Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер ғұмырын экран артындағы шығармашылық қарбаласқа арнап, көрерменнің патша көңілінен орын алған тың туындылардың дүниеге келуіне ықпал етті. Бүгінде Алматы қаласында орналасқан «Қазақфильм» киносту- диясына әйгілі режиссердің есімі берілген. Киностудия аумағында Шәкен Айманов атындағы қазақ киносының мұражайы жұмыс істейді. Біз режиссердің күні бүгінге дейін жеткен жәдігерлерін көру мақсатында «Қазақфильмге» арнайы ат басын бұрған едік.
Иә, бұл сапарымызда қазақ киносының жауһарына айналған фильмдерден қалған құнды заттарды көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік туды. Көгілдір экран арқылы тамашалаған кейіпкерлеріміздің кинода қолданған заттарын шынайы өмірде көрудің әсері тіптен бөлек. Киностудия ғимаратына кірген бойда бізді құшақ жая қарсы алған Бақыт Сүлейменқызы мұражай орналасқан аумаққа қарай алып барды. Алғашында «Қазақфильмдегі» мансап жолын актриса ретінде бастаған мұражай жетекшісі қара шаңырақта 40 жыл бойы қызмет етіп келеді. Шәкен Аймановтың шәкірті, кинорежиссер, сценарист Ұлжан Қолдауқызының қалауымен мұражайды басқару ісіне қадам басқан ол келушілерге барынша жәдігерлер туралы тың ақпарат беруге тырысатынын айтады.
Шахмат ойнап, домбыраның қоңыр үнін әуелеткен
Мұражайға кірген сәтте ерекше назарымызға іліккені – Шәкен Аймановтың жұмыс үстелі. Мұнда режиссердің қолданған заттары, естелігі, түрлі жазбасы сақталған. Кезінде Шәкен Аймановтың жеке кабинеті ғана болса, кейіннен Ұлжан Қолдауқызы мен Асанәлі Әшімов екеуі режиссердің артынан қалған құнды заттарын жинақтап, осында әкеліп орналастырыпты. Үстелдің үстінен шахматты көруге болады. Шәкен Кенжетайұлының шахмат ойнағанды жақсы көргені соншалық, қарсыласымен есеп айырыспайынша, соңына дейін берілмеген. Одан өзге жеке кабинетінде режиссердің өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы қалта шахматы да қоса сақталған. Мұражайда орналасқан құндылығы жоғары заттардың бірі – Алдар көсенің таяғы. Бұл таяқтың өзгелерден ерекшелігі де сол – «Алдар көсе» фильмі түсірілген жылдардан бүгінге дейін бүлінбей сақталып келуі.
– Бұл – «Алдар көсенің» таяғы. Көріп тұрғаныңыздай, мұнда одан басқа да бірнеше таяқ тұр. Бірақ бұл таяқтың өзіндік маңызы бар. Шәкен атамыз түсірілім алаңының табиғатымен таныса жүріп, осы таяқты айдаладан өзі тапқан екен. Шәкен Айманов өнер жолында сондай бір кең, терең адам болған. Ол түсірілім басталардан алдын екі күн қойын сойып, киноға түсетін әріптестерінің бір-бірімен танысуына жағдай жасаған. Жас актерлерді өзінің баласындай көрді. Осылайша, екі күннен кейін ғана киноның түсірілімін бастайды екен. Өнер жолындағы адамдар түсірілім алаңына келгенде біртұтас болып кетеді. Ал Шәкен атамыз сол актерлік құрамның бір-біріне үйренісіп, жақсы көзқарас қалыптастыру үшін осындай әдіске сүйенген, – дейді Бақыт Сүлейменқызы.
Ән мен күйге елітіп өскен Шәкен Кенжетайұлының актерлік, режиссерлік қабілетінен өзге әуелетіп ән шырқайтын ерекше таланты болған. Оның осы бір дарынына дәлел – жеке кабиетінде сақталған, режиссердің өзі күмбірлете тартқан домбырасы. Ал екінші домбыраның тиегі түсіп, зақым келген. Шәкен Айманов домбырамен ән салса, жұрт таңданысын жасыра алмаған деседі. Мұражай жетекшісінің айтуынша, режиссер әнді кез келген орында емес, көңілі түскен ортада ғана шырқаған.
Режиссердің кабинетінен түрлі мазмұндағы жазба сақталған қағаздың бірнеше түрін кездестірдік. Солардың арасында түсірілім алдында киімдердің эскизі бейнеленген қағаздар бар. Шәкен Айманов кино түсірер алдында актерлік құрамға лайықты костюмнің эскизін құру үшін суретшілерге тапсырма берген. Егер эскиз көңілінен шықса, түсірілімге қажетті киімдер тігіледі.
