Қазақстан халқы үшін Халықаралық әйелдер күнінің орны бөлек. Бұл мерекеге апта бұрын дайындалып, шала бүлінетініміз бар. Жаңа жылдағыдай сыйлық іздеп сабыламыз. Мерекені ұжым ортасында атап өту де дәстүрге айналды. Ұжымдағы қыз-келіншектерді қуанту үшін ер-азаматтар арнайы дайындалады. Мереке қарсаңында маркетологтардан ұйқы қашады, өйткені олар тауар сатудың түрлі тәсілін ойлап табуы тиіс. Ер-азаматтардың жомарттығы сынға түсетін мерекеге қазақстандықтар қанша қаржы жұмсайды екен? Бұл сұрақ бәрімізге қызық екені рас. Әзірге бұл сауалдың нақты жауабын беретін есептеу жүйесі жасалмаған. Десе де, соңғы жылдары Яндекс.Касса сервисі онлайн сауда жасаушылардың тапсырысына сараптама жасау арқылы қызық кейс ұсынып жүр. Мысалы, былтыр аталған сервис қазақстандықтардың 8 наурызда қандай сыйлық сатып алғанын анықтап берді. 1-5 наурыз аралығында жасалған онлайн сауданы сараптай келе қазақстандықтардың мерекеде шамамен 37 300 теңге жұмсайтынын көрсетті. 2018 жылы бұл сома 23 300 теңге болған еді. Демек, биыл 40 мың теңгеден асады деуге негіз бар. Бұл – онлайн сауданың ғана сомасы. Егер оған сауда үйлері мен базарда жасалған саудадағы ақша айналымын қоссақ, біз айтқан сома көбейе түседі. Яндекс.Касса қызметі әйелдер күні қарсаңында ең көп сатылған тауарлар тізімін де анықтап береді. Мысалы, былтыр киім-кешек, сөмке, орамал, әмиян мен іш киім сатып алушылар көп болыпты. Бұл заттарды сатып алуға тапсырыс берушілердің әрқайсы шамамен 14 000 теңгеден төлеген. Ал екінші орында үйге қажетті заттар тұр: ыдыс-аяқ, төсек жабдығы, картиналар. Тұтынушылар бұл тауар түрлеріне шамамен 25 600 теңге жұмсаған. Ал үшінші орында – кино, театр және концерттердің билеті тұрғанын айтуға болады. Билетке онлайн сатып алушылар 28 100 теңгеден жұмсапты.
Қытайдан гүл әкелінген жоқ
Біздің сараптама Қазақстан тұрғындары негізінен әйел затына күнделікті тұтынатын заттар сыйлауға бейім келетінін анықтады. Себебі дәл осы мереке қарсаңында ұялы телефонның саудасы қызады. Одан кейін кәдесый мен авторлық заттар, сосын косметика мен парфюмерия сыйлауға әуес. Ал гүлдің орны бір бөлек. 8 наурыз – гүлдің құнын өсіретін мереке. Әсіресе, қызғалдаққа сұраныс жоғары болады. Бүгіндері қызғалдақтың құны – 500 теңгенің айналасында. Неге арзан деушілерге: Астанада негізінен отандық қызғалдақтар сатылып жатыр. Ал раушан гүлі Нидерланд, Эквадор мен Кениядан жеткізілген. Бағасы – 700-2000 теңгенің арасында. Елордадағы гүл сатушылар Қытайдан гүл жеткізілмегенін айтады. Себебі атышулы коронавирустан кейін шекара жабылған. Бұл отандық гүл өсірушілер үшін жақсы мүмкіндік болған сияқты. Мысалы, Нұр-Сұлтанға қызғалдақтардың басым бөлігі Степногорскіден жеткізілсе, раушан гүлі оңтүстік өңірден тасымалданған. Мысалы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Умид» шаруа қожалығының жетекшісі Шухрат Ибрагимов 8 наурыз мерекесіне орай 16 мың дана гүлді сатып алушыларына жеткізген. Оның 10 мыңы – раушан гүлі. Бұл күні қыз-қырқынның сыйлыққа иіссу күтетінін білетін маркетологтар сауда көрігін қыздырған. «Француз үйінде» де, басқа сауда нүктелерінде де иіссуға жаппай жеңілдік жүріп жатыр. Жеңілдік жасаудан сұлулық салондары да қалысар емес. Instagram желісінде кеш ханшайымы болғыңыз келсе, сол кешке киетін көйлегіңіздің суретін ала келіңіз, шашыңызды соған сай әсемдеп береміз, жеңілдігіміз және бар деген жарнамадан көз сүрінеді. Сонымен бірге жарыңызды қуантудың жолы – сұлулық студиясының сертификаты деген де жарнама көп. Тұрмыстық техника сататын дүкендер де наурыз айында мәрттігін көрсетіп қалуға тырысып әлек. Мысалы, Technodom сауда желісі дүкендерінде 3-31 наурыз аралығында 50 000-100 000 теңгеге сауда жасасаңыз, 14 990 теңгенің затын сыйлыққа аласыз. 100 001-400 000 теңгеге зат сатып алсаңыз, 19 990 теңге тұратын затты тегін аласыз. Сәйкесінше, 600 001-1 000 000 теңгенің чегіне ие болсаңыз, 26 990 теңгенің, 1 миллион теңгеден астам қаржыға зат алсаңыз, 49 990 теңгенің затын тегін береді.Қыз-келіншектер қандай сыйлық күтеді?
Ал қазақстандық қыз-келіншектер қандай сыйлық алғысы келеді? Біз осы мақсатта әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Нәзік жандылардың жауабы түрліше шықты. Мысалы, Жадыра есімді бойжеткен «Жүз оқулық» сериясымен шыққан кітаптарды сыйласа дейді. Сосын жақсы бір қазан болса, жанында гүл болса деп ойлап жүр. Уния есімді қолданушы: «Ғұмыры қысқа гүл алғым келмейді... Терезе алдында құлпырып тұратын ыдыстағы гүлді сыйласа, соған риза боламыз. Алтынға көп қызықпаймын, ұлттық нақыштағы күміс болса, бас тартпас едім» дейді. Ал Сара есімді келіншек жұбайына «Лабковскийдың кітабы мен фитнеске абонементімді жаңалауды тапсырдым» деген екен. Отбасылы жандар арасында мерекеде бір-біріне қандай сыйлық жасауды өзара ақылдасуы қалыпты нәрсе. Десе де, отағасынан тосын сый күтетіндер де жоқ емес. Алайда қазақы болмыс ер-азаматтардың қиялын шектеп қоя ма, әйтеуір көп жағдайда сыйлық таңдау құқын олар зайыбына қалдырады. Мұндайда Інжу есімді қыздың кеңесіне құлақ түрген жөн: «Талғамыңды білмейтін адамнан сертификат алған ұнайды, содан артығы жоқ» деген екен. Сауалнамаға қатысқандардың біразы француз әтірі мен термомикс күтіп жүр. Гаухар тасы бар сырға алғысы келетіндер де бар. Ал ер-азаматтардың өзі бұл мерекеде қанша шығын шығаруға дайын? Ең қызығы, біздің сауалнамаға қатысқан ер-азаматтардың басым бөлігі бірінші кезекте анасына сыйлық жасауға ұмтылатынын айтады. Орамал, камзол, бағалы білезік, ағаштан ойылған астау сыйлауды жоспарлап қойған. Расында, қазақы тәрбие алғандар үшін 8 наурыз аналар күні іспетті. Енді бір сұхбаттасымыз мерекеге шығын жұмсаудың қажеті жоқ деп санайды. Оның пікірінше, әйел затын, мейлі ол анасы, әйелі яки қарындасы болсын, мейрамханаға шақырып, бірге ас ішсе жетіп жатыр. Себебі соңғы кезде адамдар бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды қойды. Мерекені мейрамханада атап өту әдемі әңгіменің тығынын ағытуға себеп болар еді дейді. Ал Жанат Омар есімді респондентіміз жарын қуанту үшін үй жағдайында қызғалдақ еккен. «Біз кез келген мерекеде отбасымыз үшін ерекше нәрсе жасағымыз келеді. Жарыма жаңа жылда сыйлау үшін қызғалдақ еккен едім. Оның күтімі қиын екен. Жаңа жылда гүлдемеді, тек көктей бастады. Наурыз айы келгенде жылдам өсті. Екі-үш күнде гүл ашатын сияқты. Сондықтан біз бұл мерекеге қарашадан дайындалдық десем болады», – дейді ол. Біз бұл мақалада мерекеге дайындық барысындағы көңіл күйді көрсетуге тырыстық. Біздің ұлт үшін бірінші орында сыйлық емес, көңіл тұрады. Біз үшін баламыз салған сурет пен қағаздан жасаған гүліне жетер сыйлық жоқ. Себебі сол сыйлықты жасап отырған сәтте баламыздың ойында біз – анасы тұрдық. Біз үшін құшақ толы гүл де маңызды емес, бір талы да жетеді. Себебі сол гүлді сатып алып тұрған адамның ойында біз тұрамыз... Бұл мерекенің құны қанша дедік сөз басында, жауабы – мерекенің құны сізге деген көңілде. Халима БҰҚАРҚЫЗЫ