Ақындар түсті тартысқа

Дәстүрлі республикалық «Армысың, әз Наурыз» ай­тысында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Қарағандының 90 жылдығына орай 14 ақын бақ сынасты. Жеті суырыпсалма ақындар жұбы алты сағат бойы шешендік өнерін ортаға салып, өзара сайысты.

Айтыстың ашылу салтанатын­да Қарағанды облысы әкімінің орын­­басары Ерлан Құсайын: «Кезіндегі кеңес заманында біраз дүниемізден қол үздік. Уа­ғын­да еркімізді алса да, еңсеміз түскен жоқ. Өткеніміз қайта  жа­нып, өлге­німіз қайта тірілді. Осындай асыл қазынамыздың бірі – айтыс өнері. Өзбекәлі Жәні­бековтей арыс аза­маты­мыздың қайраткерлігінің арқасында Нау­рыз өз деңгейінде тойлана бастады. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған терең мағына үстеді. Биыл әз Наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыстың жақындайтын, араздың татуласа­тын ерек күндері бұл. Жал­­пы­­­халықтық сипатқа ие бо­лып жат­қан тағлымы терең, дәстүрі дестелі ұлт мерекесі баянды бол­сын! Ақын­дар алқынбасын», – деп тілегін білдірді.

Айтыскерлер Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының сахнасында Қаныш Сәтбаевтың еңбегі мен кеншілер астанасының жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар өз аудандарының, қалалары­ның және жалпы Қарағанды об­лысы­ның өзекті мәселелерін қоз­ға­ды. Айтылған сында  жолдар­дың жағдайы, кеншілердің еңбек жағдайы және тағы да басқа дүние­лер айтылды.

Финалға төрт ақын өтті. Үшін­ші орынды Нұра ауданының ақыны Жандос Бақытұлы мен Қарқаралы ауданының айтыскері Бекарыс Оспанов өзара бөлісті. Екінші орынды Сырым Бейсенбек (Ұлытау облысы) және Нұрмұхамед Бай­сүгіров (Қарағанды) иеленді. Ұлы­таудан келген Думан Самат бірінші болды. Бас жүлдеге Темір­тау­ ақыны Еркеғали Бекболат ие болды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