Шынымен де, осы бір сандардың еш ғылымның заңдылығына бағынбайтын ерекше сәйкестіктері болатыны қызық дүние. Мысалы, келіп жеткен 2024 жылдың күнтізбесінің де өзіндік ерекшелігі бар. Жылдар мен айлар күнтізбелеріне көз жібере отырып, биылғы жылдың күнтізбесімен сонау 1940 жылдың күн парағы тура сәйкесетіндігін көруге болады. Ғылыми болжам бойынша, егер жыл кібісе болса, 28 жылдан кейін күнтізбеде толық сәйкестік болады екен.
2024 жыл – кібісе жыл, сондықтан сәйкестіктер өте көп: мысалы, биылғы жылмен 1912, 1940, 1968, 1996, 2052, 2080 жылдардың күнпарақ кестесі дәлме-дәл сәйкесіп келеді. Күнтізбеге қарасақ, ақпан 29 күнге созылып, Наурыз мейрамы жұмаға кіреді. Ал жыл сейсенбі күнмен аяқталады. Мұндай сәйкестік енді тек 2052 жылы ғана қайталанбақ.
Бір қызығы, біздің есебіміздегі күнтізбе бойынша 365 күннің орнына 364 күн болса, онда еш өзгеріссіз жыл сайын бір ғана күнтізбе пайдаланған болар едік. Ал күнтізбедегі күн санының 365 болуының өзіндік құпиясы тағы бар.
Кібісе күн ақпанның әдеттегі 28 күніне бір күнді қосу арқылы түзіледі. Төрт жылда бір рет жасалатын бұл күнтізбе торын іске асырудың себебі, Жердің Күнді айналу кезеңі (астрономиялық жыл) – бір меридиан бойынша Күннің екі транзиті арасындағы орташа уақыттың (тәуліктің) есебі. Ғалымдардың пайымынша, бұл да дәл еселік есептеу емес.
Күнтізбенің түрі көп
Күнтізбенің түрі көп. Есте жоқ ескі замандардың өзінде адамзат баласы уақытты межелеу үшін түрлі амал-айла жасағаны белгілі. Мысалы, адамдар ерте дәуірлерде таяқшалар тастап, тақтайшаға кертік жасап немесе жіпті түйіп уақытты белгілеп отырған. Мұндай күнтізбе нұсқалары Америка, Азия, Африка құрлықтарындағы тарихи орындардан жиі табылады. Нақты бір күнтізбенің нұсқасын Ахаменид патшасы І Дарий пайдаланғаны жайлы тарих атасы Геродоттың жазбасында кездеседі. Кертік ағаш күнтізбені мажар қыпшақтары мен финн-угорлар бертінге дейін қолданып келгені белгілі. Ал қазақ есепшілерінің «кісе» деп атайтын қарапайым уақыттық есеп құралын да осы санатқа қосуға болады.
Ресейдің Қорған облысындағы қазақтар мекендейтін ауыл маңынан табылған б.з.д. VІІІ ғасыр мұрасы қола семсердің қос қапталына 20 түрлі жануарлар бейнесі таңбаланған екен. Зерттеуші В.Котов «20 күндік айды белгілейтін күнтізбе болуы мүмкін» деген болжам айтқан.
Дегенмен бүгінге жеткен ең көне күнтізбе «борыш кітабы – календариум» 354 жылы Римде жазылғаны жайлы білеміз. Ал баспаханада басылған алғашқы күнтізбеге келсек, 1448 жылы неміс шебері Иоган Гутенберг қабырғаға ілінетін астрономиялық табель-календарь басып шығарса, 1474 жылы оның жерлесі астроном Иоган Мюллер (Региомонтан) алғашқы журнал түріндегі 64 беттік календарь жасаған екен.
Ал біздің жыл санауымызға дейін үндістердің Сапотектер тайпасы Моте-Альбан қаласының басты қақпасына күнтізбе жазып, сол кесте арқылы өздерінің белгілі бір ритуалдары мен діни рәсімдерін жүргізіп отырған деген дерек бар. Олардың күнтізбесі бойынша жыл 260 күннен тұрған. Бірақ олардың жазбасында еш уақытта күнтізбенің қайталануы болмаған. Олардың құрған күнтізбесі бойынша қайталану мың жылда не одан да көп уақытта сәйкес келетін болған. Сөйтіп, күнтізбенің дәл сәйкескен жылы Сапотектердің нанымы бойынша ақырзаманның басталатын күні болып болжанған. Ғалымдардың есебіне қарағанда Сапотектердің жыл санауы бойынша қайталанған күнтізбе біздің жыл санауымыз бойынша 2011 жылдың 24 желтоқсанында болуы тиіс екен.
