Мал өсіруге – арнайы несие

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Шағын несиелеу бағдарламасына өтініш білдірген ауыл тұрғандарының көбісі мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Орталық коммуникациялар қыз­ме­­тін­де өткен дөңгелек үстел бары­сында Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Ербол Тасжүреков осылай деп мәлімдеді. 

– Мал шаруашылығы саласына бе­ріл­ген микрокредиттер жалпы несие­нің 79 пайызын құрайды. Не­сиенің 4,1 пайызы өсімдік шаруа­шылы­ғына, 16,9 пайызы ауыл шаруа­шылы­ғына жат­пайтын бизнес түрле­ріне бағытталды. Қаражаттың негізгі бөлігі Жамбыл, Түр­кістан, Ақтөбе және Алматы облыс­тарына үлестірілді, – деді ол.

Айта кету керек, аталған облыстарда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасының ең көп саны тір­келген.  

Вице-министрдің мәліметінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасының ережесіне сәйкес, жылдық 2,5% сыйа­қы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге микрокредит беру көзделген. Мал шаруашылығы сала­сын­дағы жобалар үшін микрокредит 7 жылға дейін беріледі. Микрокредит­тің ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке тең. 

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Акцепт» еншілес ком­паниясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микро­кредит­теудің ақпараттық жүйесін әзірлеген. Ол кредит алу үшін электрондық өті­нім беруге мүмкіндік береді. Ведомство өкілінің айтуынша, аталған жүйе Жам­был облысында іске қосылған. Жа­қын арада Ақтөбе және Алматы об­лыстарында енгізіледі.

Ұлағат БЕКБОЛАТ