Сонымен бірге саяхатшылар жергілікті мәдениет пен әдет-ғұрыптың тылсымымен тыныстауына болады. Туризмнің бұл түрі Испанияда, Италияда, Францияда және Беларусь елінде жақсы дамыған. Біздің елімізде аталған саланы дамыту кешенді түрде қолға алынбай, кенжелеп қалып отыр. Бірақ сарапшылар Қазақстан агротуризмге сұранып тұрған ел екенін айтады.
Елімізде осы ауыл туризмімен түбегейлі айналысып отырған бірде-бір мекеме жоқ екен. Айналысатын азаматтар ғана бар. Олардың өзінің көп дүниеге қолы жете бермейді. Бұл саланы дамытқысы келетіндер әзірге мәдениет пен ел жанашырлары ғана. Елімізде ресми дерек бойынша, 2 800-ден астам тіркелген туристік мекеме бар көрінеді. Ең өкініштісі сол, қолымызға тиген тізімдегі туристік агенттіктердің ішінен біз ауылдық туризммен айналысатындарын таппадық. Барлығы дерлік сырт елдерге саяхатшыларды жіберумен ғана ақша тауып отыр.
Былтыр еліміздің бірнеше облысында БҰҰ-ның даму бағдарламасының қолдауымен қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығы мобильді оқыту семинарларын ұйымдастырған болатын. Басты мақсат – өңірдегі туристік әлеуетті арттыру, ауыл тұрғындары үшін табыс көзін жасау және ұлттық салт-дәстүрдің жауһарларын насихаттау. Қатысқандардың дені ауылдық жерлерде тұратын отбасылар екенін айтады Агро және ауылдық туризм қауымдастығы төрағасының орынбасары Алмас Танғытұлы.
«Қазір біз ауылдарға барып ауыл тұрғындарын ауыл туризмі саласына оқытумен ғана шектеліп отырмыз. Басқа қаражат көзінің де ыңғайы болмай тұр. Негізі, сәл ғана икемделсек, біз толықтай ауыл туризміне дайынбыз», – дейді ол.
Агротуризм әлемде ең табысы мол сала болғандықтан, біздің де осы саланы дамытып, пайда көруімізге болмас па еді деген ойға қаласың. Қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, ауылда мұнымен айналысқысы келетін жандар бар. Бірақ көбі шаруашылық немесе кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жүргізуден қорқатын көрінеді. Себеп – кәсіпкер болған соң салық төлеу міндеттеледі, екінші түрлі тексеріс келіп, өзі де аяққа тұра алмай отырған кәсіптің берекесін қашырады-мыс. Сол себепті мемлекеттің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы сияқты жобалары негізінде агротуризмге жеңілдік жасалып, түрліше қолдау көрсетілсе игі.
Халық өз тұрмысынан ұялады
«Беларусь елінде ауылдық туризмді Ауыл шаруашылығы министрлігі ерекше қамқорлығына алып отыр. Бізде мұндай мүлде жоқ. Қауымдастық тарапынан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат та жаздық, нәтиже болмады. Біз қазір транзитті мемлекет рөлін атқарып отырмыз. Саяхатшылардың дені Қырғыз асып, моңғол өтіп кетеді. Себебі ол жақтарда агротуризм жолға қойылған. Халық өзінде барды оларға ұсына алады. Олар туристерге ашық. Бізде осы ашықтық жоқ. Халық өз тұрмысынан өзі ұялады. Туризмде ұялу, қымсыну болмауы керек. Ашық болу керек. Біз осыны үйретеміз», – дейді Алмас Танғытұлы. Шынымен де, біздің ел уақыт өткен сайын жабық болып бара жатқанға ұқсайды. Тіпті, біз бір-біріміздің үйімізге шақырусыз барудан қалдық. Демек, жабық ұлтқа айналып бара жатырмыз. Бұл батыстың қалалық дәстүрі екенін айтады сарапшыларымыз.
Қазір туристер қала мен сол қалалардағы жайлы демалыс орындарынан гөрі ауыл аралап, ел кезіп, адамзаттың табиғи өмір сүруін көруді мақсат ететін болған. Тек біздегі демалысқұмарлар ғана әлгі жайлы қонақүй мен жұмсақ төсек, көк теңізді көру мақсатында шегара асып жатады екен. Биыл елімізге алыс-жақын шетелдерден 1,4 миллион шамасында турист саяхаттап келеді деп болжанып отыр. Бізді бағдар еткен саяхатшылар аспанмен таласқан ғимараттарды емес, даланы, табиғатты, халықтың тұрмысы мен тіршілігін көруге асық.
Туризм және спорт министрлігі Қазақстандағы ТОП-20 басым туристік аймақтың толық тізімін жариялаған екен. Арасында ауыл туризміне байланысты нысан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр Қазақстаннан шетелге 3,5 млн турист саяхаттаған. Ал біздің елге келетіндердің саны 1 миллионға жуық. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп жоғарыда айттық. Ал осы жерде ішкі туризмді дамытып, бір арнасын агротуризмге қарай бағыттасақ, ұтылмайтынымыз шындық.
«Егер агротуризмді дамытсақ, ауыл халқының өркениетке ұмтылуы артар еді. Жастар білімді болуға тырысады. Тіпті, мектеп жасындағы балалардың өзі бір емес, бірнеше шетел тілін өздігінен меңгеріп, ел мен жергілікті өңірлердің тарихын жаттап алады. Көрші Моңғолия мемлекетіне жасаған саяхаттарымда осыған көзім жетті. Себебі олар кез келген уақытта үйге кіріп келетін шетелдіктерді жатырқамайды. Саяхатшыларға барын ұсынып, тұрмысын еш қысылмай дәріптейтін ауыл халқы. Олармен тіл табысу балалар арқылы жүргізіледі екен. Мұндайдың бірнеше рет куәсі де болдық. Ал қырғыз елінде агротуризм кәдімгідей үлкен деңгейге жеткен. Кез келген жайлауға бағдарлар бекітіліп, мамандар жұмыс істеп отыр», – дейді саяхатшы, «Жалғыз жолаушы» YouTube арнасының әкімгері Санат Ілияс.
