Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, еліміздің мемлекеттік шекарасында 52 өткізу пункті бар. Оның ішінде:
– ЕАЭО-ның Қытай Халық Республикасымен (5), Өзбекстанмен (8) және Түрікменстанмен (1) сыртқы шекарасындағы 14 өткізу пункті.
– ЕАЭО-ның ішкі шекарасында, Ресей Федерациясымен (30) және Қырғыз Республикасымен (8) 38 өткізу пункті.
Жалпы, ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерін қайта құрумен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті айналысады.
Министрліктің атап өтуінше, транзиттік әлеуеттің ұлғаюына байланысты қолданыстағы өткізу пункттері адамдар мен көлік ағынын жылдам өткізе алмай отыр. Сондықтан пункттерде кептелістер орын алып жатады.
«Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша өткізу пункттерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы бірінші кезектегі 9 өткізу пунктін реконструкциялауға шамамен 15,4 млрд теңге бөлінді. Жұмыстарды орындау және құнын айқындау жөніндегі жобалау құжаттамасының әзірленіп, бекітілуіне қарай республикалық бюджеттен қажетті сома қарастырылатын болады», – деп хабарлады министрлік.