Жынысына қарай жұмысы ма?
Жынысына қарай жұмысы ма?
248
оқылды
Әуелі ең төменнен бастайық. Қазақстандағы орта мектеп оқу­шы­лары­ның 54 пайызы қыздар болса, ЖОО студенттерінің 57 пайызы – нәзік жан­ды­лар. Бұл көрсеткіш магис­тратурада – 64 пайыз, док­торантурада – 61 пайыз. Ал жоға­ры білім беру жүйе­сіндегі басшы­лар­дың 87 пайызы – ерлер, 13 па­йызы әйел­дер екен. Экономикадағы әйелдер үлесінің артуы ЖІӨ-ні өсіріп, экономиканы диверсификациялауға септігін тигізеді. Нәтижесінде, білімді, бі­лікті, түрлі типтегі жұмысқа қабілетті қыз­меткерлер шоғыры қа­­­лыптасады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы инвес­тиция­лық кли­матқа әсер етеді. Бүгінде ша­ғын және орта бизнеспен ай­на­­лысып жүргендердің тең жар­тысы – қыз-келіншектер. Мемлекеттік қызметтегі әйел­дердің үлесі 54,8 пайызға жеткен. «Сая­саттағы әйел» жаһандық ин­дексінде Қазақстан 149 елдің ішінде 94-орында тұр. Елімізде нәзік жандылардан 1 министр (Ақтоты Райымқұлова), 1 Сенат спикері (Дариға Назарбаева) бар. Ал облыс пен қала әкімдерінен бірде-біреуі жоқ. Аудан мен қала әкімдерінің деңгейінде 1-2 әйелден тағайындалған, кент, ауыл әкімдерінің арасында сәл көбірек – 10,5 пайыз.
Сенатта 7, Мәжілісте 30 депу­тат әйел жұмыс істейді. Ұлттық сенім кеңесінің ІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «партиялардың сайлау тізімінде әйелдер үшін 30 пайыздық міндетті квотаны қа­растыру қажет» деді. Сарап­шы­лардың ойынша, Президенттің бас­тамасы тұтас заң шығару үде­рісіне пайдалы. Өйткені бұл – әлем­дік тренд. Мұндай партиялық квота көптеген мемлекетте бөлін­­ген. Мәселен, Германияда 50 пайыздық квота енгізілген. Швеция да сондай тәжірибе қолданады.
Салыстырайық. Парламенттегі әйелдер үлесі Украинада – 9 пайыз, Үндістанда – 11 пайыз, Грузияда – 12 пайыз, Ресейде – 14 пайыз, Түркияда – 14 пайыз, АҚШ-та – 18 пайыз, Сауд Арабиясында – 20 пайыз, Пәкістанда – 21 пайыз, Өзбекстанда – 22 пайыз, Ұлыбританияда – 23 пайыз, Қазақстанда – 27 пайыз, Ауғанстанда – 28 пайыз, Норвегияда – 40 пайыз, Кубада – 49 пайыз. Жыпырлаған бұл цифрлардан қандай қорытынды шығарамыз? Ешқандай. Тізімдегі елдерге бажайлай үңілсек, Парламенттегі әйелдер санына демократияның да, даму дәрежесінің де қатысы жоғын байқаймыз. Жоғарғы сот судьяларының қатарындағы нәзік жандылардың үлесі 2001 жылы 23 пайыз болса, кейін бірте-бірте көбейіп, 2019 жылы 40 пайызға таяған. Олардың үлесі облыстық сот (48%) пен аудандық сотта (55%) басымырақ. Неғұрлым жоғары позициядағы әйелдер әлдеқайда аз.    width= Яғни, Қазақстандағы заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі құрылымын гендерлік тұр­ғыдан зерттесек, белгілі бір жетістіктерге қарамастан, әйел­дер әзірге биліктің тек орташа немесе төменгі буынында шоғырлан­ғанын аңғарамыз. Күштік құрылымдардағы ахуал да осыған ұқсас. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, полициядағы әйелдердің үлесі – 11,9 пайыз.
Қарулы күштер қатарында 8 000 қыз-келіншек (күллі әс­кердің 12 пайызы) қызмет ат­қарады. Оларға байланысшы, те­леграфшы, дәрігер, психолог, клуб меңгерушісі, тылдағы қойма басшысы сияқты арнайы қызмет­тер ғана жүктеледі. Осы орайда Қа­зақстан әскерінде па­триархал­дық қағида қатты сақталға­нын мойын­даймыз. Тіпті, Сауд Арабиясының өзінде тек әйел­дерден тұратын әскери бөлім­шелер ашылған. Саудия билігі қыз­дарға кіші капрал, капрал, сержант, жаяу құрлық әскерінің штаб сержанты ретінде, сондай-ақ әскери-әуе күштерінде, әс­кери теңіз күштерінде, әуе қорға­нысында, стратегиялық маңыз­ды зымыран әскерінде қыз­мет етуге пәрмен берген. Британ армиясы да жынысы бойын­ша емес, қабілеті бойынша жасақталады. АҚШ армиясында 2016 жылы әйелдердің әскери қызмет етуіне салынған барлық шектеу жойылған.
Кей мамандардың пайымын­ша, оқу орындарын көбінесе қыз балалар алтын медальмен бітіретіндіктен, осы зияткерлік құрамды әскери салаға тартқан дұрыс. Айтпақшы, Қорғаныс ми­нистр­лігі бұған дейін тәж­іри­бе жүргізіп, командирдің тәрбие жөнін­дегі орынбасары лауазы­мына әйелдерді тағайындап кө­ріпті. Нәтижесі көңіл көнші­теді: сарбаздардың, офицерлердің, сержанттардың тазалығы жақ­сарып, ұқыптылығы ұшталған. Әрине, бала күтіміндегі әйел­дер көп жағдайда қоғамдық қыз­метінен қол үзіп жатады. Бұл оның кәсіби жағынан өсіп-өрлеуіне кесірін тигізеді. Сондықтан от­басылы келіншектер не бала бағып, ошақ жайғауды, не мансап жолын таңдауға мәжбүр. Сонымен, саясатта әйелдердің үлесі артса, не өзгереді? Психо­логтардың пікірінше, қыз-келін­шектер қиындыққа төзімді, дип­ломат, ісіне адал болады екен. Олар күмәнді мәмілеге, көз­сіз тәуе­келге бармайды, тұрақты­лық­­ты жанжалдан жоғары қояды, қыс­қасы, билігін теріс мақсатқа жұм­самайды. «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Илейн Кон­киевичтің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31-орында тұр. Бір қарағанда, бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен әлі де жақсарта түсу – өз қолымызда.   Еркебұлан НҰРЕКЕШ