Бұрынғыларға ұқсамайтын биылғы наурыз тойының кезекті Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында бір мезетте 50 сәбидің тұсауы кесілді.
Қазақы салт-дәстүрге орай өмірлеріндегі алғашқы қадамын басуға талпынған шыбықтардың тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білікті дәрігерлер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер және тағы да басқа есімдер көпке танымал беделді азаматтар кесті. Облыс әкімінің өзі де арнайы келіп, қатысқан шарапатты шара осындай ауқымда елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді.
Ұлттық дәстүрімізге сай ізгілікті шарада бірінші кезекте алдымен бүлдіршіндерге бата берілді. Айрықша рәсімге арнайы келген «КИнЭС» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков елімізде осындай ауқымдағы тұсаукесер алғаш рет өткізіліп отырғанын ерекше атай келе: «Осыған орай 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы деректің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын сертификат табыстаймын. Балалардың жолы ашық болсын!» деп тілегін айтып, облыстық Қоғамдық даму басқармасына арнайы сертификатпен бірге Қазақстанның рекордтар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты.
Наурызнаманың осынау атаулы күні алғашқы тәй-тәй қадамын жасаған балалардың арасында талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кішкентай сәбиі бар екен.
– Бір жасар баламызды бүгін осы айтулы шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлымызға Мұрагер деген есімді қойғанбыз. Мұрагеріміз Талдықорған қаласындағы №14 балабақшаның «Балапан» тобына барып жүр. Наурыздың онкүндігі аясында осынау аса үлкен ауқымдағы тұсаукесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қадам жасағанын жақсылыққа балап отырмыз. Ұлымыздың алдағы жолы ашық, болашағы жарқын болады деп сенеміз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдаймыз. Барша жұртшылықты Наурыз мерекесінен шын жүректен құттықтаймыз, – дейді қуаныштан толқыған ата-ана.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы