Бұл туралы arasha.kz жариялады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Жаңалық ауылының жанынан тасқын су ағыны өтуде.
«2024 жылдың 20 наурызы күні Тарбағатай ауданында ауа температурасының күрт көтеріліп, жауын-шашынның түсуіне байланысты Жаңалық ауылының жанынан тасқын су ағыны өтті. Таулардан еріген суы Маңырақ ауылының жоғары жанындағы бөгетті жағалап өтіп, Ақжар-Шілікті автожолының бойымен Жаңалық ауылына қарай ағып жатыр.
Сондай-ақ Ақжар-Құйған, Ақжар-Жетіарал автокөлік жолдарының бірнеше бөлігінен су асу жағдайы болды. Төтенше жағдайдың алдын алуға аудан әкімдігінің, ТЖБ бөлімінің, ПДУ-3, Ақжар, Құйған, Жетіарал әкімдігінің қызметкерлері және 5 техника, 50 адам тартылды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Қазір ауданда тұрғын үйлерді су басу қаупін болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір жағдай тұрақты, – деп сендірді әкімдіктегілер.
«Жаңалық ауылына және облыстық маңызы бар Шілікті-Ақжар жолына бүліну-зақым келген жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңалық, Құйған, Жетіарал ауылы тұрғындарына қауіп жоқ», – делінген хабарламада.
Әзірге аудандық және облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары барлық бағыттар бойынша ашық. Жылудың, судың және энергиямен жабдықтаудың апаттық тоқтауы болған жоқ. Табиғи-техногендік сипаттағы ТЖ туралы хабарламалар да түспеді.