Шығармашыл адамдар арасында үрей туғызған Sora-ның мүмкіндіктерін New Atlas сайтында жарияланған видео роликтерден көруге болады. Aikyn.kz америкалық сайтқа сілтеме жасай отырып, жасанды интеллектің шығармаларын талдайды.
Адамның қиялы жете бермейтін видеоларды OpenAI компаниясының Sora деп аталатын платформасының көмегімен түсіруге болады. Сіз жазған мәтін бойынша қысқа видеолар түсіруге қабілетті ЖИ шығармашыл адамдарға қысқаметражды фильмдер жасауға таптырмайтын көмекшіге айналды. Кино мамандары таңғалу мен қорқыныштың арасындағы екіұдай сезімде болған.
Shy Kids – Торонтода орналасқан музыкалық бейнелер, жарнамалар, телехикаялар, қысқа және көркем фильмдер шығаратын шағын продакшн компания. Команда Sora-ны пайдаланып, басында сары шары бар адам туралы абсурдты, бірақ әсерлі қысқаметражды Air Head фильмін жасады.
«Сора шынайы болып көрінетін нәрселерді жасауда қаншалықты жақсы болса, біз оның мүлде сюрреалистік нәрселерді жасау қабілетіне таңданамыз. Бізде бұрын мүмкін емес деп ойлаған оқиғаларды кеңейту мүмкіндігіміз бар», – дейді Shy Kids өкілдері.
Ал Лос-Анджелестегі көптеген марапатқа ие болған продюсерлік Native Foreign компаниясының шығармашылық директоры Ник Клеверов Sora оған бюджеттік шектеулерге қарамай жұмыс істеуге мүмкіндік бергенін айтады. «Мен жүріп бара жатып ойлайтын креативті адамдардың бірімін, сондықтан Sora-ның көмегімен мен кез келген идеяны жүзеге асыра алатынымды сеземін», – дейді Клеверов.
Қазіргі ЖИ жасаған бейнелерді шынайы өмірден алынған бейнеден ажырату қиындағанымен, жасанды интеллект әлі де кейбір нюанстарды түсінбейтінін көрсетті. Ең озық ЖИ генераторларының бірі болса да Sora велосипед жөндеп жатқан адамды көрсетудің орнына видеоның 13-ші секундында «Biycle Repaich» атты дүкенді көрсетеді.
«Ұзақ уақыт бойы мен гибридті толықтырылған шынайылық жаратылыстарын жасап жүрмін. Бұл менің ойымда жүрген көңілді комбинациялардың көрінісі. Қазір менде компьютерге енгізу үшін 3D өлшемді кейіпкерлерді жасаудың әлдеқайда оңай жолы бар. Менің ойымша, Sora маған уақытты үнемдеуге және күш-қуатымды оңтайлы жұмсауға мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді Стивенсон.
Шығармашыл адамдар Sora-ның пайдалы жағы мен қауіпті жақтары да бар екенін айтуда. Голливудтың атақты продакшн студиялары Sora-ның мүмкіндіктерін алғаш көргеннен кейін өздерінің бизнес-жоспарларын тоқтатып қойған.
Кинорежиссерлер Sora-ның «ақылға қонымды» мүмкіндіктері үшін мақтауда және бұл технология жетілдірілген соң фильмдерді қымбат декорациялар жасамай-ақ, локация іздемей-ақ компьютерде дайындауға болатынын айтуда. Бірақ бұл ЖИ технологиясы киноиндустрияда жұмыс күшін қысқартуға алып келетіні алаңдаушылық туғызуда.
Жаңа кино түсіру технологиясының мүмкіндіктерімен танысқанда бірден саладағы барлық адамдар, соның ішінде актерлер, электр мен жарық, көлік, дыбыс және басқа да редакторлар туралы ой туады. Бұл технология жақын болашақта тұстастай киноиндустрияға әсер ететінін продюсерлер мойындауда.
Sora платформасын жасаушы OpenAI-дің бас техникалық директоры Мира Мурати: «Менің ойымша, бұл шығармашылықты арттыру құралы. Және киноиндустрияның адамдары біздің Sora-ны әрі қарай дамытуға бірге қатысқанын қалаймыз», – дейді.
Жасанды интеллект Sora-ны оқыту үшін OpenAI компаниясы қандай деректерді пайдаланылды деген сұраққа Мурати ханым америкалықтардың 80%-ын алаңдататын жауап берді: «Біз қоғамдық деректер мен лицензияланған деректерді пайдаландық». Facebook немесе Instagram бейнелері пайдаланылды ма деген сұраққа Мурати қинала жауап берген: «Егер олар жалпыға қолжетімді болса, мұндай деректер болуы мүмкін. Бірақ мен сенімді емеспін, мен бұған сенімді емеспін».
Мына видео ролик толық Sora платформасында жасалған өнімдерден құралған. Оның мүмкіндіктері шынымен де қорқынышты:
Қазір АҚШ Сенатында онлайн платформалардан ЖИ үлгілерін үйрету үшін тұтынушылардың келісімін алуды талап ететін заң жобасы талқыланып жатыр.
Sora қазірдің өзінде керемет туындылар жасай алады. Ол кішкентай бала емес, енді жүгіре бастайды.