Іс-шара барысында алтыншы Орнықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар жергілікті жұртшылықпен кездесті.
Қазақстан үшін таза ауызсуға және сапалы санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды мәселе екені белгілі. Сенат Төрағасы су сапасының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проблемалар ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға дейін ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл міндетті сапалы орындау үшін бірқатар өзекті проблеманы шешу қажет. Қазір қолданыстағы көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан ол жерлер қауіптілігі жоғары объектілер қатарында қалып отыр. Арнайы техникаларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңартуды қажет етеді. Алайда нысандардың тозуы және соның салдарынан судың ысырап болуы мәселенің бір бөлігі ғана. Су сапасының нашарлауы да үлкен проблема екені белгілі. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана құрайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды. Жасалған келісімдерге және бекітілген су беру кестелеріне қарамастан, еліміздегі кейбір облыстардың тиісті су көлемін ала алмауы жиі кездесетін жағдайға айналды. Осыған орай Парламентаралық комиссияның төрағасы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен стратегиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді.
«Жаңа Су кодексін әзірлеу барысында негізгі мемлекеттік органдардың су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы құзыреттерін қайта қарау қажет. Бұл ретте ведомствоаралық үйлестіруге баса мән берген жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының ауылдарды таза ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Судың қолжетімділігін қамтамасыз етуді инвестициялау үшін нормативтік кедергілерді жоюға арналған шаралар қабылдаудың да маңызы зор. Оның ішінде ағынды суларды қайта пайдалану үшін заңнамалық және нормативтік базаны қалыптастыру қажет. Сондай-ақ суды үнемдеуге және ауыл шаруашылығында су ресурстарын жауапты басқаруға ықпал ететін агроазық-түлік тізбегі бойынша суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу керек. Суды үнемдеу, оның ысырап болуына және ластануына жол бермеу, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізуге арналған шаралар кешенін де әзірлеу қажет», – деді Сенат Спикері.
Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға алдағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсыным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орындалу барысы жұртшылықтың және Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті.
Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті.
«Аймақта шешімін күткен мәселелер бар. Әсіресе, облыс тұрғындарын су ресурстары мен жайылым жерлердің тапшылығы алаңдатады. Бүгін Парламенттік комиссияның отырысында осы бағытқа назар аудардық. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты түйткілдер де өте өзекті. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палата ретінде мәслихаттармен байланысты одан әрі арттыру және өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету жолындағы жұмысты жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған шаралар туралы айтты және ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға назар аударды. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды қоғамдағы іргелі әлеуметтік-мәдени өзгерістермен үйлестірудің маңызы зор екенін айтты.
Сапар кезінде Парламент делегациясы өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолында маңызы зор «Оранғай» су тазалау стансасына барып, нысанның жұмысымен танысты.