Жақсылық па бет бұру бақсылыққа?

Жуырда Алматыда «Қазақ бақсыларының тұңғыш құрылтайы» өтті. Бұрын-соңды халық мұндай құрылтайды көріп-білмегесін бұл іс-шара төңірегінде әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер қаулап берді.

Бірі адасқандық деп санаса, енді бірі көнеден келе жатқан ата дәстүрімізді жаңғырту, ұлттық болмысымыз деген пікірін жеткізді. Осы ретте бақсылық дегеніміз не, бақсы дегеніміз кім – осыған ой жүгіртіп көрелік. 

Мәдениеттанушы Бердалы Оспан өзінің парақшасында бақсылар туралы мынадай деректерді келтіреді: «XI ғасырда жазған Түркі сөздігінде Махмұт Қаш­қари бақсыны «қам» деп жазған. Бұл сөз әлі де қолданыста. Мысалы, «қамдану», «қамдау» тағы басқа М.Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Әлішер Науаиды аталары бақшы деп жазған. Сәбит Мұ­қанұлы­ның «Өмір мектебі» кітабында баба­ларының бақсы болғаны жазылған», – дейді. Иә, қазақ әдебиетінде бақсылар тура­лы аз жазылмады. Соның көш басында Ілияс Жансүгігіров пен Мағжан Жұма­баевтың шығармалары тұрады десек қате­леспейміз. 

Қазақ әдебиетіндегі бақсы образы

Күй атасы деп танылған Қорқытты кей деректерде бақсылардың пірі деп санайды. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Қор­қыттың әкесі қара бақсы аталған ғұлама адам болыпты. VI-VII ғасырлардағы оғыз-қып­шақ дәуірінде өмір сүрген Қара бақсы ал­дағыны болжап айта алатын, сана­сыздарға саналы ой салатын құдіретті, жалаң аяғымен шоқ басқан, ағын суды тоқтатқан, көкке ұшып, жерге түсе алатын ерек­ше қасиетке ие екен. Ежелгі жыр-аңыз­дарда бұл даңқты бақсының қырықтай қа­сиеті бар деп сипатталады. Академик Әл­кей Марғұлан Қара бақсыдан туған Қорқытты бақсылардың бабасы деп та­ниды. Қазақ фольклорының ірі жана­шы­ры Ә.Диваев жинағында Қорқыт туралы:

«Әуелі бақсы пірі Қорқыт ата,

Ті­­­­лей­мін ғафу ет деп кетсе қата.

Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң

Мойныма көп жамағат салған бата», – деген жыр жолдары кездеседі.

Қорқыттан кейінгі бақсылардың ірі өкі­ліне зерттеушілер Қойлыбайды жатқызады. Шоқан Уәлихановтың өзі Қойлыбай бақ­сыға үлкен баға беріп:

«Бағаналы Қойлыбай – барлық бақ­сының пірі, қорғаушысы, Қорқыттан кейін­гі ең биік бақсы осы» деген екен. Ел ара­сында осы ұлы бақсының құрметті есі­мімен бірге «Қойлыбайдың қобызы» деген тіркес сақталған. Қобызын бәйгеге қосқан бақсының қобызы 200 жүйрікпен бәйгеге түсіп, озып шыққан деседі. 

Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанында:

«Ертеде ел бар екен қалың Найман,

Қытайға қалың найман қанат жайған.

Қалың найман ішіндегі бағаналы

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан», – деп таныстырылады.

«Күй» атты поэмасында Ілияс Жансүгіров:

«Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,

Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.

Қазақта қобызшының қалғаны сол,

Жорға еді маймаңдаған бақайшағы», – бастап, бақсының күйін:

«Кейде күй талмаураған, талықсыған,

Кейде өжет, кейде долы, албыртсынған.

Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,

Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған», – деген жолдары арқылы бейнелейді.

Бұл поэманың басты кейіпкері Молық­бай Байсақұлы қобызшы, бақсы, ақын, жырау, композитор, кеңестік саяси қуғын-сүр­гін құрбаны болған жан екен. Өнер­паздық, ем­шілік қасиеттері әкесінен дары­ған Молықбай – жыр дүлдүлі Ілияс Жан­сү­­­­гіровтің кіндік әкесі делінеді. 1930 жылы «ха­лық жауы» деген жаламен тұтқын­да­лып, Алматы түрмесінде қайтыс болған. Аб­зал халқына киелі қара қобызы және ши­­пагерлік қасиеті арқылы қамқор болған­дықт­ан «қобызшы Молықбай» деп атанған.

1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол сапардан Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына 1929 жылы бастырып шығарады. 

Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэ­масында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуе­ніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қор­қыт – иісі түркі еліне ортақ болса, Мо­лықбай – қазақтың қобызшысы», – деп ар­дақ тұта бағалайды.

Ал Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк­бөрі­лер­дің көз жасы» романында Шыңғыс хан заманының ұлы бақсысы – әкелі-балалы Мұңлық және Көкше туралы баяндалады. Онда қаһарлы ханның Қазақ даласы мен Орталық Азияға жасаған сапарының жо­лын ашқан осы бақсылар деп жазылады. Рашид ад-Диннің жазбаларында «Жұрт бұларды «Төбе Тәңірі» деп атап кеткен. Бұ­лар Керей Он ханның адамдары екен. Әсі­ресе, Көкше бақсы Шыңғыс ханға: «Мен тәңірінің өзімен тілдесіп тұрамын. Көкке шығып жүре­мін… Сенің жорығың сәтті бола­ды, бо­лашақта дүниенің билей­сің!» деп сәуе­гейлік көр­сеткен. Кейін Тему­жин­нің даңқы асып, «…құрылтайда Менлік қарт­тың «жеті қоңқыт» аталған жеті ұлы­ның ортаншысы Кө­кеш Теп-Теңгір бақсы Тему­жин­ге «Шың­ғыс хан» деген атақ беріп, қо­лы­­­на тоғыз құйрықты ақ ту ұстатты. Шың­ғыс ханды ақ киізге салып хан көтеріп, ал­тын таққа отыр­ғызды», – деп суреттейді жазушы.

Бақсы деген кім?

Шоқан Уәлихановтың жазуынша, «Ұлы бақсылар барлық ауруды жаза алады, қарынды тіліп ота жасайды, әйелдердің аман-есен босануына болысып, ал­бас­тыларды рухымен сескендіреді, қуа­лайды, керемет ойындарымен өзінің рухын ша­қырып, бал ашады» екен. Шаман мәде­ниетіндегі бақсылық жайында ХVІІІ-ХІХ ға­сырларда П.Паллас, П.Рычков, Д.Бан­заров, Ш.Уәлиханов, Т.Карлейль, Г.По­та­нин, Ф.Поярков, Ә.Диваев, Б.Досым­бе­ков сынды ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүр­гізсе, Кеңес үкіметі заманында И.Че­канинский, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдар тұшымды еңбектер жазды. Бақсы – шағатай тілінің «бақшы» сөзінен шыққан делінсе, моңғол тарихын зерттеуші Б.Владимирцовтің пікірі бойынша, «бах­ши» сөзі моңғолдардан шыққан, ол сауатты, тә­лімгер дегенді білдіреді. Түрікмен, жар­тылай көшпелі өзбектер мен қарақалпақтар тілінде бахши сөзі «жырау», «ақын» деген ұғым­ды білдіреді. 

Бақсы тұлғасын терең зерттеген ға­лым В.Басилов бақсылықтың па­леолит дәуірінде пайда болғанын айтады. Ал Окладников, Формозов, Запорожский, Мар­ғұлан, Ақышев сияқты ғұламалар тара­пынан бақсылық неолит дәуірінің аяғында пайда болды деген ой алға тартылды. 

Бақсылық өнер адамдарының бойында да бар

Осы ретте біз жоғарыда айтқан «Бақ­сы­лар құрылтайын» ұйымдастырушылардың бірі Арман Нұрмұханбетовтен пікір сұраған едік.

«Бұл іс-шара қазақ бақсыларының құрыл­тайы деп аталса да тек бақсылар ғана емес, бойында табиғат дарытқан ерекше қасиеті бар жандарға арналды. Ал қасиет дегеніміз – бақсылықтан кеңірек құбылыс. Ол қасиет бақсылардан бөлек ақындар мен жырауларда, күйшілер мен әншілерде, батырлар мен хандарда да болған. Қасиет тек емшілікке ғана келіп тірелмейді, ол бар­лық салада көрініс табады. Ол тылсым күш. Бүгінгі заман бақсыларының түрлі әдіс­тері бар. Мәселен, табиғат апаттарына қарсы өзінің тылсым күштерін пайда­ла­нады. Өрт болған жерлерге жауын жаудыру, дауылды қайтару деген сынды. Сонымен қатар түрлі спорттық, өнер жарыстарында да бақсылар өздерінің киелері арқылы спорт­шыларымыз бен өнерпаздарымызға қол­дау көрсетеді», – дейді ол. 

Сонымен қатар Арман мырза кейбір өнер адамдарында да бақсылықтың нышаны кездесетінін жеткізді. 