Ал ұлтымызда ғұлама шипагер ретінде танылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХV ғасырда жазған «Шипагерлік баян» кітабында жыл атауларына өз сипаттамасын берген. Осы еңбегінде ол: «Сумақы – тышқан, Маңғаз – сиыр, Айбар – барыс, Секем – қоян, Сумаң – жылан, Тұлпар – жылқы, Иіртек – ұлу, Шопан – қой, Мешін – мешін, Айтақ – ит, Шақырауық – тауық, Қорысқы – доңыз» деп жазды.
Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі көшпенділер жануарлар күнтізбесін қытайлардан қабылдап алған көрінеді. Алайда бұл күнтізбе толығымен көшірілмеген, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы көшпенділерде «Мешін жылы» деп аталады. Ал Айдаһар жылының Ұлуға айналуы туралы екі болжам бар. Қай уақытта да ауа райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берсе керек. Екінші болжам бойынша, айдаһар қытай тілінде «лұн» деп аталады екен. Ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы әбден мүмкін.
Ұлу қандай жыл?
Халқымыз әрбір мүшел жастың есебін шығарып қана қоймай, әр жылдың өз ерекшелігі мен сипатын да ғасырлар бойы байқап, ортақ заңдылықтарды дәл басып тапқан десек қателеспеспіз. Сондықтан кей жылды жақсылыққа баласа, енді бірінен қауіптеніп, соған орай өздерінше тұрмыстық айла-шарғы жасап отырған.
Ұлу жылы оның қандай жануар немесе жәндік екенін білсек те, оның өмірлік шарты мен қасиеттеріне көз жіберу қиын. Мысалы, ұлудың көзі көрмейтінін және оның тек өте сезгіш қасиетке ие екенін білеміз. Ал ұлу жыл ретінде санатқа енуі туралы жорамал көп. Мәселен, ғалым М.Ысқақов: «Ұйғырлар, түрікмендер және Қызылорда, Шымкент қазақтары ұлу жылын «балық дегенін айтады. Өйткені олардың түсінігінде осы жыл – суы мол жайлы, жұмсақ жыл деп саналады.
Нумеролог Ақбота Әбілтайтың айтуынша, ұлу жылы – кібісе болғандықтан, бұл жылы туған адамдардың тағдырында ерекшелік бар. Бірі аса табысты болса, енді бірінің тағдыры ауыр болады.
«2024-тің қорытынды саны сегіз. 2 + 2 + 0 + 4 = 8. 8 – күрделі сан, шексіздік, масштаб, сәттілік, қарыз бен парыз, карманың саны. Бір жағынан, сәттілік, табыс әкелсе, бір жағынан сынайды, ауқымды істер болады. Бірақ адамның бәріне бірдей әсер етпейді. Әр адамның тоғыз жылдық циклдағы жеке нумерологиялық болжамдарын және жұлдыздарын қарау керек. Дұрыс қимылдай алса, өрлеу кезеңіндегі адамдарға бұл жыл қатты қорқынышты емес. Дегенмен кібісе жылында кімге болсын сергек болу керек. Тағдыр саны 8 адамдар және нумерологиялық болжам бойынша кімде осы сегіздік жылы болса, сол адамдар үшін ерекше болады. Әсіресе, мүшелге кіретіндер – 1964, 1976, 1988, 2000, 2012 жыл-дары туғандар өздері үшін сақ болуы керек», – дейді Ақбота Әбілтай.
Ұлу жылы туғандар
Әр жылдың бедерін бағамдап отырсақ, талай дүниенің болғанын байқай аламыз. Ал бір мүшел сайын дүниеге келген кемеңгерлердің өмір тарихына қарап өзін түзейтіндер де кездесіп жатады. Сол өзгелер өміріне бағдар еткен тұлғалар осы ұлу жылында да мол екен.
Бұл тізімді шығыс шайыры Омар Хайям (1048) бастаса, атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Максим Горький (1868) де ұлу жылы туған ұлылар қатарынан болып шыққан. Ал әлемнің жаратылысы мен тылсымына көз тіккен философтар арасынан «фашизмнің рухани атасы» Фридрих Ницше (1844), коммунизмнің «көк серкесі» Фридрих Энгельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Иммануил Кант (1724) ұлу жылы дүниеге келіпті. Әлемдік саясатта ойып тұрып орын алғандар қатарынан өжет қыз Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Романов (1868), Америка президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), көршіміздің бүгінгі 1 адамы Владимир Путин (1952), Франсуа Миттеран (1916), Эдуард Шеварднадзені (1928) атауға болады.
