Пейіл

Құлқынбек әр мереке келген сайын қу­тың­дап қалады. Оның мына қым-қуыт заманда ең жақсы көретіні мейрам күндері еді.

Соның ішінде ол үшін Наурыз мерекесінің орны ерекше. Құдай-ау, бұл күні не ішіп-же­мейді десеңші! Тамақ­тың қай түрі болсын, су тегін. Тек ұятыңды үйде ұмыт қалдырсаң болғаны. 

Қаладағы орталық алаңға шатыр, киіз үйлер тігілді деген жылы хабар естілісімен, Құлқынбек те құдалыққа баратын адам сияқты дайындала бастайды. Жыл бойы шифонердің ішінде шаң басып жатқан шапанын қағып-сілкиді. Түлкі тымағын, күн жылы болса түте-түтесі шыққан тақиясын  ілулі тұрған жерінен алып, оны да қаққансиды. Сосын белін белдікпен шарт байлап, қолына қамшысын ұстап үйінен шығады.

Қазақы киінген, өзі нарттай, көзі шоқтай, сөзі атылған оқтай қарияны көргендер қоғадай жапырылып, шетінен сәлем береді. Құлқынбек те қу ғой, таңдап жүріп, бәденді деген үйлерге ат шалдырады. 

– Келіңіз! Төрлетіңіз!

– Бізге Қызыр бабаның өзі келіпті ғой!

– Бәрекелді! Қария дегендер осындай болып қазақы киініп жүруі керек.

– Қариядан бата алып қалайық. 

– Құт келді деген осындай-ақ болар...

Алайда киіз үй қожайындары құт емес, жұттың нағыз өзі келгенін аңғармайды. Бұл күні жұрттың барлығы шат-шадыман, көңілді жүреді. Кімнің кім екенін былайғы жұрт қайдан біледі?  Үлкен ғой, қарт кісі ғой деп төріне оздырады. Шын мәнінде, Құлекеңнің қартайып бара жатқан да ештеңесі жоқ.  Алпысқа жетпей қауға сақал жіберіп, киімін түймелемей, алқа-салқасы шығып жүруді әдетке айналдырған. Оның үстіне бес гектар бетіндегі жырым-жырым жылғаларды көріп, «бұл шалдың шиырламаған жері қалмаған-ау» деп түйін жасайсың. Сонымен бірге өзінен-өзі түңіліп, белі бүгіліп жүретіні бар. Сіз қалада  жау қуғандай жаяу дедектеп, аласұрып келе жатқан адам көрсеңіз, Құлқынбек деп біле жүріңіз. Өйткені бұл азаматтың қаладағы барлық мейрамханаларда өтіп жатқан ас-жиындарға шақырылса да, шақырылмаса да салып ұрып бара беретін әдеті бар. Мұнысымен қоймай, әлгі мейрамханадан дорбалап ас-ауқат алып шығады. Мұнысын енді ар көрмейді. Соңғы кезде әйелін де ерте келіп, ас иесі таратқан пакетті місе тұтпай, қойнындағы  дорбаға  сыйғанынша сықайтып қалған-құтқанды салып әкететін әдет тапты. Бізде   «әруақтарға арнап дайындалған асты жесе тиеді» деген ұғым бар ғой. Сондықтан ас берушілер дастарқаннан пакеттеп, сөмкелеп алып кетіп бара жатқандарға назар аудармайды. Қайта Құран оқып жесе, тиеді деп қуанады.

Бүгін де Құлқынбек құлқын сәріден тұрып, таңғы тамағын талғап жеп, бәйбішесі қолына ұстатқан қос қабат пакетті қойнына тығып, орталық алаңға беттеді. Ол келгенде мұнда Наурыз тойы басталып та кеткен екен. Нөпір халықтан аяқ алып жүру қиын. Бұған сасатын Құлекең бе, жағалай тігілген киіз үйлерді аралай бастады. Есігінен сығалайды, тесігінен сығалайды, баяғы көл-көсір дастарқан көрінбейді. Бұл халық шеттерінен сараң болып кеткен бе, түге? О, несі-ей, жылына бір келетін ұлық мерекеден аянып? Әлде, нарық қыспағы бай-бағландардың өздерін тығырыққа тыққан ба? Жетім қыздың тойы да тап мұндай болмас. Құлекеңнің қаны басына шапты.

