Бұл ахуалға өңірде күннің күрт жылынып, бірнеше күннен бері толассыз жауған жауын себеп болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сондықтан көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су басу қаупі басым аймақтарды аралап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді. Сырдария өзенінің ағысындағы елді мекендердің тұрғындарымен жүздесті.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жаңбыр суын сору жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жолындағы жайпап өтетін «қызыл судан» қорғану үшін бөгеттер қойылып, су арналары қауіпсіз аймаққа ауыстырылған. Құрал-жабдықтар мен инертті материалдар ретке келтірілді.
Маман да, арнайы техника да жеткілікті. Жағдай тұрақты болғандықтан, қауіпті учаскелер жауапты қызметкерлер мен құзыретті органдардың жіті бақылауында. Тасқын кезінде халықты шұғыл эвакуациялауға арналған орын дайын. Мамандар облыстың барлық аймағында наурыз айында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болады деп ескертеді, – делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.