– Кеңес заманы тұсында кино түсіру үшін әр істің атқарылатын уақыты болды. Мәселен, түсірілім басталмас бұрын екі-үш ай бұрын дайындық жұмысы жүргізіледі. Белгілі адамдардан тұратын арнайы комиссия құрылып, киноның сценарийін талқылайды. Сценарийдің кемшін тұстарын өзгерткеннен кейін ғана фильмді түсіруге рұқсат берді. Кейін кино таспаланып болған соң өңдеу процесі жүреді. Сонда кино бір жылдың ішінде аяқталуға тиіс. Шәкен Кенжетайұлы – ғасырда бір туар тұлға. Біз оны «қазақ киносының атасы» деп бағалаймыз. Себебі режиссер кино түсірудің жан-жақты қырлары мен қиындықтарын бойына сіңіре білген адам, – дейді мұражай жетекшісі.
Тың туындылар дүниеге келген монтаж үстелі
Шәкен Аймановтың жеке кабинетінде әр қаладан алған сый-сыяпаттары, соның ішінде оттық, өзі жинаған қаламдары сияқты жеке заттары мен бұйымдары бар. Әйгілі режиссердің өз қолымен жазған хаттары, күнделігі, Сталиндік сыйлықтың иегері екенін куәландыратын бұйрық, мемлекеттік марапаттары мен төсбелгілері де сақталған. Шәкен Кенжетайұлы күнделікте өзінің атқарған істері, кіммен кездескені жайлы мағлұматтарды жазып отырған. Мұражайдың кіреберісінде қатарынан тізілген пленкаларға көзіміз түсті. Цифрлық технология кең қанат жайған заманда мұндай пленкаларды мұрағаттардан көрмесеңіз, қарапайым өмірде кезіктіру екіталай сыңайлы.
– Бұл –Шәкен Аймановтың жұмыс істеген монтаж үстелі. Ол заманда қазіргі кезеңдегідей цирфлы камера болмады. Кино кадрларын пленкаға түсірген. Шыны керек, кеңес заманында пленканың өзі арнайы сұраныспен алынатын зат болған. Сол пленкаларды салу арқылы бүгінге дейін жеткен фильмдерді таспалаған. Ал мына құрылғымен қажетсіз дубльді қиып алып тастап отырған. Осындай процестің нәтижесінде дайын болған фильмдерді Мәскеу қаласына жолдады. Ал бұл – дыбыс өңдейтін құрал. Құрылғы арқылы актерлардың дыбысын жазады. Қазір мұны ешкім қолданбайды десек те болады. Арада қаншама жыл уақыт өтсе де, осы заттардың сақталып қалғанына қуанамыз. Шәкен Аймановтың режиссерлік салада көп қолданған заттарының бірі – «Мир» камерасы. Кеңес заманында режиссерлер тікелей Мәскеу қаласындағы мамандармен жұмыс істеді. Киноның жарыққа шығуы немесе шықпауы сол кісілердің құзырында болды, – дейді Бақыт ханым.
Мұражайда Шәкен Айманов қолданған жәдігерлерден өзге кино саласында елеулі еңбегін сіңіріп келе жатқан танымал режиссерлер түсірген фильмдермен байланысы бар құнды бұйымдар да бар. Соның ішінде аты аңызға айналған режиссер Сергей Эйзенштейннің камерасы, қазақстандық режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильміндегі басты кейіпкерлердің костюмдері мен Рүстем Әбдіраш таспалаған «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильміндегі Жәнібек ханның костюмі қойылған. Бақыт Сүлейменқызы фильмдерге арналған киімдердің арнайы тігілетінін, костюмде бейнеленетін әрбір ою-өрнектің сол замандағы маңызы мен қолданысы туралы ақпарат алдын ала сүзгіден өтетінін атап өтті. Тері, киіз сынды материалдан әзірленген киімдердің салмағының ауырлығына қарап-ақ фильмге арнап костюм тігу аз уақытта аяқталатын шаруа емес екенін аңғардық.
Мұражайда орналасқан ең бағалы заттардың бірі де бірегейі – «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген мен Қыз Жібек киген костюм. Тарихи фильмнің өмірге келуіне бір ғана режиссердің, оператордың немесе костюмердің еңбегі ғана емес, бүтін бір халықтың үлесі жатыр. Олай дейтін себебіміз, кезінде Қыз Жібек таққан әшекейлердің барлығын фильм түсіріліп жатқанын естіген халық өздері әкеліп берген. Тіпті, ұзақ уақыт бойы сақтап келген қымбат асыл заттарын, алтын-күміс бұйымдарын, кілемдері мен ер-тоқымдарына дейін сыйға тартқан. Өкініштісі, оның көп бөлігі қолды болған. Мұражай жетекшісінің сөзінше, «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланған костюмдердің тігілгеніне 50 жылдан астам уақыт өтіпті. Киімдердің қазіргі күйі де оның жарты ғасырдан астам тарихы барын байқатады. Себебі костюмдер аздап ескірген, онымен қоса мұражайға келушілердің қызықтап, қолмен ұстап көруі де киімнің сақталуына әсер ететін көрінеді.