Жаңа күнтізбе жазылып жатыр
Қазір әлем халықтары бірнеше түрлі күнтізбе қолданады. Оның қатарында Солтүстік Кореяның күнтізбесі қолданыстағы ең жас күнтізбе болып есептеледі. Соның ішінде ең танымалы – Григориан күнтізбесі. Бұл календарь бойынша жыл 12 айға, ал айлар 28-31 күн аралығында тәуліктік мезгілмен жiктеледi. Бірақ бұл күнтізбе «ғаламдық уақыт есептеу жүйесіне сай емес» деген пікір алғаш рет 1923 жылы Женева қаласында өткен Ұлттар лигасының басқосуында айтылып, болашақта бұл күнтізбені реформалау ісі Халықаралық комитетке жүктелген болатын. Бұл жүктемеден осы күнге дейін нәтиже шыққан жоқ. Содан 1954 жылы БҰҰ-ның Экономикалық кеңесі 18-сессиясында үнді астрономдары ұсынған жаңа күнтізбе жобасы талқыланып, оны БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарауына ұсынды. Бірақ ешқандай нақты шешім қабылданбайды. Себебі аталмыш күнтізбе әлем елдерінің тұрмыстық қағидаттарының кейбір тұсына қайшы болып шыққан.
Соңғы жылдары бұл мәселемен қазақ ғалымдары да, атап айтсақ, танымал өнертапқыш, Д.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры, Халық-аралық Акмеологиялық ғылымдарының академигі, Платон сыйлығының иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сайлыбай Бекболатов түбегейлі шұғылданып жүр. Ғалым «Мәңгі қазақ күнтізбесі» деп атаған күнтізбе жүйесінің ерекшелігі сол, жыл 13 айдан тұрады және әр ай 28 тәуліктен құралады екен.
«Жылдың 13 айдан тұру себебі, Жер планетасы Күнді айналу жолында 13 шоқжұлдызды жанап өтетіндіктен, Ай біз ойлағандай отыз күнде емес, жиырма сегіз күнде толады деп болжадық. Есептей келе, әр ай дүйсенбіден басталып, жексенбіде бітеді. Бұл өте қолайлы. Жалпы, адамзат үшін күнтізбе мәселесі аса маңызды. Өйткені біз қазір қолданып жүрген Григориан күнтізбесінде көптеген қателік бар. Басқасын айтпағанда, 365 тәуліктің өзі құбылмалы. Мысалы, қазіргі жыл санаудың төртінші жылында 366 күн бар. Бір күн артып кеткен. Осы қателіктің салдарынан бір жылды құрайтын 12 ай: бірде 28, бірде 29, бірде 30, тағы бірде 31 күнге ауысып отырады», – дейді ғалым Сайлыбай Бекболатов.
Ширек ғасыр тер төгіп, үзбей жүргізген терең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Мәңгі қазақ календары» атты патенттің иесі атанып отырған қазақ ғалымының жаңалығының тұсауы 2014 жылы Халықаралық өнер, коммуникация, ғылым және технология конгресінің Англиядағы Кембридж университетінде кесіліп, осы ұйымға мүше 40 мемлекеттің айтулы ғалымдары тарапынан бірауыздан мойындалды.
Қазақ күнтізбесі қандай?
Бұрын қазақ күнтізбесі – табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көпжылдық тәжірибелері қорытылған, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен білімдер жинағы десек болады. Табиғат құбылыстарының қайта айналып келіп отыруын, күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, айдың тууы мен батуының алмасуын, жұлдыздардың орналасу тәртібін, мұқият бақылап, есептеп ұғынудың қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы үшін орасан зор маңызы болды. Қазақтар өзінің осы бір өмірлік күнтізбесі арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеуге және қыстауға қай уақытта қайту, қой мен қозыны қырқу, күйекке алу, мал төлдету, соғым сою, егін егу, шөп шабу сынды шаруашылық жұмыстарын жүргізу мезгілдерін негізінен есептеп белгілеп отырды. Бұл есептен жаңылу қазақ халқы үшін аса қауіпті де болғандай. Сондықтан қазақ халқы әр айдың туған сәті мен толысуын және қараңғылануын қалт жібермей бақылап, өміріне бағдар етіп отырды.
Бердібек ҚАБАЙ