Ағылшындық харассмент яғни сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұмтылу деген сөз қоғамға 2017 жылы дендеп енді. Өйткені дәл осы жылы Голливудтық атақты продюсер Харви Вайнштейнге қарсы айыптаулар #MeToo (қазақша – «Мен де») хэштегі әлеуметтік желілерде тарай бастады. Кейін осы хештэгпен өзге жұрт та сексуалдық зорлық-зомбылықты бастан кешкен мысалдарын жаза бастап, ауқымды қозғалыс пайда болды.
Харвидің қылығы
#MeToo көптеген жергілікті және халықаралық атаулармен белгілі болған жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыс. Бұл сөзді алғаш рет 2006 жылы әлеуметтік желілерде, Myspace-те, жыныстық зорлық-зомбылықтан аман қалған әрі белсенді Тарана Бёрк қолданды. Бірақ ол қозғалыс дәл 2017 жылғыдай белең алмаған болатын. Өйткені сол жылы күзде Голливуд продюсері Харви Вайнштейнге қарсы айыптаулар #MeToo (қазақша – «Мен де») хэштегі арқылы әлеуметтік желілерде желдей есті. Кейін осы хештэгпен өзге жұрт та сексуалдық зорлық-зомбылықты бастан кешкен мысалдарын жаза бастап, жылдам тарағаны сондай, әлемді шарлап кетті. Сол жылы АҚШ-тың апталық Time журналы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын көпшілік алдында бүкпей айтқан бір топ адамды «Жыл адамы» деп атады. Журналдың бас редакторы Эдвард Фельсенталь болса, соңғы 10 жылда мұндай тез әрі ауқымды тараған хэштег хабарламаларын көрмегенін айтты. NBC арнасының Today бағдарламасына берген сұхбатында Фельсенталь: «жүздеген әйел мен кей ер адамның өз бастарынан өткергендерін көпшілікке жайып салуға ұласқан қозғалыс жекелеген адамдардың батыл әрекеттерінен басталды» дейді. Time журналы жариялаған суреттердегі жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың ішінде Голливуд жұлдыздары мен әншілерден бастап, Мексикадан келген жұмысшы, Сакраментодағы корпорация лоббисі, Uber компаниясының инженеріне дейін бар. Сонымен қатар 13 әйелдің Харви Вайнштейннің жыныстық бопсалауына ұшырағанын, оның ішінде үшеуі өздерін зорлағанын мәлімдегенін хабарлады. «Сасқан үйрек артымен жүзиеді» дегендей, 65 жастағы Вайнштейннің өкілі Салли Хофмайстер «Харви мырза өзара келісімсіз жыныстық қатынас болғаны туралы кез келген әңгімені жоққа шығарады» деген сынайда мәлімдеме жасап, ақтала бастады. Кейін Вайнштейн өзінің жеке кино түсіру компаниясының тең төрағасы қызметінен де айырылды.Вайнштейн жазасы 11 наурызда жарияланады
Осы жылдың ақпан айында Нью-Йорктегі қазылар алқасы 67 жастағы экс-продюсердің ісін қарады. Оған «бірінші дәрежелі зорлау және жыныстық зорлық-зомбылық» деген ең ауыр айып тағылды. Ал жазасы 11 наурызда жарияланады. Ол 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кинорежиссер әйгілі Голливуд актрисаларын қосқанда, 80-нен астам әйелге қатысты жыныстық қылмыс жасады деп айыпталып отыр.#MeToo әлемге тарады
Бұл қозғалыс әлемге тарады. Кейбір қыз-келіншектер мұны өз пайдасына шешуге де тырысты. Мысалы, Онтүстік Кореялық ММА жауынгері Парк Тэ Сунг рингтегі қызды құшақтағаны үшін басы дауға қалды. Оған сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұмтылды деген айып тағылды. Осы оқиғалардан кейін белгілі компаниялар жұмыс ережелеріне жаңа нұсқаулар енгізе бастады. Мысалы, Samsung компаниясы: «Біз компанияда дұрыс атмосфераны қалыптастырамыз. Командада салауатты қарым-қатынасқа зиян келтіретін іс-әрекеттерге, соның ішінде сексуалды алымсақтықты, қызметкерлер арасындағы өрескел қаржы операциясына және зорлық-зомбылыққа тыйым саламыз. Біз топтағы жанжалға алып келетін фракцияларды құрмаймыз және жабық топтар ұйымдастырмаймыз» деп жазып қойды.Харассмент бабы қарастырылуда
#MeToo хэштегі Қазақстанға да келді. Өйткені біздің елде де жұмысқа тұрғанда, жалақы көтергенде немесе қызметтік баспалдақпен өсіру кезінде ерлер арасынан әйел затына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері айтыла бастады. Осы сипаттағы қызға себепсіз «қырындаушыларды» айғақтап, халыққа жариялап, оны сотқа дейін жеткізу үшін Дина Таңсәрі жетекшілік ететін «НеМолчиKz» қозғалысы үлкен жұмыс атқаруда. Ал дағдарыс орталықтары мен қозғалыстар көбіне зорлық-зомбалыққа ұшырағандарды қабылдап, психологиялық көмек береді. Негізінде басшылық немесе қызметтестерден, басқа да жағдайларда «сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұмтылу» жағдайы болып тұрса да әйелдер заңға жүгіне қоймайды. Бүгінге дейін Қазақстанда «жыныстық бопсалау» түсінігі заңдастырылмаған болатын. Дегенмен «ештен кеш жақсы» дегендей жақында бұл олқылық Мәжіліс қабырғасында талқыланды. Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев зорлық-зомбылық жазасын күшейту бойынша заң жобасы қаралып жатқанын айтты. «Бұл жобада харассмент (сексуалдық сипаттағы қылмыс жасауға ұмтылу) үшін бөлек жаза тағайындау ұсынылды. Олай болса, алдағы уақытта Қылмыстық кодексте «Келісімсіз жыныстық әрекеттер жасауға ұмтылу» бабы пайда болады. Жобада бұл былай жазылған: Келісімсіз сексуалдық ұсыныс жасау; сексуалдық қызмет көрсетуді және басқа да вербалды немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттерді талап ету; жәбірлеу, сексуалдық қызметке сыйақы беруге орынсыз уәде беру; сексуалдық сипаттағы басқа да ауызша немесе физикалық күш қолдану (құшақтау, тиісу). Келісімсіз сексуалдық әрекеттер жасауға ұмтылғаны үшін жаза ретінде 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасын тағайындау ұсынылды», – дейді Нұржан Әлтаев. Әлемді аралап кеткен #MeToo (қазақша – «Мен де») хэштегі бірнеше қылмыстың бетін ашты. Ар-ожданына нұқсан келген нәзік жандылар бастарын көтерді. Ол да дұрыс. Енді бұл қозғалыс адамдық қасиеттен айыратын қылықтарға нүкте қоярына сенімдіміз! Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