Синоптиктер бұл жауын әлі екі күн жауады деп болжауда. Орал қаласы Венеция секілді судың ортасында қалатын түрі бар. Айтпақшы, қызыл су бірнеше үйге де басып кірген. Кешелі бері штабқа 281 өтініш келіп түсіпті.
Орал қаласында еріген қар суына кешелі-бері тоқтаусыз жауған жаңбыр суы қосылып, халықты әбігерге салып жатыр. Көшелерді су алып кеткені сондай жүру мүмкін емес. Ал коммуналдық мекеме қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, күндіз-түні су сору жұмыстарын атқарып жатыр. Бірақ тоқтаусыз жауған жауын шамаға қаратар емес. БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жедел желі іске қосылды.
– Су тасқынының алдын алу жұмыстарына су соратын 70 техника жұмылдырылды. Бүгіннен бастап 100-ден астам техниканы тарту жоспарланған. Сондай-ақ 108 қосымша техника жұмыс істеуде. 18 мың құмды қапшықтар дайындалып, қажетті жерлерге жеткізілуде. Орал қаласында су тасқынының алдын алу бойынша қалалық штаб 15 наурыздан бастап жұмыс істеуде. Қалалық штабтың жедел желісіне тұрғындардан ауласын су басу туралы 249 мекенжай бойынша 600-ге жуық өтініш түсті. Өтініштер көбінесе Зашаған, Деркөл кенттерінен, жеке тұрғын үй секторларынан түсуде, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Қаланы су алып кеткені сонша тұрғындар жергілікті билікке өкпелі. Әлеуметтік желіде «Жылда осы, неге бір әкім осы жағдайдың алдын алмайды», «Су тасқынына дайынбыз дегені қайда, үйімізді су басып жатыр, неге суды уақытында сормайды», «Бұл Орал емес, Венеция ғой» деген сарындағы сыни жазбалар көбейді. Тұрғындардың сынына қала әкімінің орынбасары былай деп жауап берді.
– Қаладағы арық жүйесіне қатысты сын көп айтылады. Біз тұрғындардың бұл сынын өте жақсы түсінеміз. Жылда қаладағы арық жүйесін жаңалау және салу бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, Деркөл кентінде Сарыарқа шағынауданында Б.Майлин, Тақсай, А.Жұбанов және Ә.Қашаубаев көшелері бойынша ұзындығы 3,5 шақырым болатын арық жүйесі салынды. Зашаған кентінде Балауса шағынауданыда Жалаңтөс батыр, С.Рахимов, А.Маметов, Е.Радлов көшесінен Есет батыр көшесіне дейін 1,3 шақырым болатын арық жүйесі салынды. Сонымен қатар Сарытау шағынауданындағы С.Айтқұловпен А.Гужвин көшелері қиылысында, Орал–Саратов тасжолы бойындағы «Алтындар» сауда үйі маңында диаметрі 1 000 мм қосымша су өткізгіш құбырлар салынды, – деді қала әкімінің орынбасары Жандос Асхатұлы.
Кеше түске дейінгі ақпарат бойынша қалада бірнеше үйге су басып кірген. Қазір мамандар нақты қанша үйге су кіргенін есептеп жатыр. Тоқтаусыз жауған жауынның кесірінен қала бойынша 700-ден астам үй жарықсыз қалған. Жалпы, су тасқынына қауіп негізінен өзендерден келеді. Биылғы болжам бойынша Жайық өзені қатты көтеріледі деп отыр мамандар. Ал төтеншеліктер болса өзендердегі жағдайдың бақылауда екенін айтты.
– Облыс аумағындағы өзендердегі мұздың еруі әзірге қалыпты. Судың көтерілу деңгейі де нормаға сәйкес. Қазір елдің оңтүстік аудандарында атап айтсақ, Бөкей Орда, Казталов, Жаңақала аудандарында қар түгелдей еріп болды. Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарында қар еруі жай жүруде. Солтүстік аудандардағы қардың қалындығы 20 сантиметрге жеткен. Одан көп қар жоқ, – деді БҚО Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мусиев.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев «әзірге төтенше жағдай жарияланбайды» деді. Қазір еріген қар суын сору жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Егер су тасқыны бола қалса, саяжайдағы халықты көшіретін 20 шақты орын дайын дейді мамандар. Ал синоптиктер болса, алда әлі екі күн жауын жауады деп болжап отыр.
Айта кетейік, жалпы БҚО бойынша 147 елді мекеннің суға кету қаупі бар. Олардың ішінде 30 шақты саяжай бар. Ал қала маңындағы саяжайларда 20 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы