Ауыл әйелін не мазалайды?
Ауыл әйелін не мазалайды?
Бүгінде халқымыздың 58 пайызы қалада, 42 пайызы ауылда тұрады. Ал жалпы тұрғындардың 52 пайызы әйелдер. Яғни, ауылда шамамен қанша әйел тұратынын жобалап есептеу қиын емес. Алайда сол топ елімізде «әлсіздердің» қатарында екен. Жоқ, жынысы үшін емес. Табысы, қызметі, зорлық көруі және басқа да себептер үшін. AERC ұйымы былтыр күзде ауыл әйелдерінің бүгінгі халін зерттеу үшін арнайы сауалнама жүргізді. Олардың экономикалық қиындықтары мен мүмкіндіктерін саралап көрген. Жоба аясында 1 424 ауыл тұрғыны сұрақтарға жауап беріпті. Әйелдің табысы. Зерттеу ба­рысында сауалнамаға қатысқан­дардың көпшілігі (49%) өзінің са­тып алу қабілетін орташа деп ба­ғаласа, осы шамалас әйелдер от­басындағы бір адамға шаққандағы орташа табыс елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз екенін айтқан. Бір сөзбен айтса, ауылдағы көпшілік отбасының әлеуметтік халі ауыр. Бұдан бөлек, сауалнама барысында әйелдердің көп­шілігі жағдайымыз орташа деп жауап қайырған. Кім өзін басқадан кем санасын? Дегенмен өзі тұрып жатқан ауылдың тұрмысы нашар болғандықтан, олармен өзін са­лыс­тыра отырып, табысым «орта­ша» деген. Түптеп келгенде, оның «орташасы» республикалық дең­геймен салыстырғанда табысы төмендердің тобына кіруі мүмкін. Соңғы 2 жылдағы зерттеулер қа­зақстандықтар өз табысының 46-54 пайыз үлесін тек тамаққа жұм­сайтынын көрсетті. Салыстыра кетсек, Ұлыбритания жұрты тоңа­зытқышты толтыруға жалақы­сының 10 пайызын бөледі екен. AERC ұйымының ауылішілік сауалнамасы бұл тұжырымды қайта қуаттады. Ауыл халқының тең жартысы қолындағы ақшасы тек азық-түлікке, киімге жететінін айтса, 25 пайызы киім алуда таршылық көремін деген. Ал 4 пайызы тіпті тамақ та сатып ала алмайды екен. Сауалнамаға қатысқан ауыл әйелдерінің 25 пайызында табыс көлемі отбасында бір адамға шаққанда 31 мың мен 50 мың теңге арасында. 13 пайызында отбасын­дағы әлгі көрсеткіш 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін. Тек 1,6 пайы­зында кіріс көлемі адам басына шаққанда 100 мың теңгеден жоға­ры. Яғни, сырттай жобалап алсақ, ауылдағы отбасының табысы 50-60 мың теңгенің шамасы. Азық-түлік бағасы еселеп өсіп жатқанда бұл қаражат бір шаңырақтың бар қажетін өтей ме, жоқ па, есептей беріңіз. Ал ауылда үйге табысты кім әке­леді? Сауалнамаға қатысқан әйел­дердің сөзіне сенсек, 37 пайы­зын­да – ер-азамат. Әдетте, бұл – көп­ба­лалы қазақ отбасы, әйел орта бі­лім­ді және үй шаруасында, ба­лалары кәмелет жасқа толмаған. 20 пайы­зында ерлі-зайыптылар қатар қыз­мет етсе, қалған 20 пайыз жағ­дай­да үйге табыс әкелуші – әйел адам. Сұраққа жауап берген әйел­дердің 11,5 пайызы «жалғыз табыс көзі – менің зейнетақым не жәрдема­қым» деген. Басқаша айтқанда, ауылдағы отбасылардың тең жар­ты­сында әйел адам табыс табушы рөлде. Бір ауыл. Түрлі мүмкіндік. Зерт­теушілер ауылдағы әйелдердің ұлттық ерекшелігіне де назар ау­дарған. Мәселен, басқаларға қа­ра­ғанда қазақ әйелдерінің ауылда өз баспанасына қол жеткізуге сенімі төменірек екен. Сондай-ақ қазақ әйелдері экономикалық жағдай туралы сұрақтарда көбіне «жауап жоқ» деген нұсқаны таңдаған. Бұл екі сауал ауылдағы қаракөз әйел­дердің шалқып жүрмегенін және қаржылық сауаты да жоғары бол­май тұрғанын көрсетіп тұр. Есе­сіне, орыс ұлтының өкілдері өз­дерінің сатып алу қабілетін орташа немесе орташадан жоғары деп жиі бағалаған. Бірақ сол