«Бір ғана мысал, әнші Димаш Құдай­бергенді алайық. Оның бойында да осын­дай ерекше қасиет бар. Оған дау жоқ. Оның дауысын тыңдаған кейбір онкологиялық ауруы бар адамдар жазылып жатыр. Яғни, оның дауысында тылсым күш бар. Сол тыл­сым қонған дауысы арқылы кейбір нау­қас­тар емделіп жатыр», – дейді құрылтай ұйым­дастырушысы. 

Бақсылық тек қуалайды

Мақаламыз құрғақ ақпаратқа ғана құ­рылмас үшін Мәдет Расұлұлы атты бақ­сы­мен тілдескен едік. Ол өзінің бақсылық қа­сиеті атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келе жатқан қасиет екенін айтып өтті. 

«Менің арғы атам Тілеуберді аймағына Өгіз бақсы деген атымен танымал қасиетті адам болған. Өгіз бақсы атануының да та­ри­хы бар. Бала кезінде біраз бақсы жи­на­лып, киіз үйдің ішінде бір байдың сырқатқа шал­дыққан қызын емдеп жатыпты. Емдеу бары­сында кенет бақсылардың қасиеті жойы­лып кетеді. Сонда бақсылардың бірі бо­са­ғада отырған балаға қарап: «Әй, бала біз­дің қасиетімізді жоярлық сенің қандай қа­сиетің бар?» деп қалады. Сонда әлгі бала: «Сыр­қаттың үстінен өгіз көріп тұрмын. Рұқ­сат етсеңіздер, сол өгізді тұрғызып айдап ке­тейін» дейді. Осылайша, қолына қам­шы­сын алып аурудың үстіндегі көзіне көрінген өгізді қырқа асырып жіберген екен. Содан бастап атамды Өгіз бақсы деп атап кеткен екен», – дейді бақсы. 

Атадан балаға дарыған қасиет Мәдет бақ­сының әкесіне де қоныпты. Тіпті, рес­публикалық бақсылар байқауында жеңім­паз атаныпты. Бақсының айтуынша, әкесі баласынан ерекше қасиет байқап жо­лын жалғастыруды өтініпті. Сонда қар­сы­ласқан баласына әкесі: «Егер бұл жолды ұстанбасаң түбі сені мертіктіреді», – дейді. Осылайша, отыз жасынан жаңа асқан жігіт бақсылықты қолға алады. Түрлі ауруды емдеген бақсы алдына дәрігерлер қайран қыла алмаған жан­дардың да дертіне шипа бергенін айта­ды. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жат­қан бақсы алдына келгендердің тамырын ұстап, тіліне қарап-ақ сырқаттың диагно­зын тап басып айта қояды екен. 

 

ТҮЙІН:

Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Мәселен V ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты бақсы болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Жазушы Шыңғыс Айтматов «Құз басындағы аңшының зары» атты Мұхтар Шахановпен бірігіп жазған кітабында: «...Тарихшы Наршаһи «Бұқара тарихы» атты кітабында: «...Құтайба мешіттер орнатып, кәпірлік және отқа табынушылық рухтағы шығармаларды жойды» деп жазды. Иә, ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады. Ақырында діншілдер бақсылық өнерді қоғамнан аластатып, бойындағы ерекше қасиеті қысқан бақсылардың біразы бұ дүниедегі істер мен қызықтардан бас тартып, жұрттан оқшау жүрсе де рухани жетілуді мақсат еткен адамдар қатарына қосылып, күнкөріс үшін ел кезіп кеткеніне тарих куә. 

Мәдениеттанушы, ақын Ықылас Ожай: «...Біздің батырлар жырында көп кездесетін «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» мотиві дәл қазіргі біздің сана үшін хас батырды әсіре көтермелеу мен адақтау секілді қабылданары хақ. Оқиғаның осылай өрістеп жетуіне басты дәйек болған дүние адам рухының күші мен дәргейі ме дейміз. Ибраһим пайғамбар лаулаған отқа неге жанбады? Ендеше «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» ұғымы, әсіре сөз емес, адам рухының алапаты мен мүмкіндіктері. Біз өкінішке қарай, рухтың мұндай жойқын кереметтерін елімізге енген мына бір вахабизм індетінен кейін «бақсылық» пен «жын-пері» деген атаулардың айналасында ғана қарап, белінен сыздық та салдық. Жалпы, аруақ пен әулие феноменіне бір бойламайынша, кие мен тылсым ұғымдарының нарқына жету еш мүмкін емес», – деп толғайды. Сонымен бақсылық адасқандық па, бабалардан көш тартқан көне қасиет пе? Алдияр оқырман, сіз не дейсіз?

Наурызбек САРША