Мәскеуде сақталған мұра: 1947 жылғы алтын дауыстар

70 жыл бойы Мәскеу орталық болған соң, барлық құжат-дерек алдымен сол жаққа жөнелтіліп, сол жақтан жарыққа шығатын.

Біздің бүгінгі жарияламақ ниеттегі мақаламыздың дереккөзі Мәскеуден табылып отыр.

2013 жылдың күз айында осы жолдың авторы (Рүстем Нүркенов – ред.) зерттеуші Жарқын Шәкәрімге еріп, Мәскеуге іссапарға бардық. Мақсат – өз уақытында орталық болған қаладан қазақ музыка тарихына қатысты архивтік деректер табу. Бірнеше мұражайды аралап, Ресей фоноархивіне жол түсті. Іздегеніміз сол жерде екен. Бір аптаға жуық қор іздеу жұмыстарымен айналысып, 200-дей дыбыс жазбасы табылды. Осы мақаламызда сол табылғанның төртеуіне арнайы тоқталып өтпекпіз.

«Сталин» және «Москваға тарту»

Әндер нақты қай жылы жазылды деген ақпар жоқ. Бірақ барлық төрт ән де 1947 жылы жазылды деп есептеуге толық негіз бар. Өйткені төрт пластинканың екеуінде 1947 жылдың 26 желтоқсаны деген белгі бар. Сонымен қатар барлығында да «пробный», яғни сынама ретінде дайындалған үлгі деген белгісі бар. Барлық пластинка бірдей үлгіде басылған. Тағы бір жанама дәйек, осы 1947 жылы Мәскеу қаласы өзінің 800 жылдығын атап өткен екен. Аталған мерейтойға арнайы барып, өнер көрсеткендер ішінде мақалаға негіз болған ақындар да бар. Және өз арнауында олар осы мерейтойды ерекше атап өтеді.

Әуелі табылғаны – Маясар Жапақовтың өз айтуындағы екі ән. «Сталин» және «Москваға тарту» аталады. Ақын жайлы уикидепияда келесі мәлімет берілген. Маясар Жапақов (1889-1965) – төкпе ақын. Бүгінгі Қарағанды облысы Шет ауданының тумасы. Жастайынан өлең шығарып, домбырамен ән салған. Ыбырай, Мәди, Мұхит тәрізді әнші-ақындарды ұстаз тұтқан. Жапақов Кеңес өкіметі кезіңде Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегін жырлаған акын ретінде танылды. 1943 жылы Болман, Нұрлыбек ақындармен, 1961 жылы республикалық ақындар айтысында Көшен, Қайып, т.б. ақындармен өнер сайысқан.

Маясар Жапақов 1947 жылы Мәскеуге барды деген деректі Кәмел Жүністегі айтады.

2011 жылы жарияланған on.kz сайтында «Маясар 1947 жылы Мәскеу қаласының 800 жылдық тойына қатысқан. Мұнда ол зор дауысты ақын екенін танытып, Үлкен театр сахнасында халық пейілін өзіне аудартқан еді. Ақынның сонда салған әні пластинкаға жазылып, бүкіл елге тарады» деп, Кәмел Жүністегінің сөзін келтіреді.

Пластинкадаға әннің атауы «Сталинге» деп берілген. Әуені – Шөже Қаржаубайұлынікі, мәтіні – Маясар Жапақовтікі. Орындайтын Маясар Жапақов деп көрсетілген. (Шөже Қаржаубайұлы 1808-1895 жылдары өмір сүргенін ескерсек, Маясар ақын аманатқа қиянат жасамай, елу жыл бұрын өткен ақынның сарынын әдейі пайдаланғанын айтып өткен екен)

Сөйлеймін сыйлығына жалпы көптің,

Жаңғыртып, екі арасын жер мен көктің.

Көңілін еңбекші елдің гүлдентуге,

Көмейімнен кестелеп жырды төктім.

Айналайын ұлы Сталин,

Халықтардың күні Сталин.

Жаңа заман жасау төкті,

Өмірлі бол ұлы Сталин!

 

Екінші ән – Маясар Жапақовтың өзінікі. Пластинкада «Подарок Москве» деп жазылған екен. Біз «Мәскеуге тарту» деп аудардық.

Мәскеу апа, құтты болсын, іргең берік,

Жарқын жол, сұлу сазды, күндей көріп.

Астанам, үлкен үйім, аманбысың?

Алдына бас иемін сәлем беріп.

Тойында сегіз жүз жылдық құттықтаймын,

Домбырамды ыңғайына бұрып сенің.

Келесі дыбыс жазбада ақын Қайып Айнабековтің дауысы. Қайып Айнабеков (1885-1955) – халық ақыны, 1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезіне делегат болған. 1929 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды қаласында тұрып, кеншілер мен жұмысшылар еңбегін шығармаларына арқау етті. 1943 жылы Қарағандыда өткен облыстық ақындар айтысын бастаушылардың бірі болды. Өкінішке қарай, ашық дереккөздерден Қайып Айнабековтің Мәскеуге барған-бармағанын біле алмадық.

Жасына сегіз ғасыр толған анық,

Қартаймайсың, жасайсың жаңаланып.

Өн бойында қарасам ақауың жоқ,

Жап-жаңа алғандайсың нұрға малып.

Кенен Әзірбаев (1884-1976) халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Атақты «Бозторғай», «Көкшолақ» сияқты көптеген ән, жыр-дастанды дүниеге әкелген. «Жұлдыздар отбасы» (2017) журналында берілген мәліметке сәйкес, 1947 жылы Мәскеудің мерейтойына барып, өнерін көрсеткен. Төмендегі дыбыс жазба сол кезде жазылған болуы керек деп топшылаймыз.

Батыр Мәскеу астана,

Астанаға кім келмес?

Кемпір мен шал, жас бала,

Ел жүрегін мәз қылды,

Келдім тойлап шаттана.

Айта кеткен жөн, біз бұған дейін  «Күйші Дәулеткерейдің Петерборға сапары» мен «Сарыбаевтар династиясы жайлы не білеміз?» деп аталатын мақаланы жазған едік. Аталмыш материалдың бірінде күйші Дәулеткерейдің 1859 жылы Петерборға сапары мен одан кейін туындаған шығарма жайлы айтылса, екіншісінде музыка зерттеушісі де, филолог та, дипломат та болған даңқты Сарыбаевтар әулеті жайлы деректер қамтылған.

Рүстем НҮРКЕНОВ