Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуге депутаттық топтың жетекшісі – Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп төрағалық етті.
Сенатор Нұртөре Жүсіп өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бір ел-бір мүдде» алаңы құрылғанын және ол ұлттық бірлік пен әлеуметтік келісімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Біздің депутаттық топ жұмысының мақсаты – еліміздің Президенті қойған міндеттерді сапалы орындау аясында сындарлы алаң қалыптастыру. Депутаттық топ құрылған күннен бастап азаматтық қоғам институттарымен әлеуметтік келісім және ұлттық бірлік, еліміздегі ұлтаралық қатынастарды үйлестіру саласында бірқатар маңызды істер атқарылды. Бірқатар кездесу, семинарлар мен кеңестер өтті. Бүгінгі іс-шараны біздің ағымдағы жұмысымыздың жалғасы деп санауға болады», - деді депутат.
Кездесу барысында Закиржан Кузиев Сенатқа Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған бес депутаттың атқарған жұмыс туралы айтып берді. Ол сенаторлар Халықпен 150-ден астам көшпелі кездесу өткізіп, 5 заңға бастамашы болғанын, оның біреуіне Президент 2023 жылдың соңында қол қойғанын хабарлады.
«ҚХА-дан сайланған сенаторлар халықтан 130-дан астам өтініш қабылдады, мәселелердің басым бөлігі шешілді, қалған өтініштер біздің бақылауымызда тұр. 130-дан астам депутаттық сауал жария етілді. Олардың көпшілігі ҚХА-ның 32-ші сессиясында Президент айтқан тапсырмаларды орындауға қатысты болды. Біздің «бестіктің» барлық жұмысы белсенді түрде жария етілді. Әлеуметтік желілерде 300-ден астам мақала жариялады және телеарналарда сөз сөйледі, мұның өзі барша азаматтарға біздің жұмысымызды көруге және бағалауға мүмкіндік береді», - деді сенатор Кузиев.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері қатысты.