Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрі тәуелсіз Қазақстанның тарихында сот жүйесіндегі татуластыру рәсімдерімен жалғасты. Қазір соттар тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Өзара келісімге келген тараптар татуласу келісімін, медиациялық немесе партисипативтік келісім жасап, дауды реттей алады.
Бұл ретте Қызылорда облысының соттары да сот төрелігін тәуелсіз, бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі қызмет атқарып, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, халық арасындағы дауласу деңгейін азайтуға өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде сот жүйесінде даулардың және құқықбұзушылықтардың кейбір санаттарын тараптардың татуласуымен аяқтауға мүмкіндіктер берілген. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 68-бабы татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға арналған. Онда қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататыны көрсетілген.
Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Дегенмен де қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша кейбір санаттағы қылмыстық істерді тараптардың татуласуымен аяқтау мүмкін емес. Атап айтқанда, азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып келген қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға медиация тәртібі қолданылмайды.
Осы ретте статистикалық мәліметтерге тоқталып өтсем. Қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылатын істердің санатында Қызылорда соттарында татуласумен аяқталатын істердің көбейгенін байқаймыз. Былтыр Қызылорда соттарының өндірісіне 1 148 қылмыстық іс түскен. Істердің түсуі алдыңғы жылмен салыстырғанда көбейген. Барлығы 1 141 қылмыстық іс 1 212 адамға қатысты аяқталса, осы істердің ішінде 17 адам сот үкімімен кінәлі деп таныла отырып, жазадан босатылған. Яғни, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне бойынша сот үкіміне сәйкес жәбірленушімен татуласуына және келтiрiлген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сонымен қатар қылмыстық істер бойынша 177 адамға қатысты 152 қылмыстық іс қысқартылса, оның ішінде 147 іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған. Мұның өзі, әрине көңіл қуантарлықтай нәтиже. Қылмыстық құқықбұзушылық орын алса да, азаматтардың өзара келісімге келіп, істі ымырамен аяқтауға тырысқандары қуантады.
Азаматтық істер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып кетсек, 2023 жылы Қызылорда облысы соттарының өндірісіне 21 670 талап қою түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, талап қоюдың түсу көрсеткіші 3 213-ке немесе 14,82%-ға көбейген.
Көбею көрсеткішінің басым бөлігін банктік келісімшарттар бойынша және нотариалдық іс-әрекеттерге шағым жасау санатындағы арыздар мен шағымдар құраған және бірнеше рет қайталанып түсіп отырған.
Былтыр Қызылорда облысының соттарында барлығы 17 435 азаматтық іс аяқталған. Оның ішінде татуласу рәсімдерімен 2 563 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Жекелей тоқталатын болсақ, татуласу келісімімен 77 іс, партисипативтік тәртіппен 24 іс, медиация тәртібімен 2 324 іс аяқталған.
Татуласу рәсімдерінің көмегімен істерді аяқтау барысы әкімшілік істерде де нәтижелі жүзеге асып келеді. Өткен жылы Қызылорда облысының соттарында әкімшілік істер бойынша 1 239 әкімшілік іс қарауға түскен. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 50,2%-ға көбейген. Істердің санаттары туралы айтсақ, жер дауы, сот орындаушыларының әрекетіне дау айту, мемлекеттік сатып алу, салық дауы, тұрғын үй даулары, еңбек дауы, мүліктік даулар, мемлекеттік қызмет саласындағы даулар, құқық қорғау саласындағы даулар әкімшілік соттардың қарауына жиі түседі.
2023 жылы барлығы 1 137 әкімшілік іс аяқталған. Оның ішінде 295 іс татуласу рәсімдерімен аяқталған, 292 медиация, 3 бітім келісімі бекітілген. Бұл барлық аяқталған істердің 25,9%-ын құрайды және республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. 2022 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш үш есеге жуық артқан.
Сонымен қатар былтыр 595 әкімшілік талап қою қайтарылған, оның ішінде 295 әкімшілік талап тараптардың өзара бітімгершілікке келіп, дауды келісіммен аяқтау туралы ымыраға келуіне байланысты қайтарылған.
Қазақ халқы ертеден сөзге тоқтай білген. Сол себептен болар, сот жүйесінде іске асырылып жатқан татуластыру шаралары өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұл ретте халықты татуластыруға, дауларды азайтуға Қызылорда облысының соттары ерекше үлестерін қосуда.
Би-шешендеріміз ұлт бірлігін нығайту мәселелерін келелі жиындарда талқылап, халық арасындағы келіспеушіліктен туындайтын дауларды шешетін болған. Қызу айтыс-тартыстар ушығып кетер тұста, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін билер айтқан. Бүгінде билердің төрелік айту дәстүрі сот жүйесінде татуластыру рәсімдері арқылы жалғасын тауып, халық арасындағы дауды азайтуға септігін тигізуде деп сеніммен айта аламыз.
Әділхади ШЫҒАМБАЕВ,
Қызылорда облыстық сотының төрағасы