Материалдық құндылықтар бойынша Үкіметтің арнайы қаулысымен тарихи-мәдени ескертікштердің жұмысы жүйелі жүргізілуде. Ал материалдық емес рухани мұралардың халі мәз емес.
Тамырдан үзген кесел көп
Материалдық емес мәдени мұра дегеніміз не? Бұл – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар сынды және тағы басқа ұлттық байлығымыз. Ресми түрде мұндай 87 элемент бар. Бір сөзбен айтқанда, материалдық емес құндылықтар – ұлттың иммунитеті. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді.
«Бүгінгі біржыныстылық, педофилия, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі сияқты теріс ұғымдар аспаннан түскен жоқ. Бұлар – материалдық емес рухани мұрадан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер. Бай тарихқа ие, заманауи рухани потенциалы зор ел бола отырып, осындай келеңсіздікке бой алдырғанымыз өкінішті-ақ. 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда №613 қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 қаулысымен материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған еді. Алайда бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ», – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан МАМ-ға жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, 2003 жылғы Париж Конвенциясына сәйкес Қазақстан ЮНЕСКО-ға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және зерттеу туралы бес жыл сайын есеп беруге міндетті екен. Бірақ жасалмаған жұмыстардың есебі қалай жасалып жатқаны беймәлім. Осы орайда тиісті мемлекеттік органдар жеделдетіп мына мәселелерді жүзеге асыруға тиіс дейді ол. Мәселен, 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасы жедел әзірленуі керек. Материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуға тиіс. Осы дүниелерді жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет, ол үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылу керек. Жетекші арналарда Материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылуы қажет.
Материалдық емес мәдени мұра орталығы қашан ашылады?
Материалдық емес мәдени мұра бойынша ештеңе жасалмай жатыр деуден аулақпыз. Конвенция ратификацияланғаннан бері түрлі деңгейде іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық Комитеті құрылған, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет жұмыс істеп тұр. 2014 жылдан бері мұраларымыз Конвенцияның тізбесіне енгізіліп келеді. Мәселен, сол жылы домбырада ойнау мен киіз үй тігу дағдылары енген болса, одан кейінгі жылдарда айтыс, наурыз, қазақша күрес, асық ату, Қорқыт ата мұрасы және тағы басқалары кіргізілді. Айталық, 2022 жылы бұл тізімді ортеке, қазақтың қуыршақ билету музыкасы мен өнері, Қожанасырдың әзіл әңгімелері толықтырған. 2021 жылы Ұлттық комитет Азия-Тынық мұхиты өңірі (АТМӨ) елдерінің материалдық емес мәдени мұрасы бойынша ақпарат алмасу және тарату мақсатында құрылған ichLinks халықаралық цифрлық платформасы жобасының серіктес ұйымына айналды. Ichlinks.com платформасы – материалдық емес мәдени мұраның мыңнан астам элементтері туралы ақпаратты қамтитын және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасын сақтау саласындағы ірі ғылыми-зерттеу институттары жариялаған кітаптарды, бейне және аудио материалдарды, сараптамалық ақпаратты қосымша зерттеуге мүмкіндік беретін үлкен қор. Жоба Корея Республикасы үкіметінің қаржылық қолдауымен ЮНЕСКО-ның АТМӨ елдеріндегі МЕММ туралы ақпарат алмасу орталығының (ICHCAP) базасында іске асырылған. Ал 2019 жылы Алматыда Орталық Азия елдерінің материалдық емес құндылықтарын насихаттауға арналған өңіраралық кездесу өтіп, онда осы мұраларды мектеп және жоғары оқу орындарының академиялық бағдарламаларына енгізу туралы айтылды. Бұл шара ЮНЕСКО мен Азия – Тынық мұхиты аймағындағы елдердің материалдық емес мәдени құндылықтарын зерттейтін Халықаралық-ақпараттық орталығының қолдауымен өтті. Келесі іс-шараның бірі – Материалдық емес мәдени мұра орталығын ашу туралы ұсыныс. Негізі, мұндай орталық былтыр ашылуға тиіс болатын. Бірақ әлі күнге аяқсыз қалып отыр. Бұл туралы сол кездегі Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев былай деген болатын: «Министрлік мәдени мұраны сақтау, жандандыру мен танымал етуге көп көңіл бөледі. «Мәдениет туралы» заңның 32-бабына сәйкес, көне және бірегей музыкалық аспаптар материалдық мәдени құндылықтарға, орындаушылық өнерлер материалдық емес мәдени құндылықтарға жатқызылудың негізінде тиісті іс-шаралар қабылдануда. Бұл ретте қазақтың дәстүрлі күй өнері ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары мен ойнау өнері (қобыз, жетіген, сыбызғы, шаңқобыз), қазақтың дәстүрлі ән өнері Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілді. Осы орайда 2023 жылы Материалдық емес мәдени мұра орталығын ашу ұсынысы әзірленіп жатыр. Бұл орталық домбыра теориясын зерттеу мен практикасымен айналысатын болады».
Бүгінде бұл бастаманың қандай дәрежеде екені белгісіз. Министрліктен алдағы уақытта жауап күтеміз. Десе де, депутаттық сауал осы тақырыпқа қозғау салады деген ойдамыз. Өйткені ұлттық құндылықтар мемлекет деңгейінде қорғалып, дәріптелуге тиіс. Бұл жұмыстардың баяу жүріп жатқаны қынжылтады. Мәселен, Конвенция 2003 жылы қабылданса да, нақты жұмыстар тек ол ратификацияланған 2011 жылдан басталған. Мұның барлығы ұлттық мүдденің осы уақытқа дейін екінші кезекте қарастырылып келгенін білдіреді. Соның кесірінен, қымызымызды неміс патенттеп алса, көкпарымызды қырғыз, төбетімізді түрікмен иемденіп алды. Шұбатқа өзбектер көз тігіп отыр. Тіпті, мұның астарында қазақты ұлттық құндылықтарынан ажыратып, басыбайлы дінге бет бұрғызу қажет деген қитұрқы саясат жатқан секілді. Күні кеше Президент айтқан «неофиттердің шабуылдары» – осының айғағы. Ендеше, енді кешігуге болмайды.
«Әлемде 150 ел халықаралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж Конвенциясына мүше елдер оған қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар «Манас туралы» жеке заң, рухани құндылықтарды қорғау туралы жеке заң қабылдады. Тіпті, адамзаттың МЕММ репрезентативтік тізбесіне қырғыздың үш теңдессіз туындысы енгізілді. Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту бағытында Латын Америкасы елдері, Азияда Корея, Жапония бастаған елдер оқ бойы озық тұр. Ал бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар», – дейді депутат Жанарбек Әшімжан.
Расында да, бүгінгі күннің шындығы осы – материалдық емес мәдени мұраны сақтаушы елімізде жекелеген адамдар болып қалып отыр. Бұл егер рухани мұраны ұстап отырған адам өмірден өтсе, мұра да бірге өледі деген сөз. Бүгінде ел аумағында ондай кісілер күн санап азаюда. Олармен бірге құндылықтар да жойылуда. Төл құндылықтардың атадан балаға жалғастығы үзіліп, дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады. Сондықтан да ендігі жерде ұлтаралық алауыздық тудырады деп имене бермей, ұлттық иммунитетті нығайта түсу қажет. Оның батыл қадамы осы Наурыз онкүндігінен басталса игі.
Нұрлан ҚОСАЙ