Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев дзюдодан Тблисиде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысының жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Финалда ол Израиль спортшысы Ям Уолцакты ұтты. Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрқанат Серікбаев жарыс барысында барлығы бес кездесу өткізіп, бесеуін де жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде ол Джохан Рожас (Колумбия), Иехонатан Векслер (Израиль) және Дильшот Халматовтан (Украина) басым түсті. Ал жартылай финалда Grand Slam жарысының үш дүркін жеңімпазы Балабай Агаевты ұтқан болатын.
Айта кетерлігі, бұл отандасымыздың Grand Slam жарысындағы алғашқы алтыны. Бүгінгі нәтижесі Нұрқанат Серікбаевқа әлемдік рейтингте қосымша 1000 ұпай еншілеуіне мүмкіндік береді.
Тблисиде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысы наурыздың 24-іне дейін жалғасады. Жарысқа 83 елден 531 татами шебері қатысып жатыр.