Бәрібір заңмен шектеледі
Еліміздің туристік компаниялары Қазақстанның Туристік қызмет туралы заңына сәйкес әрекет етеді. Бұл ретте туристiк операторлық қызмет атқару үшін лицензия алу қажет. Туристік операторларға лицензияны Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті және жергілікті атқарушы органдар беруге құқылы. Kazakh Tourism ҰК АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, туроператор мен турагенттің өзара әрекеті Қазақстан Республикасындағы Туристік қызмет туралы заңмен реттеледі. Ал Туризм және спорт министрлігінің жуықта болған кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр туристік нысандардың аумағында туристерге ыңғайлы сервис жасауды тапсырды. Роман Скляр өз сөзінде туристік аймақтарда интернет пен байланыс орнату, автожол төсемінің жабынын жаңартуды жүргізу, визалық-көші-қон режимін жақсарту және туристер үшін қолайлы саяхатты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның курорттық аймақтарына әуесапарларының жиілігін арттыру маңызды екенін баса айтты.
Этномәдениет пен агротуризм – егіз ұғым
Этнотуризм – бұл жергілікті халықтың салт-дәстүрімен, қолөнерімен, мәдениетімен, тұрмысымен, тарихымен және шығармашылығымен танысу. Қарапайым тілмен айтқанда, этнотуризм белгілі бір ұлттың өзгешелігіне бойлап, оның өмірі мен мәдениеті туралы түсінікті кеңейту. Сонымен қатар мұндай туризм аясында тарихты тереңірек біліп, бұған дейін саяхатшыға беймәлім шағын этностар мен олардың тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, бірге тыныстау.
«Ғаламдық жаһандану көшіне ілесеміз деп ұлтымыздың құндылығы өзінің қадір-қасиетінен айырылып, жастарымыз салт-дәстүрімізді ескінің сарқыншағы деп қарайтын деңгейге жеттік. Біздің мемлекет осы жерде ауылды қолдаумен бірге мәдениетіміз бен ғұрпымызды да қолдауы керек. Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарына аса ірі көлемде қаражат бөлініп жатыр. Осы қаражаттың кемінде 1 пайызын болса да агротуризмге бөлсе деген ұсынысым бар. Этномәдениет пен агротуризмді шағын ғана кәсіпорындар қолға алып жүр. Олардың қолынан ауқымды шаруа келмейді. Сондықтан ұлттық компаниялар арқылы қаржылай қолдау қажет. Мемлекет көмек бермесе жағдай қиын», – дейді этномәдени технологиялар жөніндегі сарапшы Алтынай Тәңірберген.
Былтыр «Орталық Азияның Еуразия қоры» КҚ «Шеврон» компаниясымен серіктестесе отырып, «Байтақ жер» жобасы шеңберінде 9 ақмолалық кәсіпкерге агро және этнотуризмді дамыту үшін 4-7 млн теңге шамасында екі жылға дейін пайызсыз қарыз беруді қамтамасыз етіп отыр. Шын мәнінде, бұл – үлкен қолдау. Ақмола ғана емес, мемлекет тарапынан еліміздің әр өңірінде осындай қолдау болса игі еді.
«Ұрпағымыз төрт түліктің атын білуден қалып барады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмегеннен кейін этномәдениет пен агротуризм мүлде ойсырап қалды. Ең өкініштісі сол, бізде бұған жағдай жасалмаған. Өзім бас болып «Қара шаңырақ» жобасы негізінде этноауыл мәдениетін қалыптастырмақ оймен қала сыртына 2 бірдей бозүй тіктім. Жаз бойы қонақтардан босамадық. Қызығатындар өте көп. Тіпті, атқа мініп, серуендеп, сиыр сауып, қой бағып көргісі келетіндер де көп екен. Саяхатшылардың кейбірі тракторға отырып, комбайнмен егін орып, шөп шапқанның қызығына кенелгісі келеді екен. Бізде мұндай жағдай болмады. Қызығушы көп, қолдаушы жоқ. Әрине, кейбір жанашырлар қолындағы барымен бөлісті. Талай жерге хат та жаздық, талай есікті де қақтық. Бірақ шын мәнінде қолдау болмады. Адамдар осы күнге дейін хабарласып, этноауылдарыңызға барып демалсақ, тұсаукесер, беташар рәсімдерін жасасақ деп хабарласады. Инфрақұрылымның болмауы себепті жұмысымыз алға баспады», – дейді «Қара шаңырақ» ҚБ директоры Тұрар Сәттарқызы.
Түп тарихты танып-білуге құштар туристер белгілі бір аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан ұлттық мұраның ұлағатын ұғынғысы келеді. Көп көңіліндегі қызығушылықтың кәдесіне жарайтын көл-көсір дүние еліміздің кез келген өңірінде жетіп артылатыны рас. Аңызы мен ақиқаты аралас тарихи мекендер жүргіншілердің қызығушылығын туғызбай қоймасы анық. Бірақ мұндай тарихи орындарға бара қалсаң, не қонар орын, не түстенер жай жоқ. Сарапшыларымыздың айтып отырғаны да осы. Ең болмаса тарихи мекендердің маңына агротуризм негізінде этноауыл құру қажет. Сол кезде турист те алаңсыз ағылып келер деген пікірде олар.
Бердібек ҚАБАЙ