Ақтөбеде дүкеншіні отыз жерден пышақтан жауыздықпен өлтірген нашақорларға үкім шықты. Сот, жасаған қылмыстарының ауырлығына орай Марат Жүсіповті 20 жылға, ал Александр Каневті 16 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Astana.tv. Бұл екі жігіт жеті ай бұрын Бадамша ауылындағы дүкенге шабуыл жасаған еді. Дүкенші Феруза Пірманованы отыз жерден пышақтап, жауыздықпен өлтірген. Марқұмның алтындарын шешіп алып, кассадағы 150 мың теңгені алып кетті. Қаскөйлерге бүгін соңғы сөз берілді. Алайда олар жақ ашпады. Белгілі болғандай, Марат Жүсіпов бұған дейінде істі болған екен. Енді оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның сыбайласы Александр Каневта 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бұлар түзету мекемесінде нашақорлық пен маскүнемдіктен мәжбүрлі емделетін болады. Бірақ марқұм болған Феруза Пірманованың жақындарының үкімге көңілі толмай отыр. "Негізі өмір бойына жіберу керек еді. Ең қатаң жаза сол болар еді. Басқа айтарым жоқ", - деді марқұмның жолдасы Тілектес Пірманов. Бір ескерерлігі, мемлекеттік айыптаушы жарыссөз кезінде Марат Жүсіповке өмір бойына, ал Александр Каневке 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Жәбірленуші тарап апелляцияға жүгіне ме, жоқ па әзірге белгісіз. Сотталушылар марқұмның отбасына 9 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі тиіс.