Соңғы жылдары біздің елде де ерікті жастардың қатары күн санап артып келе жатқанын көріп жүрміз. Ерікті топтар ең кіші шаруадан бастап елдік деңгейдегі ауқымды істерге де араласып, өздерінің үлкен күш екенін мойындатып келеді.
«Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерікті (волонтер) – латынның Voluntarius сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды.
Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуына ерекше назар аударылып отыр. Соңғы төрт жылда елімізде еріктілер саны төрт еседей көбейген екен. Мәселен, 2019 жылы волонтерлік ұйымның саны 50-ден астам болса, қазір 680-ге жетіп отыр. Ал сол 2019 жылы еріктілер саны елімізде 50 мың болса, қазір республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асқан көрінеді. Бұл туралы былтырғы жылдың көктемінде болған Халықаралық еріктілер форумы барысында белгілі болды.
Еріктілер ұйымдарының кез келген бағытта қандай қиын сәтте болсын аянбай бірден көмекке келуі шынымен де қуантарлық жағдай. Атап айтқанда, алдымен көмекке ұмтылып жататын түрлі санаттағы еріктілердің қатарынан «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері де жиі бой көрсететінін айтпай кетуге болмас.
Белсенді топ 2017 жылы Астанада әлемдік деңгейде өткен ЕХРО көрмесі кезінде де ерекше белсенділік танытты. Одан кейін әлемді жайлаған індет COVID кезінде де осы еріктілер ерекше ерлік көрсеткені белгілі. Тіпті, жастардан құралған еріктілер түрлі бастаманы көтеріп, сол бастамалары қоғамдық сипат алып жатқаны тағы бар. Атап айтқанда, еліміздің табиғи қорықтар алаңдарында орын алатын вандализмге қарсы петицияны қолдауға шақырады. Бастама, тіпті халықтық сипатқа ие болып отыр десек артық емес.
Одан бөлек, қыста көше мен аулалардың қарын шығару, жоғалған адамды іздеу, түрлі бағытта нұсқаушылық жасаудан бастап әр деңгейдегі апатты жағдайларға да жұмылдырылатын осы ерікті топ екен.
Мысалы, дәл көктемде болатын су тасқыны кезінде көмекке ұмтылатындардың қатарында ерікті жастар көп. Атап айтқанда, қазір еліміздің әр облысында болып жатқан су тасқынынан құтқару жұмыстарына еріктілер ерекше белсене араласуда. Олар суда қалған адамдарды құтқарудан бөлек, малдың басын аман алып қалу мен қызыл судың ағысын бөгеп, жолына топырақ төсеу сияқты жұмыстарға да белсене араласу үстінде.
Мұндай бастамашыл еріктілерді үнемі қолдап отыру керек екенін Президент те жиі айтып жүр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші біржеңнен қол шығарып бірігіп іс тындыру – ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрімізге де алыс емес. Сондықтан волонтер болу – бірліктің бастауы болмақ.
Бердібек ҚАБАЙ