– «Қыз Жібек» фильмін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Қанша көрсек те шаршамаймыз. Фильмнің тарихы жайлы біздің өскелең ұрпақ ұмытпаса екен деген ниетпен мұражайдан арнайы бұрыш арнадым. Фильмде Бекежан рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов ағамыз, Халық әртісі Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, Шегенің рөлін сомдаған Әнуар Молдабеков сияқты актерларымыз бар. Тіпті, экран артындағы көрермен Сырлыбайдың рөлін ойнаған Кененбай Қожабековтың мүгедектігін байқамаған. Актердің актерлік мамандықты жақсы көретіні сондай, қаншама фильмде мұны білдіртпей ойнаған. Кино түсіру – мұқияттылықты, адамның таланты мен қарым-қабілетін, ісіне деген асқан жауапкершілігін талап етеді. «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шығуына халықтың үлкен көмегі тигені рас, – дейді ол.
Өнер әлеміндегі династия
Шәкен Аймановтың кітаптары мен күнделіктеріне қол жеткізуде режиссердің інісі Кәукен Кенжетайұлының орасан зор көмегі тиген. Зейнетке шыққанына қарамастан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеген інісінің арқасында режиссерге қатысты бірқатар мәлімет бүгінге дейін сақталып қалған. Бақыт Сүлейменқызы жәдігерлерді таныстыру барысында режиссердің отбасы туралы тақырыпқа тоқталды. Осы ретте өнер жолымен тұтас бір династия айналысты ма деген сауал туындады. Мұражай жетекшісі болжамымыздың расымен шындыққа сәйкес келетінін айтып, Шәкен Аймановтың отбасы туралы баяндап берді.
– Шәкен Кенжетайұлының Мұрат пен Майра есімді балалары болған. Майра апамыз опера әншісі болса, Мұрат ағамыз 70-жылдары «Атаманның ақырында» оператор болып жұмыс істеген. Театрда Аттиланың, Жамбылдың рөлін сомдады. Мұражайда Мұраттың суреттері сақталған, ал одан өзге ақпаратқа біз әлі қол жеткізе алмадық. Кәукен Кенжетайұлы өнер институтында сабақ беріп, опера саласында қызмет атқарды. Майра мен Мұрат та өнер жолын таңдады. Қарап отырсақ, өнер саласымен бүтін бір династияның айналысқанын көруге болады. Ал шөбересі суретші, дизайнер Әсел Кенжетайқызы киім дизайнын әзірлеумен айналысады. Бүгінде мен оның жұмысын сырттай бақылап отырамын, – дейді мұражай жетекшісі.
Бірқалыпты температура сақталады
Бір қызығы, мұражайға кірген сәтте екі түрлі температураның сақталғанын байқадық. Бұл да тегіннен емес. Себебі жәдігерлерді сақтап қалуда бөлмедегі ауа температурасының бірқалыпты болуы маңызды. Мұнда тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында аптасына бір рет дезинфекция шаралары жүргізіліп отырса, кейде жоспардан тыс санитарлық тазалық жұмыстарын өткізуге тура келеді екен.
– Байқасаңыз, мұражайдың іші салқын. Өйткені мұнда ескі ағаштан, теріден жасалған заттар бар. Олар бүлініп кетпес үшін біз температураны бірқалыпты ұстауға тырысамыз. Аптасына жұма күні кешкісін дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Демалыс күндері жақындаған тұста тұрмыстық бұйымдарға жәндіктерге қарсы дәрілерді шашып қоямыз. Бөлмедегі температураны шамамен 20-24 градус аралығында ғана ұстаймыз. Бір жағы ыстық, бір жағы суық болып тұруы тиіс, себебі екі ауа алмасқан кезде қалыпты температура береді, – дейді мұражай жетекшісі Бақыт Сүлейменқызы.
Сондай-ақ мұражай қабырғаларына Шәкен Айманов пен қазір есімі елге белгілі режиссерлер түсірген фильмнің афишалары ілінген. Мұражайдағы жәдігерлерді тамашалауға келушілердің арасында балалар, студенттермен қоса, шетелдіктер де табылады. Бақыт ханым мұнда таяуда ғана Якутия, Түркия, Жапония елінен туристер келсе, жақын уақытта Белоруссиядан қонақтар келетіні жайлы айтып ағынан жарылды.
Шәкен Аймановтың шығармашылық жолы қазақ кино өнерінің ғұмырымен астасып жатыр. Мұражайда өз орнын тапқан әрбір жәдігер – киноиндустрия тарихының өткенінен хабар береді. Жәдігерлердің сақталуы мен олардың қауіпсіздігін қадағалап, тіпті өз баласындай қызғыштай қорыған мұражай жетекшісі Бақыт ханым осынау құндылықтарымызды, тау тұлғалар қалдырған теңдессіз мұраны келер ұрпақ біліп өссе екен дейді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы