Ұлыстың ұлы күнінде Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында 15 киіз үй тігілді

Биылдан бастап елімізде 14-23 наурыз аралығында Наурыз мерекесі «Наурызнама» деген атаумен он күн тойланады.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде Исатай-Махамбет алаңында  15 киіз үй тігілді. Мейрамды тойлауға жиналғандар наурызкөже ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Наурыз тойына қатысқан аймақ басшысы Серік Шәпкенов киіз үйлерді аралап, қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады,  деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Орталық алаңда «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараның шымылдығы М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры әртістері сахналаған  «Қош келдің, көктем» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген биылғы Наурыз тойы ерекше тойлану үстінде екенін атап өтті. 

 «Дана халқымызда «Ораздының отыз қонағы бір келеді» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай, биылғы Наурыз ерекше өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев санаулы күн бұрын қасиетті Атырау жеріне арнайы келді. Еліміздің ардақты азаматтары Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізу үшін Атырауда жиналды. Барша мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айында күллі қазақстандық ең асыл тілектерін тілеп, дұғаларын жасап жатыр»,  – деді С.Шәпкенов.

Биылдан бастап елімізде 14-23  наурыз аралығында Наурыз мерекесі «Наурызнама» деген атаумен он күн тойланады. Бүгінге дейін облыс көлемінде мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.