Отбасының ұйытқысы – аналар

Отбасының ұйытқысы – аналар

1. Өміріңізде есте қалған 8 наурыз? 2. «Әлемді сұлулық құтқарады» дейді. Ал мейірім ше? 3. Сіздің ойыңызша, бақытты отбасының кілті неде?   Гауһар АМАНТАЕВА, Nur Otan партиясы Төрағасы Бірінші                                                                                                      орынбасарының кеңесшісі 1. 5 наурыз – анамның туған күні. Сондықтан 8 наурыз қарсаңында туысқандар біздің үйде жиналып, бәріміз туған күнді атап өтеміз. Сондықтан мен үшін 8 наурыз десе, бірден анам ойға оралады. Жалпы, бұл мерекені де ең алдымен аналардың мейрамы деп есептеймін. 2. Халқымыз «Қыз өссе – елдің көркі» деп, қыз баланың нәзіктігін, сұлулығын, инабаттылығын ерекше бағалайды. Сұлулық – тәндік дүние ғой, ал мейірім – жан сұлулығы. Қыз бала өзінің әдемілігімен ғана емес, ақыл-парасатымен, кең жүрегімен қазақ қоғамында үлкен құрметке ие болған. Қыз баласының жүрегінде мейірімі болмаса сұлулығынан не пайда? Халқымыз қашанда сыртқы келбеті мен жан дүниесі келіскен, ақылына көркі сай қыз тәрбиелеуді мұрат еткен. Қазақтың қаншама дана, батыр, ару қыздары – соның дәлелі. 3. Қазақ халқы отбасы құндылығын бәрінен жоғары қояды. Партиямыздың доктринасында да «ынтымақ отбасынан басталады» деп жазылған. Меніңше, бақытты отбасының кілті – ауызбіршілікте. Ерлі-зайыптылар өзара ауызбіршілікте болып, бір-біріне құрметпен қараса, отбасында жа­расым орнайды және ондай отбасында тәрбиеленген балалар да бақытты, ізетті болып өседі. «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Ал әрбір «кіші Отанның» берекесі, ұйытқысы ол – әйел. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы – ең алдымен әйелге байланысты. Сондықтан да қазіргідей технологияның жетілуімен қатар, әлеуметтік желілер арқылы батыстық мәдениет көбірек насихатталып жатқан кезеңде, жас ұрпақтың бойына ең алдымен ұлттық құндылықты сіңіруіміз керек. Көктемнің төл мерекесі қарсаңында барлық әйел қауымын, ардақты, асыл әже­лерімізді, ақжаулықты аналарымызды, қыз-келіншектерді  Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. «Көктемдей құлпырып, гүлдей жайнап жүре беріңіздер» деген ізгі тілегімді де жет­кіз­гім келеді.   Бахыт ТЕМІРОВА, Nur Otan партиясы ОА Ұйымдастыру және                                                                                                              аумақтық жұмыс департаментінің директоры 1. 8 наурызды аналардың мерекесі ретінде қабылдаймын. Көзі тірісінде мерекеде алдымен енемді құттықтайтынмын. Мені келін болып түскен алғашқы күннен-ақ қызындай қабылдап, тәлім-тәрбиесін берген жайсаң жан еді. Біздерді «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп, тіккен отауыңның түтінін түзу ұшыру ең алдымен әйелге байланысты екенін санамызға сіңірді. Қазір қолымда 80 жастағы анам бар. Сондықтан да таңертең тұрып алдымен анамды құттықтаймын. Мені балаларым мен немерелерім құттықтайды. Осыдан 2 жыл бұрын 1 жастан асқан немеремнің ерекше қуантқаны есімде. Есікті ашып қалсам, қолына гүл ұстаған немерем тәй-тәй басып алдыма келді де: «Мерекеңізбен құттықтаймын!» дегенде ерекше қуанғанмын. Баланың тілі де, қылығы да тәтті ғой. 2. Сұлулықты адамның сыртқы келбетіне ғана байланыстыра алмаймын. Мен үшін сұлу емес адам жоқ. Ең бастысы, жан дүниенің сұлулығы. Мейірім – бойымызға анамыздың сүтімен берілетін қасиет. Ол – адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасындағы ізгі ниеті мен қамқорлығы. Сондықтан мейірім әрбіріміздің жүрегімізде сыртқы сұлулықпен қатар жүруі тиіс. Мейірім­ділік демекші, осы тұрғыда партия­мызда көптеген игі істер жасалатынын бі­лесіздер. Бүгінде бір ғана «Бақытты отбасы» жоба­сының аясында көптеген көпбалалы және жалғызбасты аналарға көмек көрсетілуде. 3. Бақытты отбасының кілті – әйел адам­­ның қолында. Себебі ер-азамат ол – түздің адамы. Ал үйдің ішіндегі береке мен ауызбіршілік – әйелдің еншісінде. Отбасының ұйытқысы – әйел. Сондықтан отбасының бақытты, тату-тәтті жарасымды тірлік кешуі әйелге байланысты. Осы орай­да барша аналарды, қыз-келін­шек­терді мерекемен құттықтап, зор денсаулық, отбасына бақ-береке, аналық бақыт тілей­мін. Ал өміріміз береке мен мерекеге толы болсын!   Айкерім АЙТХОЖИНА, Nur Otan партиясы ОА Жоспарлау және                                                                                                        мониторинг департаменті директорының орынбасары 1. 8 наурызда әйелдер қауымы ерекше құрметке бөленіп, құшағы гүлге толады. Мен үшін ерекше әрі қымбат сыйлық – баламның балабақшада жасап, анасына тарту еткен дүниесі. Өзім баламның әр жыл сайын мерекеде сыйлаған сыйлықтарын жинап жүремін. Сол кішкентай, бірақ ерекше сыйлықтар маған керемет жылы сезім сый­лайды. 2. Сұлулық дегенде сыртқы келбетті емес, ішкі әдемілікті бірінші орынға қояр едім. Тарихтан Томирис, Бопай, Әлия мен Мәншүк сияқты небір қазақтың қайсар қыздары болғанын білеміз. Олардың Отаны үшін жасаған ерлігі туралы ұзақ толғауға болады. Сондықтан әйелдің сұлулығынан гөрі даналығы мен көркем мінезі, қайсарлығы жоғары тұруы тиіс. 3. Бақытты отбасының кілті – әрине, әйелде. Шындығында, әйел – отбасының ұйытқысы. Ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Ал бала тәрбиесіне ата-аналар ерекше көңіл бөлгені жөн. Өйткені халқымыз қашанда бала тәрбиесін басты орынға қойған. Ата-аналарымыз біздің көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасуымызға үлкен еңбек сіңірді. Сол алған тәлім-тәрбиеміздің жемісін бүгінде көріп те жүрміз. Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін ерекше мейрамды пайдаланып, барлық ана­­ларды, әпке-сіңлілерді 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер күнімен шын жүректен құттық­таймын. Бастысы, денсаулықтары мық­ты, жасаған істері оң болсын. Қазақ әйелінің бойын­дағы ізгі қасиеттерді сақтап, демография­мызды көтеруге үлес қосып, отана­сы ғана емес, бүкіл елдің ардақты анасына ай­­на­лыңыздар дегім келеді.   Дайындаған Абылайхан ЖҰМАШ