге сал­ды. Тіпті, бұл кездесуде Шым­бергенов жеңіліп қала ма деп қо­рық­қанымыз да рас. Дегенмен әділ­дік салтанат құрды. Талай рет Ас­ланбектің жеңісін ұрлаған тө­ре­шілер бұл жолы біздің боксшыға ке­дергі болған жоқ. 

80 келідегі Нұрбек және 92 ке­лі­дегі Айбек Оралбайлар Қа­зақ­станнан олимпиадаға қатысатын алғашқы егіз спортшылар. Асқар Еркебаевтың төл шәкірттері Ита­лиядағы турнирді айтарлықтай сен­сациясыз, жанкүйер жүрегін алып-ұшырмай, бір деммен өткіз­ді. Тек Нұрбектің нейтралды бокс­шы Алексей Алферовпен өткен кез­десуі біраз алаңдатты. 

Жолдама мәселесі шешіл­ме­ген жалғыз салмақ – 63,5 келі. Әріге бармай, соңғы олим­пиадалық маусымды қара­сақ, бұл салмақта қарулы жігіттер табылар емес. Токио ойындарында Зәкір Сафиуллин алысқа бармады. Ташкенттегі әлем чемпионатында Са­натәлі Төлтаев бақ сынаған. Ол қа­бырғасы ауырғанын айтып, жеңіл­геніне ақталумен болды. Ханч­­жоудағы жазғы Азия ойын­да­рында Ертуған Төренов ел на­мысын қорғаған. Бірақ же­ті­су­лық жігіт моңғолиялық қарсыласына тісін батыра алмады. Енді, міне, ірік­теу турниріне үкілеп апарған Мұ­хаммедсабыр Базарбайұлы да бұл салмақтың мәселесін шеше ал­мады. Ал Өзбекстан намысын қор­ғайтын қазақ баласы Руслан Абдуллаев дәл осы салмақта әлем чем­пионы атанып, кешегі лицен­зия­лық турнирде жолдаманы қал­таға басты. 

«63,5 келіде сынға түскен Мұ­хам­медсабыр Базарбайұлына тек тәжірибе жетіспеді. Тәжірибенің аз­дығынан ғана ұтылды. Ал ын­та­сы, күш-жігері, жеңіске деген құштарлығы зор болды деп сенім­мен айтамын. Асығыстық таныт­қан жерлері бар. Аталған жекпе-жекте қалайда жеңіске жетемін де­ген оймен, қателікке бой алдыр­ғаны да рас. Бірақ сол кездесуде біз­дің боксшы жеңілді дей ал­май­мын. Жеңіс бұйырмай тұр екен. Таи­ландта өтетін соңғы лицен­зия­л­ық турнирге бұл салмақтан кім ба­ратыны белгісіз. Әлі де ірік­тей­міз. Ең мықтысын ғана жарысқа қо­са­мыз», – дейді бас бапкер Мыр­зағали Құланұлы. 

Енді боксшылар үшін олим­пиада жолдамасын алатын соңғы сын қалды. Таиландта өте­тін іріктеу турнирінде Қазақстан бір жолдаманы қоржынға салуға тырысады. Ал қалған бокс­шы­ла­ры­мыз үшін нағыз шешуші кезең басталмақ. Себебі оларды Париж Олимпиадасы күтіп тұр. 

Отызында алғашқы Олим­пиа­дасына мүмкіндік алған Асланбек Шым­бергенов аз уақытта салмақ ауыс­тырып, қайтпас қайсарлығы­мен танылған Махмұд Сабырхан, жанкүйерден қанша сын естісе де, бәрін қайыспай қабылдайтын Сәкен Бибосынов, бір құрсақтан шыққан ағайынды Оралбайлар, ко­манда алыбы Қамшыбек Қоң­қа­баевтар қандай да бір ерлік жа­сары сөзсіз...

Арда КЕМЕЛ