орыс және басқа да ұлыс өкілдері ауылда әйелдердің жұмысқа орналасуында белгілі кедергілер бар деп есеп­тейді. Бәлкім, мемлекеттік тілді мең­гермеуі бюджеттік мекемеге орналасуына тосқауыл шығар? Жауаптардағы айырмашылық тек ұлттық ерекшелікте ғана емес, өңірлерге де байланысты екен. Ол түсінікті де. Кейбір аудандарда кәсіпкерлік пен өндіріс қатар дамыса, басқалары әлі де рес­пуб­ликалық бюджеттің дотациясында отыр. Сәйкесінше, ол аймақтарда ахуал кісі қуанарлықтай жағдайда емес. Мәселен, орталық және шы­ғыс өңірлердің тұрғындары ауыл әйелдерінің жұмыспен қамты­луында қиындықтар бар десе, солтүстік және батыс облыстарда ау­ыл әйелдерінің қаржылық та­бысқа қол жеткізудегі мүмкін­дік­тері жоғарырақ деп есептейді. Ел асуға асығады. Ауылдағы жағдайға көңілі толмай, өзге об­лысқа немесе елдерге қоныс ауыс­тырғысы келетіндер де бар. Олар­дың үлесі – 64 пайыз. Яғни, тым жоғары әрі алаңдатарлық жағдай. Мүмкіндік туса, мекенжайын өз­герткісі келетіндер көбіне Жам­был, Павлодар және Батыс Қазақ­стан облысында жиі кездеседі. Ал миграция мәселесін мүлде қарас-тырмайтын әйелдер (85%) Түркіс­тан облысында тұрады. Ауыл әйел­дері негізінен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына көшуді құп көреді. Ресейге бет алуды да жос­парлап жүргендер бар. Мекен ауыс­тыру көбінің көңіліндегі ой бо­л­са да, нақты шешім қабыл­да­ғандар аздау. Көшетіндер – негі­зінен жастар. Ал отбасылы, бюд­жеттік мекемеде қызмет ететіндер әзірге түйіншегін даярлап отырған жоқ. Жалпы, былтыр Қазақстанды 45 мың азамат тастап кеткен. Оның басым бөлігі Ресейге бет алыпты. Ауылда жұмыс аз. Сондықтан сұраққа жауап қатқандардың 15 пайызының отбасында бір адам қалада жұмыс істеп, нәпақасын сонда тауып жүр. Әсіресе, бұл еліміздің батыс өңіріне тән құ­былыс. Батыс аймақтарда жұмыс­тың вахталық әдісі кең тарағаны белгілі. Бұл ретте жол шығыны табыстың едәуір бөлігін алуы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандар-дың 59 пайызы ғана жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі (27%) – бюджеттік саладағы қыз­меткерлер. Тек ауыл әйелдерінің 17 пайызы жеке салада жұмыс іс­тейді. Ауыл­дағы нәзік жандылар­дың шамамен 37 пайызы эконо­микалық тұр­ғы­дан белсенді емес, 25 пайызы – үй шаруасындағы әйел­дер, 12%-ы – зейнеткерлер. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық. 2017 жылы елімізде тіркелген бар­лық қылмыстың 38 пайызында әйел адам зардап шеккен екен. Ең жиі кездесетін қылмыс – үйдегі зорлық. Бұл заңбұзушылық ауылда және оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Онда әрбір екінші әйел аталған қиыншылыққа тап болады. Алайда ұят, ағайын бар деп, күйе­уіне мате­риалдық тұрғыда тәуелді болып, басындағы базынасын по­лицияға жеткізбейді. Өкінішке қа­рай, ауыл әйеліне қол көтерген­дер ғана емес, тіпті қыз-келін­шек­терді зорлағандар да түрлі себеппен жазасыз қалатын көрінеді. Осы­лайша, ауылдағы «жабулы қазан жабылып» қала береді. Ал мұндай қиын шақта кө­мекке келетін елдегі әйелдерге ар­налған 28 дағдарыс орталығы­ның барлығы дерлік не бас қа­ла­лар­да, болмаса облыс орталық­тарында жайғасқан. Сол себепті ауылдағы әйелдердің олармен байланысып, көмек алуы қиындай түседі. Тағдыры сан алуан ауылдағы әйелдердің айтылмаған, алайда күнделікті күйбең тіршілігінің бір бөлігіне айналған жоғарыдағы түйткілдері аз емес.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА