"Мен күйеуіме қасақана пышақ тыққан жоқпын. Құрметті сот, біз қарбыз жеп отырғанбыз. Сосын оған біреу хабарласып, "Әйелің тағы TikTok түсіріп жатыр" деп айтты. Кейін күйеуім "пышақты ал да, өзіңе тық" деді. Оның арасында басымды жұдырықпен ұрды. Мен "қой, қазір пышақ кіріп кетеді" дедім. Пышақты қайта-қайта мойныма тақап қоймады. Мен пышақтың сабымен басынан салып қалсам, талып қалатын шығар деп ойлап, өзімді қорғадым", – деді Құндыз Молдабекова.
Айта кетейік, осыдан 8 ай бұрын Сарыағаш ауданында үш баланың анасы Құндыз Молдабекова өзінің некелі жарын азаптап өлтіріп, денесін Келес өзеніне ағызып жіберген. Келіншектің айтуынша, дау TikTok желісіне жүктелген видеолардың салдарынан туындаған. Артынша ерлі-зайыптылардың ерегісі үлкен жанжалға ұласып, қанды қылмыспен аяқталған.