Алматы облысында 10 күннен бері үш жасар қыз табылмай жатыр. Аймақты жан-жақты тексеру нәтиже бермеген. Енді Күш ауылындағы көлдің суын бірнеше метрге ағызбақшы. Ол жоғалған қыздың үйінің дәл жанында орналасқан. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғалған бүлдіршінді іздеуге тағы бір апта кетеді. Іздеуге тәжірибелі сүңгуірлер де қосылды.
Айя-София 17 наурыз күні түстен кейін жоғалып кеткен. Оның үйден шығып кеткенін ешкім байқамай қалыпты. Баланың анасы оның жоғалғанын сол күні хабарлаған. Полицейлер, құтқарушылар, еріктілер, ауыл тұрғындары, тіпті әскерилер қызды іздеуге шықты.
Осы уақыт ішінде іздеу аймағы айтарлықтай кеңейді. Қазір ауылдың барлық іргелес аумақтары мен көршілес ауылдық округтердің шаруа қожалықтары іздестіріліп жатыр. Айя-Софияны тікұшақпен, төрт ұшқышсыз ұшақпен де іздеуде. 25 ит пен 10 атты топ жұмылдырылды. Іздеу шарасына барлығы 300-ден астам адам жұмылдырылған.
“Қыз күні бүгінге дейін табылмай жатыр. Еңбекшіқазақ ауданы төтенше жағдайлар қызметінің әскери жасағы 300-ге жуық адаммен қызды іздеуді жалғастыруда. Іздеу қыз табылғанша жалғасады”, – деді Балтабай ауылдық округінің әкімі Сәуле Әліпова.
Бұған дейін Алматы облысында үш жасар қыз он күннен бері табылмай жатқаны хабарланды.