ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі су тасқыны жағдайымен, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру барысымен танысты, – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Ақтөбе су қоймасының қазіргі жай-күйін тексерді, ол еріген қар суының шамадан тыс жиналуы салдарынан толып кеткен. Су қоймасындағы суды ағызып жіберу нәтижесінде Елек және Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан Ақтөбе қаласының саяжайлары су астында қалды. Қазіргі уақытта су қоймасы 100%-ға толған, су гидротехникалық құрылыстар арқылы секундына 1 000 текше метр қарқынмен жіберіліп жатыр. Р. Скляр су қоймасының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен келісуді тапсырды.
Сонымен қатар жұмыс сапары барысында ТЖМ өкілдерімен бірге Сазды су қоймасын, Қарғалы және Елек өзендерінің бойындағы бау-бақша және тұрғын алаптарын тікұшақпен аралап ұшып шықты. Алға ауданындағы қорғаныс бөгеттері тексерілді.
Мемлекеттік органдардың барлық күш-жігері су тасқынының салдарын барынша азайтуға бағытталған. Зардап шеккендерге Үкімет пен әкімдіктер тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады.