Өткен өкпе-наз ұмтылып, араздық кешіріледі. Жамандықтың бәрі амалда жауған ақша қармен жуылып, Қаратаудың ызғарлы желімен кептіріліп келмеске кетеді. Ағылған жұрт түбектің ең биік шоқысы – Отпан тауда бас қосып, арқа-жарқа көрісіп, келер күнге берекелі батасын береді. Сөйтіп, жұрт жаңа жылға жаңа көңілмен, жақсы тілекпен аяқ басады.
Айта кетейік, «Амал» мерекесі, «Көрісу» салты маңғаз мекенде бұрыннан бар, мұқым қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі.
– Қазір «Амал» мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. Көрісу салты, қара шаңырақ ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Бұл – Маңғыстау халқының соңғы жиырма жылда жасаған адал еңбегінің жемісі, ақ уыз ниетінің айғағы. Осы мәдени шаралардың негізі жүгін жастарымыз көтеріп, игілікті іске мұрындық болуда, – дейді бүкіл Алашқа танымал ақын Сабыр Адай.
Ақтаудағы әз Наурызды қарсы алу шарасының шымылдығы мереке қарсаңында теңіз жағасындағы алаңда кешқұрым түрілді. Ашық аспан аясындағы амфитеатр сахнасында шығармашылық ұжымдарының «Алтыбақан» ойын-сауық концертімен басталды. Мерекелік кеште әншілер мен бишілер өнер көрсетіп, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дильназ Тілепова «Қызымын елдің» әнін, Шолпан Берікбаева «Бипыл» халық әнін шырқады. Халықтық ұжым «Мұнара» би ансамблі «Шабыт» биін биледі.
– Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – халыққа мерекелік көңіл күй сыйлау. «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешені басшысының орынбасары Маргарита Омарова. Жиналған елді ұлыкүнмен құттықтады.
«Алтыбақан» фольклорлық ән-би ансамблінің тарихы 1972-1982 жылдары Бейнеу ауданына басталғанын айта кетейік. Сол жылдары аудандық мәдениет бөліміне Е.Болысов басшылық жасап, ұлттық өнерді салт-дәстүр, ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Алтыбақан» этнографиялық және фольклорлық ән-би ансамблін ұйымдастырып, алғашында он шақты өнерпазбен сахнаға шығарылған болатын. Оның құрылуына Б.Әзірханов, Ы.Юсупов, Б.Дарикулов, І.Көбеген, Ә.Ағысбаев, С.Адай, Б.Мырзабеков, тұңғыш режиссері С.Тастайбеков атсалысты.
«Алтыбақан» 1987 жылы Мәскеуде Қазақстан Республикасының мәдени күндеріне қатысты. Румыния, Болгария елдерінде өнер көрсетті. Бүкілодақтық халық шығармашылығының І және ІІ фестиваліне қатысты. Өнер ұжымы Қазақстан КП Орталық комитеті, Министрлер кеңесі, ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық комитетінің адресатымен, Бүкілодақтық композиторлар одағының бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
– Өңірде биылғы ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы ерекше атап өтілуде. Дүбірлі думан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бекітілген Наурызнама онкүндігі тұжырымдамасы аясында жыл басы – Амал мейрамынан бастап, 10 күнге жалғасты, – дейді облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Төлеуғалиева. Шынында да, ел аумағында жаңа форматта тойланған жасампаздық нышанындай жаңа жыл – әз Наурыз мейрамы Маңғыстау өңірінде ерекше атап өтілді. Теңіз жағалай 40-қа жуық үй тігіліп, ақ дастарқан кеңінен жайылды. Мерекеде жағалауда серуендеген халық қазақтың ұлттық тағамдары, атап айтсақ балқаймақ, құрт, бауырсақтан дәм татты. Қазақы нақышпен безендірілген киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татқан жұртшылық суретке түсіп, мәре-сәре болысты.
Сондай-ақ «Науша наурыз – бақ, ырыстың бастауы» деген атпен театрландырылған шара қойылып, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Амфитеатр аспанында халық әндері әуеледі.
