BBC News күніне 2 литр су ішу біздің ағзамызға қажетті мөлшерден көп екенін жазды. Адамға тәулігіне қанша су ішкен пайдалы екенін осы материалға сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.
XIX ғасырдың басында өлім аузындағы адамдарға ғана су ішуге рұқсат берілетін. Сумен емдеудің (гидропатия) негізін салушы Винсент Присництің айтуынша, «кедейшіліктің соңғы сатысына жеткендер ғана шөлін сумен қандыратын» болған. Ол адамдардың көпшілігі ешқашан бір ішкенде жарты литр таза суды бірден ішпейтінін де айтқан.
Содан бері заман өзгерді. Ұлыбританиядағы ересектер бүгінде соңғы жылдармен салыстырғанда суды көп ішеді, ал АҚШ-та бөтелкедегі суды сату газдалған сусындарды сатудан асып түскен.
Күн сайын бірнеше литр су ішу денсаулықтың, көбірек энергияның және әдемі терінің құпиясы және бұл салмақ жоғалтуға және қатерлі ісік ауруынан аулақ болуға көмектесетіні туралы хабарламалар барлық ақпарат көздерінен таратылуда.
Лондон метросының жолаушыларына өздерімен бірге су алып жүру, мектеп оқушыларына мектепке су әкелу тынымсыз жарнамаланады. Кеңседегі жиналыстарда үстелдің ортасында су құйылған алып құмыра тұратын болды.
8x8 ережесі бойынша күнделікті ішілетін басқа сусындардың үстіне күніне 8 стақан (240 гр) су ішу бейресми кеңес ретінде қалыптасқан. Алайда бұл «ереже» ғылыми дәлелдермен расталмаған – Ұлыбританияның немесе ЕуроОдақ-тың ресми нұсқауларында да ондай ұсыныс жоқ. Неліктен қанша су ішу керектігі туралы түсініксіз ақпарат көп?
Бұл, ең алдымен, медициналық нұсқаулықтардың қате түсіндірілуімен байланысты. Жақында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, күніне сегіз стакан су ішу (шамамен 2 литр) біздің денемізге қажетті мөлшерден көп екендігі дәлелденген. Мамандар біздің ағзамызға күніне 1,5-1,8 литр су ішу жеткілікті екенін айтады. Бірақ бұл жерде климаттық ерекшеліктерді де назарға алған жөн.
Мысалы, ыстық климатта өмір сүретін адамдар үшін бұндай мөлшер аз болуы мүмкін. Яғни, 8x8 ережесінің орнына біз суды тұтынуды қоршаған ортаның температурасы мен әрбір адамның белсенділік деңгейіне сәйкес жекелей анықтауымыз керек. Сондықтан мамандар ыстық, ылғалды жерлерде және теңіз деңгейінен биік жерлерде тұратындарға, спортшылар мен жүкті және бала емізетін әйелдерге суды көбірек ішуге кеңес береді.
Су адам ағзасында шешуші рөл атқарады. Адамның салмағының үштен екі бөлігін құрайтын су қоректік заттар мен қалдықтарды бүкіл денеге тасымалдайды, дене қызуын реттейді, буындарымызда майлаушы және амортизатор ретінде әрекет етеді. Сонымен бірге ағзадағы химиялық реакциялардың көпшілігіне қатысады.
Адам тер, зәр шығару және тыныс алу арқылы суды үнемі жоғалтады. Адам ағзасы судың 1-2%-ын жоғалтқанда, сусыздану белгілері байқалуы мүмкін және сұйықтықтың қорын толтырғанша адамның жағдайы нашарлай береді. Кейбір жағдайларда өлімге әкелуі де мүмкін.
Адамның миы дененің сусызданғанын анықтайды және ішуді ынталандыру үшін шөлді тудырады. Сондай-ақ ол бүйректерге зәрді шоғырландыру арқылы суды үнемдеуге сигнал беретін гормон шығарады. «Егер сіз денеңізді тыңдасаңыз, ол сізге шөлдегенін айтады», – дейді спорт дәрігері Кортни Киппс.
Су ағзадағы сұйықтық мөлшерін реттеуге өте пайдалы, өйткені оның құрамында калория жоқ. Шәй мен кофе сияқты сусындар да бізді ылғалдандырады. Кофеиннің жеңіл диуретикалық әсері бар болса да, зерттеулер шәй мен кофенің кейбір алкогольдік сусындар сияқты ылғалдандыруға ықпал ететінін көрсетеді.
2023 жылы жүргізілген зерттеулер ағзадағы қажетті ылғалдылықты сақтау қартаюды баяулатады және жүрек пен өкпе аурулары сияқты созылмалы ауруларды болдырмауға көмектеседі. Тамақтану алдында суды ішу артық салмақтан арылуға көмектеседі деген идея толығымен дәлелденбеген. Сорпа сияқты сұйық тағаммен бірге суды көбірек тұтынсаңыз, бұл сізді толыққанды сезінуге көмектеседі, өйткені су тағаммен байланысып, асқазанда ұзақ сақталады.
Көбірек су ішудің денсаулыққа тигізетін тағы бір пайдасы терінің түсі мен ылғалдануын жақсартады. Бірақ бұл да ғылыми жағынан толық дәлелденбеген.
Күніне сегіз стақан су ішетіндер өздеріне ешқандай зиян келтірмейді. Бірақ тым көп сұйықтық ішу қандағы натрийді сұйылтады. Бұл қандағы натрий деңгейін теңестіруге тырысатын сұйықтықтың ауысуы кезінде ми мен өкпеде ісінуді тудырады.
Ылғалдылықты сақтау керек деген идея көптеген адамдарда қайда барса да өздерімен бірге су алып жүреді және суды денеге қажет мөлшерден артық ішеді.
Адамның жасы ұлғайған сайын табиғи шөлдеу сезімталдығы төмендейді және жастарға қарағанда сусыздануға (дегидратация) бейім келеді. Қартайған адамдарға дегидратацияны болдырмау үшін сұйықтықты қабылдау әдеттеріне көбірек көңіл бөлу керек екенін дәрігерлер ескертеді.
2022 жылы Абердин университетінің зерттеушілері адамдарға күнделікті қажетті су мөлшері бұрыннан айтылып келетін екі литр немесе сегіз стакан емес, тәулігіне 1,5-1,8 литр жеткілікті екенін анықтаған. Олар мұны 23 елдің ғалымдарымен бірлесе отырып, адамдарды ылғалдандыру үшін қажетті су мөлшерін өлшеу арқылы жасады.
Олар ыстық, ылғалды жерлерде және теңіз деңгейінен биік жерлерде тұратындар, сондай-ақ спортшылар мен жүкті және бала емізетін әйелдер басқаларға қарағанда көбірек су ішу керек екенін дәлелдеген. Адамға қанша су қажет екендігінің ең маңызды көрсеткіші оның жұмсайтын энергия мөлшерімен байланысты.
Көптеген сарапшылар күніне қанша су ішу туралы алаңдамаудың қажеті жоқ дейді. Өйткені ағзамыз аштық немесе шаршаған кездегідей, шөлдеген кезде де сигнал береді.