Президентке Наурыз мейрамына орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр

Мемлекет басшысының атына Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп жатыр.

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

– Мен қазақ-қытай байланыстарын дамытуға баса мән беремін. Екі ел арасындағы дәстүрлі достықты нығайтуға негізделген өзара тиімді және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын, – деп жазылған жеделхатта.

АҚШ президенті Джозеф Байден құттықтауында елдеріміздің климаттық дағдарыс, энергетикалық қауіпсіздік және экология мәселелерін шешу ісіндегі кейінгі жылдары қол жеткізген табыстарын мақтан тұтатынын атап өткен.

– Бұл ынтымақтастық ұрпақ болашағын жарқын етуге септігін тигізеді. Үміт пен жаңарудың нышаны болып саналатын Наурызда елдеріміздің арасындағы серіктестік пен халықтарымыздың достығы одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтауында Наурыздың жақсылық пен молшылықтың мейрамы екеніне назар аударған.

– Ортақ мәдениетіміздің маңызды бөлігі саналатын осы айтулы күнде достық пен бауырластық байланыстарымыз одан әрі нығая түсеріне сенім білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиëев өз құттықтауында бауырлас халықтар бұл мейрамды мыңдаған жылдан бері салтанатты түрде әрі кең көлемде тойлап келе жатқанын айтты.

– Өзара сенімге, құрмет пен ортақ мүддеге негізделген бауырлас және көршілес екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, қарқынды түрде дами беретініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Қырғызстан Республикасының  президенті Садыр Жапаров құттықтау жеделхатында көнеден келе жатқан Наурыз мейрамы қырғыз бен қазақ халықтарының тарихы мен құндылықтарының ортақ екенін білдіретінін атап өткен.

– Алдағы уақытта жүзеге асырылатын екіжақты іс-шаралардың нәтижелері елдеріміз арасындағы саяси диалогтің жоғары деңгейде екенін нақтылап, қырғыз-қазақ ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіремін, – деп жазылған жеделхатта. 

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құттықтау жеделхатында мыңдаған жылдан бері адамзатқа жол сілтеп келе жатқан берекелі Наурыздың көне ғұрыптары мен бай рухани тағылымы қазір де адамдарға шаттық сыйлайтынын айтқан.

– Наурыз мерекесінің игі дәстүрлері елдеріміз арасындағы достық пен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ өзара ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында одан әрі кеңейе беретініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов құттықтауында әлемнің көптеген елінде кеңінен тойланатын осы ғажап мереке көктемнің келуі мен табиғаттың қайта түлеуін білдіретінін жеткізген.

– Наурыздың баршаға мәлім дәстүрлері мен мәдени әдет-ғұрпы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті дәріптейді. Бұл құндылықтар қазіргі кезеңде ең өзекті мәселе саналады және халықтарымыз арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға ықпал етеді, – деп жазылған жеделхатта.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев құттықтау жеделхатында көктемгі көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын Наурыз мерекесінің ежелгі дәстүрлерінің сақталуы сан ғасырлық мәдени мұрамызға көрсеткен құрметіміздің бір белгісі саналатынын жазған.

– Жуырда Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапарыңызды, шынайы және өзара сенім жағдайында өткен кездесуімізді, екіжақты қарым-қатынастардың барлық саласы мен ынтымақтастығымыздың перспективасы бойынша жүргізген жан-жақты келіссөздерімізді зор ризашылықпен еске аламын. Алдағы уақытта да Әзербайжан мен Қазақстанның достығын, бауырластығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмсайтынымызға сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси құттықтау жеделхатында Наурыз мерекесін бейбітшілік пен татулықтың, достық пен ынтымақтың символы деп атап өткен.

– Күн мен түн теңеліп, табиғаттың жаңғыруымен адамдардың бойында ізгі қасиеттер қалыптасады. Осы арқылы адамзат жат қылықтан арылып, қоғамымыз кемелдене түседі, – делінген жеделхатта.

Сонымен қатар өз құттықтауларын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хусрав Нозири, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және өзге де халықаралық ұйымдардың, компаниялардың, оқу орындарының басшылары мен басқа да ресми тұлғалар жолдады. Құттықтаулар әлі де келіп түсіп жатыр.