Сонымен қатар ұлттық ойындар ұлықталып, атап айтсақ кір тасын көтеру, ләңгі тебу, бес асық, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту сынды сайыстарға халық белсене атсалысты.
– Ұйымдастырылған ұлттық ойындар қала тұрғындары мен қонақтары арасында өткізілді. Мерекелік шараға қатысқандардың көбі қол күресі, кір тасын көтеру және ләңгі тебуге қатысты. Бұл тұрғындардың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығының артуын білдіреді, – деді Ақтау қалалық Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Айдана Мұратова.
Мерекеде маңғыстаулық үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, алаңға киіз үй тікті. Жеті қанатты киіз үйді тігуге 50-ге жуық ҮЕҰ атсалысты. Киіз үй ішіне қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік дастарқан жайылды. Киіз үйдің ішінде сәбидің тұсауы да кесілді. Халқымыз ұл-қызының тұсауын бойына жақсылық дарысын деген мақсатта көреген, дана, сыйлы тұлғаға кестірген. Тұсау кесу мәртебесі ақын, «Адалдық алаң» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дайрабай Мамашұлына бұйырды.
Бұл шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысып, үкіметтік емес ұйымдардың тіккен киіз үйінде қонақ болды. Айта кетейік, амфитеатр алаңында алғаш рет журналистер үйі де тігілді. Мұнда өңірдегі БАҚ өкілдері қазақша нақыштағы киім киіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, қала тұрғындарын қарсы алып жатты.
Киіз үй Журналистер одағының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен тігілгенін айта кетейік. Облыстық «Маңғыстау Медиа» ЖШС және «Маңғыстау» телеарнасының жәдігерлері, өңір басылымдары мен архивтегі суреттерден көрме жасақталып, оны көпшілік қызыға тамшалады. – Биылдан бастап, Наурыз мейрамы ерекше тойланып жатыр. Осы орайда облыстың журналистері де бас алаңға киіз үйімізді тігіп, халыққа мерекелік көңіл күй сыйлауды жөн көрді. Тұрғындар облыстағы БАҚ жұмысымен танысып, киіз үйден дәм татуда, – деді Журналистер одағының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Гүлмира Әбішова.
Мереке күні теңіз жағасында суретшілер мен қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі де өтті. Шарада қолөнершілер киізден жасалған ұлттық киімдерін және ағаштан жасалған бұйымдарын көрсетті. Сонымен қатар көрмеге суретшілердің 70-ке жуық туындысы қойылды. Көрмедегі суреттерден Наурыз мерекесіне орай, арнайы альбом да жасақталды.
– Альбомға 35 суретшінің туындылары жинақталды. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды сурет өнері арқылы көрсету, – дейді Суретшілер одағы Маңғыстау облысы филиалының төрағасы Бақытжан Құлбаев.
Наурыз мерекесін тойлауға жиналған жұртшылық М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы мен Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры әртістерінің концертін қуана тамашалады. Мерекелік концертте Дана Құлманова, Асанәлі және Асқар Көшеровтер, Кәмшат Ізтілеуова, Бақтыгүл Оңғарова, Фариза Ретбайкызы, Бауыржан Ретбаев, Екпін Толқынхан, Нұржанат Бисебаева, Марат Станов, Гулфайруз Баспаева, Данияр Губайдуллин, Ақмарал Арғынкызы, Бауыржан Есқалиев, Мөлдір Жайлыбаева, Нұрдаулет Дүйжанов сынды әртістер өнер көрсетті.
– Құрметті қазақ елі! Баршаңызды келіп жеткен жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Барша әлем жаңарып, жайқала түскендей. Қазақ халқы осы күнді асыға күтіп, дәл осы мерекені одан әрмен думанға айналдыратыны бәрімізге мәлім. Мерекеде халқымыз үшін арнайы ән шашуымызды тарту еттік, – деді М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармонияның әншісі Асанәлі Көшеров.
– Бәрі өте керемет өтті. Барлығы да жақсы болғай. Өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мерекелік шараға домбырамды арқаға асып, арнайы қазақша киініп келдім. Салт-дәстүрімізді сақтайық! – деді қала тұрғыны Нұрзат Тілеубаев.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Маңғыстау облысы