Бірақ айналасындағы көпшілік мәре-сәре. Біреулері алтыбақан теуіп жатыр. Мына  жерде жастар қол күрестіруде. Ана бұрышта балуан қой көтеріп, орнынан бір тұрып, бір отырады. Оны қоршап алғандар ысқырып, шулап маңайды азан-қазан етті. Бұған дала сахнасындағы әншінің дауысы да қосылып,  Құлекеңнің құтын қашырды.

Ол атшабар жақты бетке алды. Мұнда да қиқу. Киіз үйлердің маңайында қазан-ошақ көрінбейді. Көкке көлбей ұшатын түтін де таңсық дүниеге айналыпты. «Япырай, қандай күйге түскенбіз? Шайтандардың өзі мерекелерінде от шашып ойнайды деуші еді. Шайтан құрлы болмағанбыз ба? Тым құрыса бірер үйдің алдына самаурын қойып, келген-кеткенге шай берсе болмас па? Бұл жұрттың пейілі тарылды ғой, тарылды» деп Құрекең ақырзаманды ойлап келе жатты.

Шіркін, былтырғы Наурыз қандай болып еді? Құлекеңді  киіз үйдегілер құдасындай күтіп алып, дорбасын толтырып жіберген. Сол дорбамен келген азық-түлік кемпірі екеуіне бір айға молынан жетіп еді-ау.

Құлекең күрсінді. Өзі құрылыптас бірер шал-шауқанмен кезігіп еді, әңгімелері жараспады. Олардың да жүздері сынық көрінді. Биыл Наурыз мерекесі Рамазан айына дөп келгендіктен бұрынғыдай әр үйде қазан көтерілмейтін болыпты. Бірер жерде наурыз көже таратылып жатыр екен, мұны ол місе тұтпады. Оның үстіне бірінің үстіне бірі шығып кеткелі тұрғандардың арасынан көжеге жеткенше көні қататынын ойлап қамықты. Думанды ортаның ішінде дәтке қуат берерлік тырнақтай тиянақ таба алмаған ол үйіне қайтуды жөн санады.

Кемпірі  оны бұл жолы бұрынғыдай күле қарсы алмады. Тазыдан қашқан түлкідей үйіне зып берген шалын көріп, қабағы қарс жабылды.

– Сені біреу мейрамнан қуып жіберді ме? – деп  түйіле қарады.

Кемпіріне не жауап берерін білмей қыпылықтап отырғанда қалта телефоны шыр етті.

– Құлеке-ау! Қайда жоғалып кеттіңіз? Қала басшысы қарияларға арнап ауызашар бергелі жатыр дейді. Сізді іздеп таба алмай жүрмін. Бармайтын ба едіңіз? – дейді құрдасы Сапарәлі.

Ол апыл-ғұпыл киіне бастады. Кемпірі тағы килікті.

– Екі кештің арасында қайда бармақсың? Әлде мерекелеп жүріп келіншек тауып алғаннан саусың ба?

Сөзінің зілін қарасайшы? Қайдағыны көкіп.

– Ауызашарға. Қала әкімі қарттарға ауызашар беріп жатыр екен.

– Сен қақпас, ораза ұстап, ауыз бекітіп пе едің өзі?

Әншейінде кемпірінің аузын аштырмайтын Құлекеңнің сасқан жері осы болды.

Түкірігі шашырап, көздері шапыраштанып безіп барады.

«Рамазан-ай! Сенде келмейтін уақытта келеді екенсің» деп айлардың сұлтанына өкпе айтып барады. Жаратушының разылығын алу, ішкі дүниесін тазарту, біліп істеген, білмей істеген кінәларынан арылу қаперіне де кірер емес...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