Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Вашингтонға сапары өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан СІМ басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесу өткізіп, оның барысында ҚР-АҚШ саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің үдемелі дамуын талқылады.
М.Нұртілеу Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының теңдестірілген сипатын атап өтіп, озық америкалық технологияларды тарту, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және өзара тиімді сауда қатынастарына қол жеткізу арқылы Қазақстанның көлік-логистикалық, инфрақұрылымдық және сауда-инвестициялық әлеуетін прагматикалық іске асыруға ерекше назар аударды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 33%-ға артып, 4 млрд АҚШ долларын құрады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары елдер арасындағы энергетикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, климат, бітімгершілік және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді.