Алматы облысындағы 18 жастағы қыздың өліміне қатысты тың деректер шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Жақындарының айтуынша, марқұм Жаннұр Қали күдіктілермен бір пәтерде бір аптадай бірге тұрған. Сол уақыт аралығында жас жігіттер бойжеткеннің атынан 2 рет несие алған. Ақыр соңында қызды өлтіріп, ізін жасыру үшін жартылай өртелген денесін жазық далаға тастап кеткен. Қазір жантүршігерлік қылмысқа барған 23 және 21 жастағы екі жігіт қамауда отыр.
Жантүршігерлік қылмыс осыдан бір апта бұрын болды. Жас жігіттер 18 жастағы қызды әбден ұрып-соғып, Қонаев қаласының маңына әкеледі. Сөйтіп, жазық далада өлтіріп, артынан өртеп жіберген. Бірақ денесі толық өртенбеген. Полицейлер осы күйінде тауып алған. Мұндай жауыздыққа барған күдіктілердің бірі марқұм Жаннұр Қалидың сөйлесіп жүрген жігіті болып шыққан. Екеуі наурыздың басында интернет арқылы танысқан. Кейін тіпті бір пәтерде тұрған.
«Тергеушінің айтқаны, бұлар 7-сі күні танысқан. 9-нан бастап 1 апта бірге тұрған. Атынан кредит алдырған. iPhone телефонын сатқан. Содан кейін Бақанастың жолында қасақана өлтірген деп қысқа мәлімет берді. Екі адам өлтірген. Битамен ұрған. Өртеген», - дейді марқұмның туысы Ботагөз Ұябаева..
Дәм-тұзы небәрі 18 жасында таусылған Жаннұр Қали Өтеген батыр ауылында тұрған. Осында колледжде аспаз мамандығында оқыған. Бірақ жақында оқуын тастап, Алматыда жұмыс істеймін деп кеткен. Күдіктілер бойжеткеннің жетім екенін біліп, іздеу-сұрауы болмайды деп ойлап, пайдаланғанына туыстары сенімді.
«Күдіктілермен танысқан кезде ешкімім жоқ, жетім қызбын деп айтқан екен. Жетім болғанда, әкесі 2007 жылы қайтыс болды. Анасы аналық құқығынан айырылған. Бала екінші нағашымның қолында өскен. Кейіннен 7-сыныпқа өткенде апамыздың қолына өткен», – дейді марқұмның туысы Ботагөз Ұябаева.
Жаннұрды осы уақытқа дейін бағып-қаққан туыстары кінәлілердің қатаң жазаға тартылуын талап етуде.
«Қызымды осындай қорлықпен өлтірген адамдар әділ жазасын алсын, бұларға ешқандай жеңілдік болмасын. Өздері қалай балама қиянат жасады, сондай өлім болсын бұларға. Ату жазасын сұрар едім баламды қорлаған адамдарға. Баламды алдап-сулап, сеніміне кіріп, осындай жауыздық жасаған», – дейді марқұмның туысы Бағдат Қашқынбекова.
Қазір қолын қанға малған 21 және 23 жастағы екі сыбайлас қамауда отыр. Біреуі Алматы қаласының, екіншісі Қонаев қаласының тұрғыны. Қанды қылмыс жайлы полицияға осы екеуінің досы хабарлаған көрінеді. Кейін қаскөйлер ұсталып, кінәсін толықтай мойындаған.
Тергеу барысында күдіктілер 14-15 наурызға қараған түні Қонаев қаласының оңтүстікбатыс бөлігінде орналасқан жерде зорлық-зомбылық көрсетіп, жас қызды өлтіргені анықталды. 21 наурызда екі күдікті тергеу сотына бұлтартпау шарасына санкция беру үшін ұсынылды және сот шешімімен олар қамауға алынды. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері кісі өлтіру бабы бойынша, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының өзімшіл ниетпен басқа адамға заңсыз қасақана өлім жасауы бойынша сараланады. Іс 99-бап бойынша қозғалған. Заңға сәйкес, енді екеуі де 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.